Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы көп істен басшылардың немкеттілігі байқалады. Осыдан ба, әйтеуір аудандағы қай саланы алып қарасаңыз да, бауы табылмағанымен, байлауы келіспеген шаруа жеткілікті. Бұған сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар аудандарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті ұйымдастырған кезекті сапарда көз жеткізіп қайттық. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінің тұрғындары ширек ғасырдан бері сапалы ауызсуды тұтынуды армандап келеді. Кентті көгілдір отынмен қамту мәселесі де дәл осындай күйге түскен. Алматыдан Талдықорған өңіріне тартылған газ құбыры ауданның аумағымен өткенімен, оған басқа елді мекендерді айтпағанда, аудан орталығының өзі әлі қосыла алмай отыр. Бұл жергілікті биліктің кемшіліктерге көз жұма қарап, мердігерлердің өз ісіне жүрдім-бардым қарауын аңғартса керек. Есесіне қыруар қаржы бөлінсе де, кербұлақтықтар оның игілігін көре алмай жүр. Қызығы, аудандағы суға қатысты барлық тендерді ұтып алатын бір ғана «жолы болғыш» мердігер бар. Тіпті, жұмысынан жыл сайын мін табылып жатса да, бұл мердігер тендерлерде жиі жеңімпаз деп танылады. Сарыөзек кентін ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген 929 миллион теңгенің тендерін де сол баяғы «Көлсайстрой» ЖШС ұтып алыпты. Құрылыс жұмыстары биыл тамызда аяқталуы керек болған. Одан бері бірнеше ай өтсе де, ешқандай нәтиже жоқ. Осыған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тарапынан облыстық әкімдікке тиісті шаралар қолдану туралы хат та жөнелтті. Осыдан кейін ғана барып, іс ілгері басып, халыққа ауызсу берілді. Шоқан Уәлихановтың музейі орналасқан Шанханай ауылында да дәл осындай жағдай. Елді мекенді ауызсумен қамтуға 255,9 миллион теңге бөлініп, игерілген. Алайда 2019 жылы ғана іске қосылған су құбырында содан бері 12 апатты жағдай тіркеліп, ақыры ауыл ауызсусыз қалған. Кейіннен мердігердің жоба жасау кезінде қарапайым қателіктерге жол берілгені анықталыпты. Аудан аумағындағы жерасты суларының орналасу ерекшелігі ескерілмеген. Содан барып жерасты суларының деңгейі күрт төмендеп кетіп, ұңғымалардағы сораптар су жинақтайтын мұнараға су жеткізе алмай қалыпты. Ал бюджеттен миллиондаған қаржы қарастырылып тұрғызылған мұнара қазір бақшаға қойылған қарақшының кебін киіп тұр. Орталықтандырылған су құбырынан қайыр болмаған соң кербұлақтықтар бұлақтың суын тазалап, тұндырып ішіп отыр.
– Сапалы ауызсу ішеміз бе деген қуанышымыз ұзаққа созылмады. Су мұнарасының пайдасын көрмедік. Жұмысы басталған бойдан тоқтап қалды. Қазір сырттай «ескерткіш» дейміз. Қазынадан миллиондаған қаржы қарастырылып тұрғызылған жобаның сиқы – осы. Айналып келгенде қарапайым тұрғындар зардап шегіп отыр. Жауапсыздықта да шек болуы керек қой. Әй, мынандай пиғылмен, жауапсыздықпен түбі оңбаймыз, – дейді шанханайлықтардың мұңын жеткізген ауыл тұрғыны Руслан Анарханов.Бұл фактіні облыс әкімдігінің Тұрғын үй шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Бәзіл де жоққа шығара алмайды. Тұрғындардың әзірге бұлақ суын ішіп, күнелтіп жүргенін жасырмайды. Көктем мен күзде су тасып, бұлақ суы лайланғанда тұрғындардың біраз қиындық көретінін мойындады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегеновтің айтуынша, аудан әкімдігінің салғырттығы мен мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан қазынаның миллиондаған қаржысы жұмсалған жобалардың игілігін жұрт әлі күнге көре алмай жүр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай тиісті жұмыстар жүргізуде көптеген олқылық анықталды. Қазір осындай жағдайлардың барлығына жемқорлықтың ықпалының бар-жоғы тексеріліп жатыр екен. Өкінішке қарай, сол тұста ауданды басқарған, өңірді сумен, газбен қамту ісіне жауапты болғандардың көбі қазір бұл ауданда жұмыс істемейді. Бірінің қызметі өскен, енді бірі өзге өңірге қоныс аударған. Бірақ жемқорлық фактісі анықталып жатса, кімнің қайда жүргеніне қарамастан заң алдында жауап беруіне тура келеді.
Қазір аудандық әкімдік жобалау кезінде ескерілмей қалған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша қосымша жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл мемлекеттік қазынадан қосымша қаржы бөлуді қажет етеді. «Сарыөзектегі және Шанханайдағы жағдайда тапсырыс берушілер кемшіліктерге дер кезінде назар аудармаған, нысандарды пайдалануға қабылдауда жауапсыздық танытқан. Бүгінде аталған екі жобаға қатысты жемқорлық тәуекелдерінің болу-болмауы тексеріліп жатыр», – дейді Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мақсат Мырзаханұлы.Аудандағы тағы бір өзекті мәселе газдандыру екенін жоғарыда атап өттік. Өзге елді мекендерді былай қойғанда, аудан орталығы Сарыөзек кентінде 2020 жылы пайдалануға берілген газ тарату жүйесіне әлі күнге бірде-бір абоненттің қосылмауы да күдікті ойға жетелейді. DAUR Capital ЖШС атты «жолы болғыш» мердігердің құрылыс-құрастыру жұмыстарын сапасыз жүргізуінен және желінің дұрыс тартылмауынан тұрғындар бас-аяғы 1,8 миллиард теңге жұмсалған жобаның игілігін көре алмай жүр. Бұл жағдайға да шұғыл назар аударған Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті нақты шараларды қолға алыпты. Соның нәтижесінде мердігер ұйым жіберген кемшіліктерін түзетуге кірісіп, «Жыл соңына дейін бәрін ретке келтіреміз, тұрғындар жаңа жылды көгілдір отынмен қарсы алады» деп уәдесін берді. Жылдың аяқталуына дейін бір ай ғана қалды. Үш жыл бойы жырлап келе жатқан күрделі жағдайдың шешімі бір айда табыла қалар дегенге сенім аз. Дегенмен жауапсыз мердігерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресушілердің пәрменінен ығатындай. Бұл орайда Мақсат Жебегенов басқаратын департамент алдына бюджеттің әр теңгесін өз мақсатында жұмсалуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдердің алдын алып, тұрғындардың әлеуметтік әділдікке деген сенімін арттыруды мақсат етіп отыр.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы