Мәжіліс тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтап, көбейту туралы заң жобасын мақұлдап, Сенат қарауына жіберді. Құжат Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін көбейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Парламент Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін белгілеу. Өзгерістер мен толықтырулар «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйақылар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына енгізіліп отыр.
«Сондай-ақ, заң жобасында мемлекеттік саясатты іске асыру, иттердің ұлттық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бекіту, иттердің ұлттық тұқымдарының есебін жүргізу бойынша мониторингті жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті органның құзыреті белгіленген», - деді комитет мүшесі.
Аталған заң жобасын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қаржы керек деген есеп бар.