Астана қаласына қарасты Сарыарқа ауданы уақыт өткен сайын көркейіп келеді. Ауданда жалпы 994 көппәтерлі үй және оларға қарасты 587 аула бар. Жыл сайын 40-қа жуық аула толықтай жөнделіп, 80-ге жуық аулада қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Толықтай жөндеу жұмыстары республикалық «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында және тұрғындардың өтініштері негізінде жүргізіледі.
Республикалық «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы алғаш рет осы Сарыарқа ауданында басталған. Жылдан-жылға тұрғындар арасында бағдарламаға қызығушылық артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 45 жоба, 2022 жылы 71 жоба бойынша тұрғындардан өтініш келіп түскен. Жалпы, Сарыарқа ауданының аумағында соңғы 3 жылда 125 аула, 32 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Биыл ауданда 23 аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылды. Бұдан бөлек, 22 аула және 8 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.
Белсенді азаматтар мектебі
«Белсенді азаматтар мектебі» жобасы аясында елорда тұрғындары өз идеясы мен ұсынысын білдіре отырып, аула аумағын абаттандыруға, аудандарды жарықтандыруға және көгалдандыруға тікелей араласа алады. Енді бұл шараға мектеп оқушылары да қатысады. «Белсенді азаматтар мектебі» жобасының арқасында алдағы уақытта аудандарды абаттандыру бойынша жобаларды балалар әзірлейді. Бұл туралы Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов мәлімдеді.
– Абаттандыруда жаңа тәсілдер енгізіп жатырмыз. Қазір «Белсенді азаматтар мектебі» жобасы іске асырылуда. Бағдарламаның басты идеясы – абаттандыруды тұрғындар өздері жасайтын болады. Біз өз идеяларын еркін ұсынатын, өз ойын қорғап, оның маңыздылығын дәлелдей алатын және оны іске асыруға дайын қатысушыларды қолдаймыз, – деді Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов.
Аудан басшысының айтуынша, 9-10-сынып оқушылары арасында «Белсенді азаматтар мектебі» жобасы іске қосылды. Енді жасөспірімдер өз ауданын жақсартуға тікелей қатыса алады. Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына негізделген. Бағдарлама аясындағы сабақтар екі бөлікке бөлінген. Жобаларды егжей-тегжейлі әзірлеуге кіріспес бұрын, оқушыларға абаттандыру, қаржыландыру процесі қалай құрылғаны және өз жоспарын дайындау үшін не қажет екендігі туралы айтылды. Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар өздерінің тұжырымдамаларының схемаларын жасай бастады. Кейін жоспарлар комиссияның қарауына жіберіледі. Онлайн дауыс беруде жеңіске жету және Сарыарқа ауданының аумағында жобаның ісе асырылуы балалар жұмысының соңғы кезеңіне жатады. Сондай-ақ балалардың жұмыстары ауданның басқа тұрғындарының жобаларымен қатар дауысқа салынатын болады. Қазір бағдарламаға 90 шақты оқушы қатысуда.
Мәселелершешілді
Биыл ауданда тұрғындар тарапынан қойылатын ең маңызды мәселелер шешілді. Айталық, алаңы 6,5 мың шаршы метр болатын Қайнар және Құсмұрын көшелерінің қиылысында орналасқан сквер абаттандырылды.
Алаңның жартысынан астамына қарағаш, жөке, қарағай, шырша, алмұрт, шетен ағаштары отырғызылған. Кеңістік төрт аймаққа бөлінген: балалар ойын алаңдары, воркаут және демалу аймағы, сондай-ақ іс-шараларға арналған аймақ. Сонымен қатар үстел теннисі мен шахмат ойнауға арналған үстелдер, балалар алаңында инклюзивті шағын архитектуралық формалар бар. Жаңа алаң заманауи жергілікті суару жүйесімен, жарықтандырудың жаңа үлгісімен және бейнебақылау камераларымен жабдықталған.
Сондай-ақ ауданның тұрғын алаптарында жоғары жылдамдықты интернет тартылып жатыр. Қазірдің өзінде «Көктал-2»-де алғашқы абоненттер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Тұрғын алапта талшықты-оптикалық байланыс желілерін өткізгенге дейінгі желінің орташа жылдамдығы 10 Мбит/с-қа жететін. Енді тарифке байланысты тұрғындарға 50-ден 500 Мбит/с-қа дейінгі жылдамдықпен интернет қолжетімді.
Соңғы 8 жылда өзекті болып қалған жүйелі мәселені шешу GPON (Gigabit Passive Optical Network) заманауи технологиясының арқасында мүмкін болды. Бұл технология FTTH (fiber to the home) әдісімен қосылады. Әдістің оптикалық кабель әр абоненттің үйіне қосылуымен ерекшеленді. Өз кезегінде оптикалық кабельдер 500 Мбит/с дейін тұрақты жоғары интернет жылдамдығын қамтамасыз етеді.
– «Көктал-2»-де 25 шақырым оптикалық кабель тартылды. Тұрғын алапта талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнату аяқталды. Келесі жылдың наурыз-сәуір айларында жоғары жылдамдықты интернет «Агроқалашық» пен «Көктал-1» тұрғындары үшін де қолжетімді болады. Осылайша, Сарыарқа тұрғын алаптарында әлсіз Интернеттің көпжылдық мәселесіне нүкте қоямыз, – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Ағаш отырғызу телімі «Көктал» тұрғын алабынан 5 шақырым жерде орналасқан. Телім 1965 жылы негізделгеннен бері бұл жақта ауызсуы мен кәріз жүйесі болмаған. Қазір ағаш отырғызу телімінің 350 тұрғыны аптасына 2-3 рет «Астана Су Арнасының» арнайы техникасы жеткізетін суды пайдаланып отыр.
– Тарихы ұзақ бұл мәселеге келесі жылы нүкте қоямыз. Тұрғындар жобаның мақұлданғанын, құжаттардың дайын болғанын, конкурстың өткізілгенін және схемалардың бекітілгенін жылдар бойы күтті. Қала басшылығының тапсырмасы бойынша тиісті қаржы бөлінді. 2023 жылы аймақты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз, – деді аудан әкімі.
Қазір тұрғын телімін су, кәріз және электр энергиясының желілерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Әр коммуникацияның ұзындығы жоба бойынша 3 шақырымнан асатын болады. Әр желі осы тұрғын алапта 60 жыл бойы өзекті болған сұрақтарды шешпек. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Жұмыс басталғалы 3 айда сыйымдылығы 200 текше метр болатын су резервуарлары орнатылды. Кәріз сақиналарын монтаждау және құбырларын салу, сумен жабдықтау және су бұру үшін құдықтар орнату жұмыстары 80 пайыз аяқталды. Енді жаңа коммуникацияларды орталық коллекторға қосу жұмыстары басталды.
Көгілдір отынға көшуде
Ауданда көгілдір отынға көшу жалғасуда. Жыл басынан бері газға қосылған абоненттер саны 2,7 есеге ұлғайды. Осылайша, ауданның 3 499 нысаны газға қосылды. Тағы 89 нысанды қосу үшін техникалық шарттар берілді. Аудан әкімдігі 5 141 абонентті газдандыруды жоспарлап отыр.
Ауданның тұрғын алаптарында жеке және көппәтерлі үйлер ғана емес, әлеуметтік нысандар да газдандырылуда. Осы жылдың күзінен бастап №19 және №68 мектептер, №85 бөбекжай-балабақшасы, Шейх Кунта Қажы мешіті және «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы газбен жылытылуда. Жалпы, жоспарланған 16 әлеуметтік нысанның 10-ы газдандырылды. Нысандардың басым бөлігі балабақшалар мен мектептер. Газға қосылу үшін қала әкімдігі бірқатар жеңілдік қарастырды. Мысалы, әлеуметтік көмек мөлшері 90 АЕК-тен 130 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Енді кейбір абоненттер үйді газға қосу кезінде жұмсалған қаражаттың 413 400 теңгеге дейінгі сомасын қайтара алады. Егер 2021 жылы 77 адамға әлеуметтік көмек көрсетілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есеге көбейді. Сонымен қатар Halyk Bank газға қосылу үшін пайызсыз несие беруде. Экологиялық таза отынға көшуді жеделдету үшін қажетті құжаттар саны екі есеге қысқарды.
Айта кету керек, келесі жылы елорданың басты даңғылдарының бірінде жаңа коммуналдық базар іске қосылып, көлік айрығының құрылысы аяқталады.
«СТО Мастеров» базарының орнына заманауи коммуналдық базардың құрылысы басталды. Инвестордың арқасында жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа орындар да ашылады.
Аудан әкімі ірі жобаларды салу кезінде қала тұрғындарының пікірі ескерілетінін айтты. Мысалы, жергілікті тұрғындармен кездесуден кейін құрылыс жоспарына жаңа сквер мен иттерді серуендетуге арналған алаңды абаттандыру енгізілді.
– Тілендиев–Бейсекова қиылысында жолайрығын салу 3 жылдан бері жоспарланып келеді. Биыл бюджеттен бұл жоба қолдау тапты. Биыл инженерлік желілер, ал келесі жылы жолайрығының құрылысы басталады, – деді Жүсіп Жұмағұлов.
Осылайша, Астананың оң жағалауында орналасқан Сарыарқа ауданындағы тұрғындардың мәселелері шешіліп, аудан күннен-күнге көркейіп келеді.