Көркем гимнастиканы спорттың балеті ме дерсің. Гимнастшының керіле созылып, шығыршық лақтырып, оны кербездене күтіп алғаны ерекше әсер сыйлайды. Музыка ырғағымен тербеле билегенде таңданбасыңа шараң жоқ. Осындайда алаң сыртында тақым қысып тұрған бапкерге көзің түседі. Барлай қарасаң, әр элементті шәкіртімен бірге орындап тұрғандай. Сонда барып еңбек пен төккен тердің арқасында осынша сұлу өнер дүниеге келгенін білесің. Елордалық бапкер Меруерт Балғынбаевамен сұхбаттасқанымызда көркемөнердің астарында біз біле бермейтін біршама түйткіл барын білдік.
– Меруерт ханым, көркем гимнастшының спорттағы ғұмыры қысқа, жолы қиын. Осындайда кішкентай талантты топ ішінен қалай танисыздар?
– Жалпы, елімізде көркем гимнастика өте жақсы дамып келе жатыр. Көбіне ата-аналар осы спорт түрін теледидардан көріп, қыздарын алып келіп жатады. Оған қоса, көркем гимнастика баланың бар қабілетін ашады. Мысалы, түрлі құралмен жұмыс істеу тепе-теңдікті сақтауды үйретеді. Иілгіштік пен оңай керіліп-созылуға да көмектеседі. Әуенмен жаттығу жасағаннан есту қабілетін жақсартып, музыкалық түйсік пайда болады.
– Көркем гимнастикаға қабылдау талабы, міндеті мен жасына сай жаттығу ұзақтығына тоқталсаңыз...
– Сырт көзге бәрі оңай көрінгенімен, көркем гимнастика қиын спорт түрі екенін айта кеткен жөн. Қыздардың бұлшық еті қатпай жатып қабылдап аламыз. Ата-аналар төрт-бес жасынан баласын алып келеді. Мысалы, қыздар 16 жасында спорт шебері атағын ала алады. Ал көркем гимнастикамен ұзап кеткенде 19-20 жасқа дейін айналыса алады. Мансап жолы қысқа болғаннан спортқа ерте қабылдап, талантын барынша шыңдауға тырысамыз. Мәселен, маманданған мектептер тек емтихан арқылы қабылдап алады. Қабылдау шартында бірінші баланың дене бітіміне қарайды. Аяғы ұзын болса, бұлшық еті мен иілгіштігі бір-бірін толықтырып тұрса дейміз. Қазір қалада көптеген жеке мектеп бар. Кей ата-ана қызының икемі келмей, мемлекеттік мектепке өтпей жатса, жеке мектепке беріп жатады. Жаттығуға келсек, топқа жаңадан келген бала аптасына үш рет, бір жарым сағаттан жаттығады. Қатысқанына екі жыл болған шәкірттерім аптасына үш реттен екі жарым сағатын көркем гимнастикаға арнайды. Осылайша, жаттығу сағаты өседі. Мысалы, 10-12 жастағы қыздар аптасына бес-алты рет келіп, үш-төрт сағат талмай жаттығу жасайды. Темірдей тәртіпке үйренген қыздар барынша ережеге сай болуға тырысады. Содан ба, басқа спорт түріне ауысып кетсе де, ары қарай жеңіл болады.
– Байқаймыз, елордада талантты қыздар көп. Шамамен 5 мыңға жуық бала көркем гимнастикамен айналысады. Сіздіңше қалада осы спортқа сай жағдай жасалған ба?
– Республика бойынша, Астана қаласы көркем гимнастикадан бірінші орында тұр. Бірақ толық жағдай жасалған деп айта алмаймын. Өйткені дайындық жасайтын талапқа сай зал жоқ. Егер аталғандай ғимаратымыз болса, тек республика көлемінде емес, халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жетер едік. Тек көркем гимнастикаға арналған база болмаған соң бос жер тауып дайындаламыз. Байқасаңыз, қазір жаттықтырушы көп. Себебі жоғарыда айтқанымдай, гимнасттар ары кетсе 20 жаста карьерасын аяқтайды. Артынша жаттықтырушы болып қызмет етеді. Мысалы, бапкер болу оңай жұмыс емес. Оларды оқыту керек, жаттығу залын бөлу керек. Осындайда арнайы ғимарат болмағаннан қанатты кеңге жаятын мүмкіндік жоқ. Мысалы, қыздар республика бойынша бірінші орынды бермейді. Азия чемпионатында да өте жақсы өнер көрсетті. Ал олимпиада ойындарына, әлем чемпионатына бару үшін кең әрі жарық залда дайындалу қажет. Көркем гимнастикаға арналған жаттығу залының биіктігі 18 метрден кем болмауы, ішінде міндетті түрде кілем мен тұғыр болғаны жөн. Ал мұндай талапқа сай орын табу қиын.
– Өзіңізге келсек, бапкер ретінде шәкірттеріңізді спорттың көркем түріне баулып жүргеніңізге неше жыл болды? Қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз...
– Жаттықтырушы болып жүргеніме 19 жыл болды. Көркем гимнастикаға 1990 жылы алты жасымда келдім. Сол кезде бапкерлер мектеп аралап, бірінші сынып қыздарының арасынан осы спортқа икемі келеді-ау дегендерін таңдайтын. Сонда қолыма хат жазып, ата-анаңа апарып бер деп үйге жіберген-ді. Әкем оқып болған соң көп ойланбай гимнастика залына алып келді. Содан бері уақытым мен жігерімді аталған спорт түріне арнап жүрмін.
– Жаттықтырушы жағына келгенде, ресейлік мамандарға көпшіліктің аузының суы құриды. Қазақстан да осындай деңгейге жету үшін не істеу керек? Әлде бізде ресейлік жаттықтырушылармен бәсекеге түсе алатын мамандар бар ма?
– Иә, Ресей мамандарының мықты екеніне дау жоқ. Алайда біздің мамандарға да сондай жағдай жасаса, тау қопаруға бар бапкерлер жетерлік. Бәрін үйренуге, үйретуге болады. Ол үшін заманауи стандартқа сай көркем гимнастика базасын салу керек. Мысалы, ресейлік бапкерлер таңертең жұмыс орнына келеді, ештеңеге алаңдамайды. Өйткені бір базаның ішінде бәрі бар. Массаж маманы керек десе, сақадай сай тұрады. Бір оқушы жарақат алды десе, дәрігері дайын тұрады. Бірінші жаттығу мен екіншісін арасында тынығып алу үшін жаттақханасы да бар. Ал бізде бірінші жаттығудан кейін оқушы үйіне барып, тамақтанып келгенше шаршап қалады. Екінші жаттығу жиынына қатысуға құлқы болмайды. Одан қалса, бес-алты жаттықтырушыға бір кілем береді. Содан кілемге бола таласамыз. Әрине, шәкірттерімізбен бірге кілемге сыймаймыз. Амалын тауып, уақыт бойынша бөліп аламыз. Мысалы, мен сағат 9-дан 11-ге дейін жаттықтырсам, келесі бапкер басқа уақытқа дайын тұрады. Осылайша, күні бойы кілемнің «кестесін» жасаймыз. Егер қыздар сол уақытқа үлгере алмай қалса, жаттығатын орын жоқ деген сөз. Әзербайжанды, Грузияны алып қарасаңыз, оларда бар жағдайы жасалған база бар. Сондықтан лайықты көңіл бөлмей жатып, спорт түрінен медаль күту бекершілік.
– Төрешілікке келсек, көркем гимнастикаға қандай да бір ереже мен заңдылық бар ма? Төреші болуы үшін не істеу керек? Халықаралық төреші дәрежесіне жету үшін ше?
– Өзім халықаралық дәрежесі бар төрешімін. Төреші атану үшін барынша ізденіп, үйрену керек. Бірден халықаралық төреші бола алмайтының тағы бар. Жыл сайын біліктілігіңді көтеру қажет. Мысалы, спорт төрешісі деңгейінен бастайсыз, одан кейін бірінші деңгейлі төреші, жоғары санатты төреші деп бөлінеді. Ал халықаралық төреші атану үшін шетелде өтетін семинарларға қатысып, тыңдап, емтихан тапсырасыз. Сонда ғана қолыңызға халықаралық төреші екеніңізді айқындайтын қағаз береді. Мәселен, көркем гимнастикаға бір спортшыны 12 төреші бағалайды. Оның екеуі гимнастшының құралмен көрсеткен өнерін бағаласа, тағы екеуі денемен қандай элемент орындағанына сын көзбен қарайды. Төрт төреші әртістік шеберлікке мән береді. Ал қалған төртеуі жаттығуды таза орындаған-орындамағанына мән береді. Мысалы, қойылым барысында аяқ-қол бүгілмеуі керек. Бәрін бір сызықтың бойында тұрғандай орындап шыққанын қадағалайсыз. Артық-кем жүріске, құралды құлатып алғанына қарай ұпайын төмендетесіз.
– Сұхбат соңында болашағынан үміт күтемін дейтін шәкірттеріңіз болса, атап өтсеңіз.
– 2023 жылы жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Соған қызу дайындық жасап жатырмыз. Сонымен қатар жеке бағдарлама бойынша кім өткені белгісіз. Бірақ екі қызды дайындауға кірістік. Олар қаламыздың үздік гимнастшылары Айым Мейіржан, оның артынан еріп келе жатқан талантты гимнастшы Ақмарал Ерекеш. Ал ересектерге келсек, Эльжана Таниева мен Айбота Ертайқызы елімізді халықаралық дәрежеде лайықты танытып жүр. Осы екі қыз Мәскеуде жаттығады. Елордалық Сабина Бакатова болса, осында жаттығады. Бірақ ол да болашағынан үміт күттіретін ару. Сондай-ақ Дина Байленованы да ерекше атап өткім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айзат ЖОЛДАСОВА