Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі табылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады. Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылғы 26 тамыздан бастап жүргізілді. Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты төленеді. Сонымен қатар, марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі. Қарулы күштердің жеке құрамы орны толмас шығынға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтады.