Қазір балалар бесіктен белі шықпай жатып гаджетпен ойнайтыны, видео қарап уақытын өткізетіні жасырын емес. Өйткені тілі шықпаған, аяғын баспаған балалардың өзі смартфон, планшетті оңай меңгеріп алған. Ал психолог, социолог, психиатр, медицина саласының мамандарының бұл құбылыс жөнінде ортақ тоқтамы жоқ. Әрі оның жеткіншектерге психологиялық, физикалық оң және кері әсері туралы пікірталас тоқтамаған. «Гаджеттегі ойынға балалар неге құмар, оның пайдасы мен зияны қандай?» деген сауал барлық ата-аналарды алаңдатады. Ендеше мәселеге үңіліп, мамандардың пікіріне құлақ түрсек. Жалпы, заманауи технологиядағы жаңашылдықтың адам психологиясы мен ағзасына залалы туралы тұжырым жиі айтылады. Дегенмен гаджетте ойын ойнаудың пайдалы тұстарының бар екенін алға тартатындар да жоқ емес. Олар әдетте балаларды қызықтыратын ойынның табиғатына үңілу жөн екенін айтады. Өйткені ойын – адам баласының дамуында өзіндік рөлі бар құбылыс. Ол қоғамға бейімделу, оның шарттары мен талаптарын тез игеру дағдысын қалыптастырады. Өмір сүруге қажетті дағды, машықты жас кезден бойға сіңіру – қиыншылықтарды еңсертудің әліппесі. Балалардың ересектер өміріне еліктеуі ойын арқылы жүзеге асады. Тас дәуіріндегі балалар да қуыршақ, талдан садақ жасап ойнап көргені дәлелденіп жатыр. Ендеше хай-тек төңкерісі заманында балаларды «өмірге бейімделу құралынан немесе әліпбиінен» ата-аналар бас тартқыза алмайтыны заңды тәрізді. Демек, гаджеттердегі ойындарға түбегейлі тыйым салу емес, мөлшермен ойнату маңызды болса керек. Өйткені ХХІ ғасыр баласын, тіпті адамзатты гаджетсіз елестету қиын. Әрі ол ұдайы дамып келе жатқандықтан, құралдардағы функцияларды меңгеру де ойынға қатысты болуы мүмкін. Әрнәрсе өз мөлшерімен Әрине, мамандар гаджеттің кез келген түрін шамадан тыс демалыссыз, ұзақ пайдалану жетіліп келе жатқан ағзаға зиянды екенін алға тартады. Дегенмен мөлшерінен асырмаса, гаджет ойындарының да бала дамуына оң ықпалы болуы мүмкін. Айталық, видео ойындарында қалыптасқан машық басқа да түрлі құрылғыларды, дрондар мен роботтарды, техникаларды басқаруда артықшылық беруі тиіс. Әрі бұл машық жұмыста, тұрмыста да өзінің артықшылығын байқататыны бар. Олардың бәрін санамалап шығу мүмкін емес. Мәселен, кейбір ойындарды ойнап өскен бала басқаларға қарағанда компьютерді әлдеқайда жақсы меңгеріп, мәтінді де жылдам теретін көрінеді. Жаңа бағдарламаларды, бұрын жұмыс істемеген интерфейстерді игеру жеңілірек болады. Айталық, қызметтерге ақша төлейтін терминалдың интерфейсі, болмаса үйде жаңа сатып алған соңғы үлгідегі теледидарды пайдалану, депозитіңіз тұрған банктің онлайн қызметімен жұмыс істеуде геймерлік тәжірибе ұдайы пайдасын тигізетінін айтатындар да бар. IT маман, блогер Аршат Ораз да осындай пікірді қолдайды.
«Гаджеттер балаға зиян деген түсінік бар. Әлбетте, не нәрсені болса да шамадан тыс пайдаланған кезде зиян екені анық. Заманауи гаджеттерді бір құрал ретінде қарастырған дұрыс. Яғни, баланың ой-өрісін дамытушы құрал ретінде», – дейді Аршат Ораз. IT маман қазіргі заманның талабы болғандықтан түрлі гаджеттер тұрмысымызға дендеп кіргенін алға тартады. «Одан қашып құтыла алмаймыз. Бала оны дұрыс пайдаланған жағдайда пайдалы құрал бола алады. ІТ тұрғысынан қарағанда баланың бұл салаға қызығушылығы гаджетті пайдалануынан басталады. Құрылғылардың жұмыс процесін, құрылымын, функцияларын ерте жастан тани бастайды. Одан бөлек қосымша сабақ құралы ретінде де қарауға болады. Математика есептерін шығару, тіл үйрену, кітаптан бөлек ақпарат алу тұрғысынан тамаша нәрсе. Бала кей ақпаратты визуал арқылы алады және түрлі интерактив ойындармен қабылдайды», – дейді Аршат Ораз.IT маман ата-аналар баланың гаджетті қалай және қанша уақыт пайдаланатынын қадағалайтын болса, зиянынан пайдасы көбірек болады деген пікірде. Ал Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, PhD доктор, психолог Балабек Сақтағанов бүгінгі таңда әлемді гаджетсіз елестету мүмкін емес, олар біздің нағыз көмекшіміз екенін алға тартады. Оның айтуынша, балалар ересектерден қалыспай, өркениеттің игілігін ерте бастан үйренеді.
«Кейбір ата-аналар баланың сыртқы әлемнен гөрі экранға көбірек қызығатынына қатты алаңдайды. Заманауи статистика әр оқушының 10 жасында өзінің гаджеті болатынын екенін көрсетеді, ал 4 жасар балалардың 25 пайызында жеке планшет немесе телефон болады. Балалар ересектер сияқты қолдарында электронды құрылғымен көп уақыт өткізеді», – дейді Балабек Кеніштайұлы.Психолог гаджеттерді шамадан тыс пайдалану баланың қол моторикасын үйлестіруге теріс әсер ететінін атап өтті. Ұсақ моторикасы «нақты» конструктор немесе мозаика ойындарының арқасында дамиды, ал компьютер тінтуірі мен сенсор экран қолды қажетті тактильді сезімдерден айырады және олардың қалыпты дамуына мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ офтальмологтердің пікірінше, мобильді құрылғылардың экранындағы кішкентай объектілерді жиі қарау алыстан көру қабілетіне залал келтіреді. Еңкейіп гаджетке не компьютерге үңілген балалардың омыртқасына зақым келеді, ол дұрыс дамымайды. Балабек Сақтағанов гаджеттер сәбидің сөйлеуінің дамуына да кері әсер ететінін атап өтті.
«Нәресте дүниеге келгеннен бастап артикуляциялық аппараты дыбыстарды айтуға дайын болады, тек белгілі бір шарттық дамуы ғана қалады. Бала өмірінің алғашқы үш жылында үйлесімді сөйлеу «басталады», сөйлеуге деген импульс ересек отбасы мүшелерінің көмегімен қоршаған әлемді тану арқылы келеді. Бала қарым-қатынас жасауға әрекет етіп, ата-аналар оған жауап беруге, айналасында болып жатқан барлық нәрселер мен әрекеттерді атауға, ән айтып, тақпақтарды үйренуге міндетті. Тікелей байланыстың орнына гаджеттерге «жабысу» сөйлеуді және когнитивті дамуды баяулатады, қарым-қатынасты қиындатады», – дейді сарапшы.Технологияны бала кезінен белсенді пайдаланған балаларға мәтінді тыңдау кезінде сөйлемдерді есте сақтау, сөздерді байланыстыру қиын. Олар мәтіннің мәнін жоғалта отырып, тек қысқа фразаларды түсінеді, бұл оқу кезінде қиындық тудыруы мүмкін. Шетелдік зерттеушілер не дейді? Дегенмен ойынқұмарлардың ұйқысы тыныш, сонымен қатар түсті де жақсы көреді екен. Өйткені ойын сюжеті бойынша түрлі виртуалды орталар олардың фантазиясын жақсы дамытатыны анықталған. Әлбетте, мұндай қорытынды жасағандар шетелдік зерттеушілер. Алайда психолог бұл тұжырымның кемшін тұстары барын, сондай-ақ гаджеттердің бала психикасына кері әсеріне тоқтала кетті.
«Гаджеттер бізді интеллектуалды түрде дамытатынына қарамастан, олар әдетте біздің ойлауымыз бен қабылдауымызға теріс әсер етеді. Олар жарқын суреттерге реакция ретінде күшті эмоцияларды тудырады, көру мен естуді шамадан тыс қанықтырады, бірақ оның орнына қажетті тактильді сезімдерді қамтамасыз етпейді. Бала қиялдай алмайды, өйткені оған дайын ойын форматы ұсынылған. Ойыншы көп күш жұмсамай-ақ оң эмоцияларды алды. Шынайы өмірде бұл эмоцияларды алу үшін көп жұмыс істеу керек: өзіңізге ұнайтын ойыншықты таңдаңыз, оны қалай өңдеу керектігін түсініңіз, сізді серіктес болу үшін біреуді шақырыңыз. Осылайша, сыртқы әлеммен қарым-қатынас үшін ынталандыру жоғалады», – дейді психолог.Видео ойындар ойнап отырған ойыншының миында жаңа мыңдаған нейрон құрылады. «Шутер» ойынын ойнайтындар төтенше жағдайда басқаларға қарағанда 25 пайыз жедел шешім қабылдайды. Мұны Рочестер университетінің зерттеушілері анықтаған. Ал көлік жарысын ойнаған бір топ 60-85 жастағы қарттар арасында жүргізілген тәжірибеде олардың өз әрекетін алдын ала ойластыру, айналасындағы объектілерді есте сақтау қабілеті жақсарып, бұрынғысынан байқампаз болып шыққан. Тәжірибеге қатысушылардың айналадағы түстерді қабылдау қабілеті де артқан. Содан да болар зерттеушілер «Геймерлерде контрастілік көру қабілеті жақсарады» деген қорытынды жасалған.
Психолог Балабек Сақтағанов бұл тұжырымды қолдамайды. Оның пікірінше, атыс ойындары балалардың шынайы өмірді қабылдауын бұрмалайды. Сөйтіп, ойынды шынайы өмірден ажырату қиындай түсетін болса керек. «Компьютер кейіпкерлерінің мінез-құлық үлгісін қабылдайды, мұнда жаман істер мен кісі өлтіру үшін жауапкершілік жүктелмейді. Компьютер ойындарында нәтижеге жету үшін күш жұмсаудың түсіндірмесі жоқ. Күнделікті өмірдегі нақты мәселелерден виртуалды мәселелерге ғана үйренген бала депрессияға, күйзеліске, ашушаңдыққа бейім болады», – деді ол.Психолог технологияны бала қалай қауіпсіз пайдалана алатынын тоқталды. Оның айтуынша, дәрігерлер, психологтар мен педагогтер мұндай құрылғылармен уақыт өткізудің қауіпсіз екеніндігін мойындайды. Бірақ бұл үшін кейбір ережелерді мұқият сақтау керек. Сарапшының ойынша, 2 жасқа дейін балалар гаджеттерді мүлде пайдаланбағаны дұрыс. 3 жастан 4 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің қолына гаджеттерді күніне жарты сағат қана ұстату керек. Ал 5-6 жаста бала күніне 1 сағатқа дейін гаджет пайдалануына болады. Сонымен бірге 7-9 жас аралығындағы бала күніне 1,5 сағат, 10-13 жаста 2 сағат, 14 пен 16 жас аралығында гаджеттерді 3 сағат қана пайдалануға болатынын айтады психолог. Алайда шын өмірде жағдайдың мүлдем басқаша екені баршаға мәлім жайт. Демек, шетелдік ғалымдар ойынқұмарлық жайлы тектен-текке зерттеу жасап жатпаса керек. Шамасы, олар гаджет ойындарының астарынан адам дамуына азды-көпті пайда іздейтінге ұқсайды. Сондықтан бәрібір гаджеттен бас алмайтын баланы өмірге баулу үшін сол ойындардың де ерекшелігін білген жөн шығар.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ