Харассмент жайлы соңғы жылдары көбірек айтыла бастады. Аталған термин қолданысқа енді ғана енсе де, қылмыстың бұл түрі біздің қоғамда бұрыннан бар. Бұған бала күнінде жыныстық қысымға ұшырап, есейгенде жеке шекарасының бұзылғаны жайлы жиі айтып жүрген қыз-келіншектердің әңгімесі дәлел. Дегенмен харассментке ұшырағандардың көбі көрген қорлығын айтудан ұялады. Себебі Қылмыстық кодексте харассментке қатысты бірде-бір норма жоқ. Харассмент – орын таңдамайтын қылмыс. Жақында әлеуметтік желіде Айсұлу есімді қыз қоғамдық көлікте бейтаныс адамнан көрген қорлығын айтып берді. Ығы-жығы адамның арасында кімнің не істеп тұрғанын ешкім байқамайды. Сол мезетте қара киінген, орта жастағы жігіт оқушы қызға барынша жақындап, денесіне қол жүгіртеді. Қыз айғайлайын десе, қасындағы достарынан ұялады. Ал басқа жаққа орнын ауыстыру мүмкін болмайды. Осылайша, автобустан түскенше бейтаныс адамның дегеніне көніпті. Мұндай оқиғалар қоғамда жиі кездеседі. Айталық, белгілі әнші Nazima да бала күнінде харассменттің құрбаны болғаны жайлы айтты.
– Бірде отбасыммен Шымкент–Астана бағыты бойынша пойызбен жолға шықтық. Ол кезде мен 16 жастамын. Таңертең 06.00-де тұрып, беті-қолымды жууға дәретханаға бардым. Дәретханадан шыққанымда жолсерік күтіп тұр екен. Менен түрлі нәрсе сұрай бастады. Жүзі жылы, тәрбиелі адам болып көрінген соң артық ештеңе ойламай, амандастым. Содан кейін өзім орналасқан купеге қарай өтпекші болдым, бірақ ол менің жолымды бөгеп, шашымнан иіскей бастады. Сол кезде ғана ол кісінің пиғылын түсіндім, тіпті мені ұрғысы немесе итергісі келгенін байқадым да, бірден оның екі аяғының ортасынан теуіп жіберіп, купеге қарай қашып кеттім. Қорыққаным соншалық, жүрегім аузыма тығылды, бірақ неге екенін білмеймін, болған жағдайды әкеме айтпадым және сол үшін әлі өкінемін, – дейді әнші.Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін жолсерік ештеңе болмағандай купеге кіріп, төсек-орынды жинастырады. Үйге жеткен соң болған оқиғаны Назима тек әпкесіне айтып беріпті. Ал анасына жақында ғана айтқан екен.
– Жұрт «ештеңе болмады ғой, бастысы сені ешкім зорламады» деп ойлайтын шығар, бірақ 16 жасымда бұл оқиға менің психикама ауыр соққы болды. Менің жан дүнием зорланды. Қазір пойызға жалғыз мінуден қорқамын, жанымда міндетті түрде командам жүреді, – дейді Назима.Факты бар, статистика қайда? Ендеше харассмент дегеніміз – адамдарға еркінен тыс физикалық түрде қысым, зорлық-зомбылық көрсету, жағымсыз сөздермен, хабарламалармен бопсалау, жыныстық тұрғыда құқығын таптау, жеке шекарасын бұзу. Харассменттің 6 түрі бар. Олар: жәбірленушіге рұқсатсыз жанасу, қол тигізу; ізіне түсу; вербалды харассмент; кибер харассмент; эксгибиционизм және жыныстық қысым көрсету. Қазір харассменттің құрбаны болған әйелдер мен қыздардың саны өте көп. Алайда қоғамда жиі кездесетін оқиға жайлы факті кездессе де, статистика нақты емес. Бұған харассментке ұшырағандардың «ұят боладыдан» қорқып, үнсіз қалатындары да әсер етіп отыр. Психологтердің айтуынша, қылмыстық істер соңына дейін зерттелмейді, айыпталушылар жауапқа тартылмайды. Сонымен қатар қазақ қыздарының көбі харассмент тақырыбын толық білмейді. Харассмент деген тек жыныстық қысым көрсету емес, оған адамның қалауынан тыс қол тигізу, әртүрлі хабарлама жазу, артынан аңду да жатады.
– Харассментке ұшыраған жандар оны зорлық деп қабылдамайды. Ал кәмелетке толмаған қыздар өз шекараларының бұзылғанын да сезбейді. Егер ата-анасы үйде қызымен ашық сөйлесіп, оны қорғайтындарын жиі айтса, бала да көрген зорлығын ата-анасына айтудан қысылмас еді. Ал қорғаушысы жоқ болған кезде ата-анасымен ашық сөйлесе алмайтын қыздар харассмент көргендерін айтпай, үндемей кетеді. Олар жеке шекарасының бұзылғанын қалыпты жағдай санайды. Бала кезден қалған осындай психологиялық соққы кейін қыз баланың бақытты отбасын құра алмауына да әсер етеді, – дейді психолог Серікгүл Сәли.Психолог Рауана Сағадиеваның пікірінше, харассмент жағдайлары көбіне оқу орындарында, жұмыста, тіпті отбасы ішінде болады. Әрбір қыз бала харассментке қатысты халықаралық заңнама актілерін білуі керек. Сол арқылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндігі болады. Мысалы, жұмысында зорлық-зомбылық көрген қыздар психологтен кеңес алуға жиі келеді екен. Бірақ дәрежесі жоғары басшыларынан түрлі жағымсыз сөз естісе де, қалауынан тыс әрекет етсе де, шағымданбайды. Жұмыстан шығарып жібереді деп қорқады. Бұл – дұрыс емес. Әр адам өзін қорғауы керек, мәселе өршіп кетпей тұрғанда алдын алу қажет. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында «ұят болады» деген түсінік бар. Санасы ояу қыздар бұл қағиданы ұстанбауы керек.
– Аты-жөнін айтпай, бір қыз көмек сұрады. Айтуынша, ол қызды туысқан ағасы, ал сіңлісін нағашы ағасы зорлаған. Сіңлісі бұл туралы ата-анасына айтқан, бірақ әпкесі әлі айтпаған. Ал әкесі мен ағасы «бізді ұятқа қалдырдың» деп сіңлісін аямай ұрып, ағасы қарындасына пышақ сұққан. Бар сенері, қамқоршысы әкесі мен ағасынан осындай қорлық көрген қыздың психологиясы сынды, енді оны түзету қиын, – дейді Рауана Сағадиева.Харассментке қатысты арнайы заң жоқ Тұрмыстық зорлық-зомбылық – заман ағымына қарамастан түбегейлі шешілмей келе жатқан көп мәселенің бірі. Оны шешу үшін арнайы заң жобасына өзгерістер енгізу көзделген. Әзірге ол Парламент қабырғасында жатыр. Мұндай заңсыздыққа барғандар Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша жазаланады. Алайда іс жүзіне келгенде бұл бап өте сирек қолданылады. Айталық, республикада 1998 жылдан 2018 жылға дейін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің 87 дерегі ғана тіркелген. Оның өзінде сотқа тек 30 іс жіберіліп, 25 адам сотталған. Арасында бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына тартылмапты. Бұл статистика Қазақстанда жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін жылына орта есеппен 1 агрессор ғана жазаланатынын көрсетті. Шын мәнінде, жыныстық қудалау оқиғалары әлдеқайда көп, бірақ басым көпшілігі тіркелмейді. Өйткені агрессордың жыныстық қысым көрсеткенін заң жүзінде дәлелдеу өте қиын.
– Қылмыстық кодексте харассмент термині бойынша жауаптылық қарастырылмаған. Тек 123-бапта сексуалды сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу бойынша норма бар. Менің ойымша, харассмент бойынша заң талаптарын күшейтуіміз керек. Қылмыстық кодексте харассментті жыныстық мәжбүрлеу деп қана көрсеткен. Сондықтан бұл заң әлсіз. Себебі қоғамда кез келген жерде әйелдер еркектерден түрлі қысым көруі мүмкін. Ал заң көп жағдайда жыныстық зорлық көрсеткен кезде ғана орындалады. Жеке шекарасының бұзылғаны үшін, еркектерден жәбір көргені үшін әйелдер заңға жүгіне алмай жатыр. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін заң қатал болуы керек, – дейді заңгер Меруерт Қойайдарова.Оның айтуынша, осындай жағдайлар студенттер мен оқытушылардың арасында жиі кездеседі. Бірақ студенттер бірге оқитын достарынан, әртүрлі сөзден, сессиядан төмен балл алып қалудан қорқып үнсіз қалады.
– Қылмыстық кодексті өзгерткенмен, бұл мәселені толыққанды шеше алмаймыз. Сондықтан харассменттен зардап шеккен жәбірленушілерді қорғайтын арнайы ұйым құрылуы керек. Ол жерде жәбірленушінің жеке бас деректері құпия сақталып, өз құқығын қорғай алуына жағдай жасалуы қажет, – дейді заңгер.Негізі, харассмент гендерлік кемсітушілік пен зорлық-зомбылықтың бір түрі. Сондықтан да әр азаматтың қоғамда еркін жүріп-тұруы үшін Қылмыстық кодекске харассмент туралы жаңа баптар енгізуіміз керек-ақ. Харассмент жасаған адам заң алдында жазаланбаса, ары қарай ол еш қорықпастан бұл қылмысын қайталай береді. Қазір қоғамда харассменттен қорлық көргендердің, тұрмыста жәбірленгендердің саны артып келеді. Оның бәрі заңда харассментке қатысты қылмыстардың анық әрі нақты көрсетілмегендігінен.
– Сондықтан заң алдында жыныстық зорлық көрсеткендер ғана емес, әйел адамның жеке шекарасына өтіп, харассмент жасағандар да жауап беруі керек,– дейді Меруерт Қойайдарова.Иә, заң адам құқығын қорғау үшін керек. Алайда қылмыс саналатын харассменттің әлі де еліміздің Қылмыстық кодексіне енбеуі, қыз-келіншектердің үнсіз тынып жүруіне әкеліп жатыр. Тіпті, осындай жағдайлардан кейін кейбір қыздар өздерін қорғау үшін қалталарына түрлі қорғанатын құрал салып жүруді әдетке айналдырыпты.