Қақаған қыста Екібастұз қаласының жылусыз қалғаны туралы ақпарат қоғамды дүр сілкіндіргені белгілі. Бүгінде бүкіл қазақстандықтар оларға көмек қолын созып жатыр. «AMANAT» партиясы да апат туралы хабар шыққан бойдан шұғыл жәрдемдесу шараларын қолға алды. Бұл туралы партия Төрағасы Ерлан Қошановтың өзі Facebook парақшасында жазды. «Екібастұздағы төтенше жағдай күллі қазақстандықтарды алаңдатуда. Қазір бұл мәселемен тиісті мемлекеттік органдар айналысып жатыр. Қаладағы ахуал Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Мәжіліс депутаттары да елмен бірге! Халыққа шұғыл көмек көрсету мақсатымен кеше «AMANAT» фракциясының депутаттары Екібастұз қаласына жолға шықты.
Кешке дейін зардап шеккен тұрғындарға партия тарапынан гуманитарлық көмек көрсетіледі. Әсіресе, жылы киімдер, көрпе-жастық және қазіргі уақытта ең қажетті жылытқыш құралдармен қамтамасыз етеді», – деп жариялады ол.Екібастұзға аттанған депутаттардың арасында Жанарбек Әшімжан да бар. Олар тұрғындармен жолығып, проблемаларын зерделеп, жергілікті әкімдікке қолдан келгенше көмек көрсетуге әзір. Депутаттар энергетикалық қауіпсіздік мәселесімен жергілікті жерде танысып, оны сақтау мәселесін республикалық деңгейде көтереді.
Екібастұздағы оқушылар онлайн режиміне көшті. Балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Емдеу мекемелеріндегі температуралық режим күні бойы 20-25ºС шегінде сақталып тұр. Қалада сенім телефоны жұмыс істейді. Азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру үшін қосымша 12 эвакуациялық пункт ашылды», – деді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан.Бүгінде Екібастұзда тұрғындарға көмек көрсету бойынша волонтерлер штабы жұмыс істеп жатыр. Ол Жастар бастамаларын дамыту орталығында орналасқан. «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Нияз Макраев мобильді бригадалар құрамындағы қоғам белсенділері үй-үйді аралап жүргенін хабарлады. Жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүгедектер, мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жиналуда. Осы жерде Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы Вера Ким де жұмыс істеп жатыр. 27 қарашада штаб қала тұрғындарына 50 жылытқыш үлестірді және апаттық бригадалардың жұмысшылары үшін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Волонтерлер штабы қазіргі уақытта коммуналдық қызмет жұмысшыларына жылытқыштар мен жылы аяқ киімдер қажет екенін айтты. 28 қараша күні сағат 13.00-де «AMANAT» партиясының облыстық филиалынан гуманитарлық көмек жіберілді. Сондай-ақ, Екібастұз қаласы Жастар бастамаларын дамыту орталығы базасында авариялық бригадаларға қолдау көрсетіліп, ыстық тамақ ұйымдастырылды. Еріктілер штабына жедел желі телефондары арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ, барлық ниет білдірушілер партияның филиалдары арқылы көмек көрсете алады. Волонтерлік штаб қазіргі уақытта жылытқыштарға, коммуналдық қызмет жұмыскерлеріне арналған жылы аяқ киімге (чеботтар) қажеттілік бар екенін атап өтті.