Құбырлар неге жиі жарылады?
Құбырлар неге жиі жарылады?
662
оқылды
Алматы қаласының тұрғын­дарын мезі еткен мәселелердің қатарына жылу құбырларының тозуы да қо­сылды. Соңғы жыл­дары қаладағы жылу құбырлары жиі «сыр» беретінді шығарды. Әсі­­ресе, қыстың көзі қырау­да апат­тың жиілеуі тұрғын­дардың шамы­на тиді. Бұл мәселені қа­ланы жылумен қамтуға жауапты меке­ме құбырдың тозуымен байла­ныс­тырады. Ал әкімдік ескі құ­быр­ларды өгізаяңмен ауыс­тырып әлек болып жүр. Ресми орындардың бізге берген мәлі­меті бойынша, мегаполистегі орталық­тандырылған жылу жылу желілерінің ұзын­дығы 1352,33 шықырымды құрайды. Оның 60 пайызы немесе 811,5 шақырымы 25 жылдық пайдалану мерзімінен әлде­қашан асып кеткен. Тіпті, тартылғанына 40 жылға тақап қалған құбырлар да бар. Осыдан барып тұрғындар күн суытқанда жылусыз қалатын күйге түскен. Тексерістен өтсе де жарылды Қаланың жылу жүйесіне тікелей жауап­ты «Алматы жылу желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарының ай­туын­ша, жыл сайын жылу берілерден бұ­рын барлық желі мұқият тексеріліп, ар­найы бақылаудан өтетін көрінеді. Айту­ларынша, биыл да желінің өн бойы қысқа сақадай сай болған.
 «Жыл сайын «Алматы жылу желілері» кәсіпорны жылу беру науқанында барлық жылу желісін қыстық маусымға дайындау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізеді. 2022 жылы да барлық жылу желілері ги­драв­ликалық сынақтан және жөндеуден өтті», – деп жауап берді аталған мекеменің баспасөз қызметі.
Осы жауапқа сенгіміз келгенімен, өкінішке қарай іс жүзінде бәрі мекеме мамандары айтқандай жақсы болмай тұр. Қыс қаһарына міне қоймай тұрып-ақ қаланың жылу желілерінде үш апаттық жағдай болды. Биылғы 20 наурызда кешкі сағат 20.00 шамасында Саин мен Ұлықбек көшелерінің қиылысында жылу құбыры жарылып, маңайындағы жүздеген көпқабатты үй бірнеше күн қатарынан ыстық сусыз және жылусыз қалды. Сол кезде де жауапты ме­кеме барлық желінің алдын ала тексеруден өткенін айтып, барлығына сәтсіздікті кінәлаған. Оған қоса, құбырды пайдалану мерзімі де өтіп кеткен.
 «Диаметрі 700 мм құбыр жарылды. Апатқа құбырдың тозуы себеп болған. Ол 1989 жылы пайдалануға берілген. Мұндай құбыр 25 жылға ғана жарамды. Алайда оны 33 жыл бойы пайдаланып келген Жылу аралық кезеңдегі жылу желілерін гидрав­ликалық сынау кезінде бұл құбыр барлық бақылау сынақтарынан сәтті өтті және қолдануға жарамды деп танылды. Бірақ сәтсіздік болды», – деп жауап берді «Алма­ты жылу желілері» ЖШС өкілі Ян Гирин.
Ол жылу маусымы басталар-бастал­мастан, яғни 10 қараша күні қаладағы Гоголь мен Шәріпов көшелерінің қиылы­сында тағы да құбыр жарылып, тұтастай бір аудан халқы қарашаның қара суығында дірдек қағып қалғаны бар. Бұл жолы тек қана тұрғындар емес, сол маңайда орнал­асқан мектеп пен аурухана сынды бір­неше әлеуметтік нысан жылудан уақытша ажыратылды. Нақтырақ айтар болсақ, 67 көп­пәтерлі және 2 жеке үй, 6 білім беру ны­саны және 20-дан астам басқа нысан жылусыз қалды. Бұл жердегі жылу желісінің де тартыл­ғанына 40 жылға жуық уақыт болған екен. Диаметрі 400 мм ескі құбыр артық қысымға шыдамай, жарылған. Жалпы, осы аумақта соңғы екі жылда жылу құбырының жары­луы бойынша 18 оқиға тіркеліпті. Құбырлар қашан жаңарады? Жауапты мекеме апаттың тым жиілеп кетуінің негізгі себебі ретінде жылу жүре­тін құбырлардың тозығы жеткендігін алға тартады. Бұл тұрғыда қалалық әкімдік тара­пы­нан қолға алынған шаралар жайын­да білмек болып, жауапты орынға бірнеше сауал жолдағанбыз. Олардың берген жауабында мегаполистегі жылу құбыр­ларын жаңарту жұмыстары осыдан 16 жыл бұрын басталғаны айтылады. Бірақ сол аралықта атқарылған жұмыстың көлемі тым мардымсыз. Жауапты мекеме берген мәліметке сүйенсек, қалада 2006 жылдан бастап шамамен 200 шақырым жылу желісі ауыс­тырылған екен. Соңғы бес жылдың ішінде 30,3 шақырым жылу желісі жаңартылыпты. Бір қызығы, жауапты мекеме қаладағы пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, тозығы жеткен 811,5 шақырым жылу құбы­рын толықтай жаңарту туралы жақ аш­пайды. Есесіне, «Алматы жылу желілері» ЖШС-інің жылу құбырларын жаңарту ту­ралы берген мәліметін қарапайым мате­матика­лық есептеуге салып көрсек, аттай 16 жылда тот басып тозығы жеткен жылу желісінің 25 пайызы да жаңарып үлгер­мегенін байқау қиын емес. Бұл жауапты мекеменің жайбасарлығы мен қала атқамінерлерінің тұрғындар ал­дындағы жауапкершілікке жүрдім-бардым қарағанын көрсетеді. Оның үстіне, жылда осылай апаттан соң жамап-жасқап жүруге жауаптылардың еті өліп кеткендей. Әкімдерге «мұра» боп қалған мәселе Келгеніне жыл тола қоймаған Ерболат Досаевтың өзі мен командасына дәл осы мәселе мегаполисті әр жылдары тізгіндеген алдындағы әріптестерінен «мұра» ретінде қалып келеді. Айтпақшы, бұрынғы әкімдер демекші, Алматыны аттай алты жылдан аса басқар­ған Ахметжан Есімов дәл осы мәселені шешудің жолын таптым деп жарияға жар салғаны бар. Экс-әкім ескірген құбырларды жүз пайыз жаңарту мақсатында бірнеше инвестор тартқанын айтып, мәселеден мезі болған мегаполис халқын мәз қылған. Алайда алматылықтарды қуантқан жаңа­лық­тың аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Ол туралы сол кездің өзінде қала тұрғын­дары арагідік түрлі кездесулерде әкімнің өзіне айтып та, сұрап та жүрді. Қанша айтылғанымен, әкімнің уәдесінде тұра алмағанын, ондай кейінгілердің де жылу­мен қамту ісінде жарытып тірлік жасамаға­нын қазіргі жағдай көрсетіп отыр. Сәйкесінше, бұл бір мәселенің түйінін тарқату – қала әкімдігінің алдында тұрған үлкен міндеті. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да жақында Алматыға жасаған жұмыс сапары кезінде де тоқталып өткен. Президент қала халқымен кездесуі кезінде көшелердегі кептеліс, қаланы қара түтінге көмген эко­логия­лық жағдаймен қатар, тозған комму­налдық жүйені де қалпына келтіруді қала басшылығымен Үкіметке бірлесе шешуді қатаң тапсырған болатын. Қала тұрғындарының қалауы мен тала­бы­нан туған Президент тапсырмасы қан­ша­лықты жылдам әрі сапалы орын­дала­тын­дығы ендігі жерде қала басшылығының іскерлігіне тікелей байланысты.

Алматы қаласы