Жанқалтаға жасыруға жол берілмейді
Жанқалтаға жасыруға жол берілмейді
© коллаж: Елдар Қаба
530
оқылды
Елімізде 2023 жылда табысты жаппай декларациялаудың екінші кезеңі басталады. Бұл аса маңызды кезең: онда квазимемлекеттік сек­тор өкілдері, ұлттық компаниялар мен холдингтердің лауазымды тұл­ғалары мен қызметкерлері және ола­р­дың жұбайлары жиған-тергенін жария­лайды. Дегенмен сарапшылар құ­зырлы органдар салықтан жал­тарудың, қаржыны шетелге жылыс­татудың түрлі схемаларына назар аударғаны жөн екенін айтады. Себебі Қазақстанда оффшорларға маман­данған қаржы кеңесшілерінің қыз­метіне сұраныс артып барады. Жалпы, келесі жылдан бастап, барлық қазақстандық жаппай декларация тапсыра бастауы тиіс еді. Бірақ бұл науқанды іске асыру үнемі кейінге ысырылып келді. Про­цесті жеделдетуге үш рет жүргізілген мүлік және капитал амнистиясы да жәрдем­деспеді. Шенеуніктер, олигархтар бар жиғанын шетел асыруын доғаратын емес. Ал Қазақстан бұл істе кері шегіне ал­майды. Қаржы министрлігінің Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалар кірісін әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау басқармасының бас сарап­шысы Гүлден Хасенованың түсіндіруінше, былтыр, 2021 жылдың 1 қаңтарында дек­ларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары тапсыруға кірісті. Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі қиындықсыз өткен. Өйткені шенеуніктер және олардың өмірлік серік­тері – азаматтардың неғұрлым дайындалған санаты саналады: олардың 99,7%-ы онсыз да салық есептілігін электронды түрде ұсынады. Тұтастай алғанда, бірінші кезеңге қатысушылардың саны шамамен 480 мың адамды құрады. Мамандардың байламынша, жалпыға бірдей декларациялаудың бірнеше игілігі бар: біріншіден, салық жүйесін жаңғыртуға ықпал етеді, яғни салық салынатын база ұлғаяды. Екіншіден, бұл – халықтың салық төлеу мәдениетін дамытудың жаңа кезеңі ретінде бағаланады. Әйтпесе, қоғамдағы сәнге еріп, азын-аулақ қаржыға әлдебір ак­циялар сатып алған, алайда сол құнды қағазы титтей табыс әкелсе, салық деклара­ция­сын тапсыруға міндетті екенін біл­мейтін азаматтар жетерлік. Үшіншіден, соның негізінде жүр­гізілетін салықтық және басқа да бақылау жүйесі көлеңкелі экономикаға, сыбайлас жемқорлық көріністеріне, заңсыз қар­жыны тазалауға, лаңкестікті және қылмыс әлемін қаржыландыруға тосқауыл қоюға септеседі. Басқаны айтпағанның өзінде, жасырын мүлкі мен дәулетін туыстарының атына жазатындар әлі де көп. Төртіншіден, қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы артады. Құқық қорғау органдарының дерегінше, азды-кем қаржысына қызығып, жеке құжатын бөгденің фирмасын ашуға беретін адамдар бар. Ал жаппай декларациялау барлық санатты қамтығанда олар да елде не ше­телде өз атына жазылған активтерді ашып көрсетуге мәжбүр болады. Сондықтан мемлекет үкіметтік емес ұйымдарды тартып, жалпыға бірдей дек­ларациялауды енгізудің мән-маңызын, мәнісін түсіндіру жұмыстарын қолға алып жатыр. 9 млн адам неге декларациядан босатылды? Жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алдымен, мемлекеттік қызметшілер – шенеуніктер мен әкімқаралар қамтылғанын әлгінде айттық. Ендігі кезек – мемлекеттік меке­ме-кәсіпорындар, квазимем­ле­кеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбай­ларына келді. Олар 2023 жылдың 1 қаң­тарынан бастап тапқан табысына есеп береді. Ары қарай, 2024 жылдың 1 қаңтарында бұл науқан барлық бизнес өкілдеріне – заңды тұлғалардың басшылары мен құрыл­тайшыларына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен жұбайларын қамтиды. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан – азаматтардың қалған санаттары, яғни жасы 18-ден асқан барша Қазақстан халқы кірістерін жария­лайды. Бұрынғы жылдары миллиондаған ере­сек тіпті электронды түрде бір мезгілде құ­жаттарын өткізсе, бұған ешбір ақпарат­тық портал шыдай алмайтыны туралы көп айтылды, мәселе көтерілді. Дегенмен Қар­жы министрлігі оны шешудің амалын тап­қанға ұқсайды. Жалпыға бірдей дек­ларациялау жүйесіне еніп, бастапқы «кіру» (входной) декларациясын тапсырған тұлғалар ары қарай табыстар мен мүліктер туралы декларацияны жыл сайын ұсынып тұруға міндеттеледі. Бірақ «активтері мен табыстарында қозғалыс болмаған жағдайда одан ары декларация тапсырмауға да болады» деген қағида енгізіліп отыр. Осы мақ­сатта заңнама өзгертілді, одан осы адам­дардың қысқа декларация дегенді жыл­да тапсыру міндеттемесі алып тас­талды. Қаржы министрлігі мамандарының есептеуінше, нәтижесінде жыл сайын дек­ларация ұсынып тұруға міндетті дек­ла­ранттардың жалпы санын 13 миллионнан 3,5 миллионға дейін азайту мүмкін болмақ. Себебі осынша, яғни 9 миллиондай адамның ай сайын тапқаны тамағынан, күнделікті қажеттіліктерінен немесе не­сиесінен аспайды. Ал шетелде жылжы­май­тын мүлік сатып алатын қазақстандықтар шынында, көп емес. Мұның сыртында елді босқа дүрбелеңге салмау үшін декларациялауға жататын мүліктер тізімі заң жүзінде қайта қаралды. Ол бойынша азаматтар әділет органдарында ресми тіркеуге қойылған мүлікті, банк­тердің депозитінде жатқан ақшаларын жыл сайын декларациялауға міндетті болмайды: ол деректер Қаржы министрлігінің инте­грацияланған деректер базасына автоматты режимде түсетін болады. Сонда декларацияның өзінде көліктер, заңды тұлғалардағы қатысу үлестері, ше­телде тіркелген жылжымайтын мүлік, ше­телдік банктерде жатқан ақшалар туралы мәліметтер ғана жазылатын болады. Яғни, егер сіз шетелден көлік айдап әкелмесеңіз немесе алғызбасаңыз, өзге елдерде баспана сатып алмасаңыз, ақшаны шетелге шығар­масаңыз, онда бір рет кіру декларациясын тапсырғаннан кейін сізді салық органдары мазаламауы тиіс. Осының алдында Премьер-Министр­дің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген жеке тұлғалардың деклара­циясында көрсетілген Қазақстан аума­ғын­дағы мүлікті, сондай-ақ басқа да активтерді сатып алудың заңдылығы 2025 жылға дейін тексеруге жатпайтынын» мәлімдеді. Егер қазақстандықтар кіру декларациясында шетелдегі мүлкі мен активтерін жасырып қалса, онда оларға қатысты тексеру 2026 жылы басталуы мүмкін. Заңсыз капитал айналымымен күрес күшейеді Таяуда декларацияға қатысты шу шық­ты: бірқатар ақпарат құралы сарап­шы­лардың пікіріне жүгініп, «34,5 миллион теңгеден асқан ақшаны үйде, сейфте сақтауға болмайды» деген хабар таратты. Себебі Қаржы министрлігі деклара­цияда көрініс табуы тиіс активтер қата­рында бағалы қағаздарды, тұрғын үйдегі үлесті, инвестициялық алтынды, зият­керлік меншік пен авторлық құқық объек­тілерін, дебиторлық және кредиторлық берешекті, құны 1000 АЕК-тен асатын басқа мүліктерді, сондай-ақ 10 000 АЕК шегіндегі қолма-қол ақшаны атады. Келесі 2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңгеге тең, тиісінше он мың айлық есептік көрсеткіш 34,5 млн теңгеге барабар. Осыған орай Мемлекеттік кірістер комитеті «10 000 АЕК-тен астам қолма-қол ақшаны декларацияда көрсету туралы» деген шағын түсініктеме ұсынды.
«Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 10 000 АЕК мөлшерінен аспайтын қолма-қол ақша ғана көрсетілуі тиіс. Дегенмен заңнамада 10 000 АЕК-тен астам қолма-қол ақшаны сақтауға тыйым салынбаған. Осыған байланысты жеке тұлғалар ақшаны қолма-қол немесе қолма-қолсыз нысанда сақтау мәселелерін және олардың сомасын өздері шешуге құқылы» деп хабарлады ведомство.
Бұл түсініктеме халықты тіпті шатас­тырғанға ұқсайды. Әлеуметтік желіде азаматтар: «неге 10 мың АЕК ақшаны ғана декларациялауға рұқсат етілген? Егер бай-бағыланның сейфінде одан көп ақша жатса, қалғанын мемлекетке жарияламай, тығып ұстай бер дегені ме?» деген сияқты қаптаған сауал қойды.
«Жоқ, бұл үйіңде жатқан бума-бума қаражаттың тек 34,5 миллион теңгесін немесе 75 мың долларға жуығын ғана көрсетіп, қалғанын жасырып қал деген сөз емес. Бұл – азаматтарды қолма-қол ақшаға үйір болмауға үйретудің тәсілі. Ауқатты адам үйінде қанша ақша ұс­тай­мын десе де, өз еркі. Заңда тыйым салын­баған. Бірақ кейін онысы әшкере болып қалса, сұрақтар туады, сонша ақшаны қайдан алғанына қатысты тергеу жүр­гі­зілуі мүмкін. Әрине, мемлекет азаматтар­дың миллион доллар қолма-қол ақшасын дек­ларациялауына рұқсат деп жазып қоюына болар еді. Бірақ онда көлеңкелі эконо­миканы, коррупция мен қылмыс әлемін ынталандырған болып шығады. Ол адам миллион долларды шытырлаған купюра күйінде не үшін үйінде ұстайды? Мұндай ақшаның қоз­ғалысын қадағалау мүмкін емес. Сондықтан бай адам құзыр­лы органдарда сұрақ тумасын десе, он мың АЕК мөлшеріндегі қолма-қол қара­жатты декларацияласын, қалғанын банк­ке, бизнеске, мүлікке салсын. Көлеңкеде ұстамағаны абзал», – деді экономист Марат Ерғозин
Он мың АЕК Дүниежүзілік банк, FATF (заңсыз қаржыны жылыстатумен күрес тобы) сияқты халықаралық инсти­тут­тар­дың ұсынымына сәйкес келеді. Сарапшы соңғы жылдары ауқатты адамдар қаража­тын шетелге шығаруда белсенді қимыл­да­ғанына назар аудартты. Жалғыз Түр­кияның өзінде қазақстандықтар 2021 жылы 2 090 пәтер сатып алған. Бүкіл әлем­де он мыңнан асады. Енді құзырлы органдар алдында шетелдік әріптестерімен берлесіп, сол активтердің бәрін тауып, тіркеу міндеті тұр. Негізі, әрбір қазақстандықтың табысы мемлекетке жарияланатын уақыт таяған сайын капиталдың шетелге, әсіресе оф­фшорларға қашуы үдеп барады. Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұловтың айтуын­ша, ұрланған қыруар қаражатты елге қайтару маңызды мәселе болады.
«Global financial integrity халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшор­ларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ЖІӨ-сі мен оның сыртқы қарызына тең. Кейбір мәліметтерге сәйкес, соңғы бес жылда Қа­зақстанның құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару фак­тілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда нақты нәтижелері белгісіз. Сонымен қатар қаңтар қасіретінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар», – деді депутат. Сондықтан депутаттар Қаржы мониторингі агенттігінен Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылғаны, қаңтардан бері шетелге қанша актив шығарылғаны туралы ақпарат сұратып отыр.
Бүгінде Әділетті Қазақстан құруға кіріскен мемлекет еліміздің дамуына елеулі кесір тигізетін кесапаттарға – сыбайлас жем­қорлыққа, лаңкестікке, ел қаржы­сының талан-тараж етушілерге, көлеңкелі жолмен байыған олигархтарға қарсы кү­рес­ті өрістетуге күш салуда. Ал жаппай дек­ларациялау осыған ықпал ететін пәр­менді бір құрал болмақ.