Желтоқсанға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Желтоқсанға арналған ауа райы болжамы жарияланды
© ainews.kz
1,151
оқылды
«Қазгидромет» РМК желтоқсан айында Қазақстанда ауа райы қандай болатынына болжам жасады. Синоптиктер хабарлауынша, таяу күндері елдің аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз болады. Желтоқсан айының басында қар жауып, жаяу бұрқасын болады, желдің екпіні 15-25 м/с-ке дейін күшейеді. Еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында қалың қар жауып, тұман басып, көктайғақ болады. Республиканың батысы мен қиыр солтүстігінде ауа райы жауын-шашынсыз болады. Содан кейін Салехард аудандарынан арктикалық суықтың әсерінен күн суытады:
- еліміздің батысында түнде -13-23°C дейін, күндіз -5-15°C дейін; - солтүстікте және орталықта түнде -25-33°C дейін, күндіз -12-25°C дейін; - шығыста түнде -25-37°C дейін, күндіз -17-23°C дейін; - оңтүстікте және оңтүстік-шығыста түнде -10-22°С дейін, күндіз -3-13°С дейін төмендейді.
Бірінші онкүндіктің соңында Скандинавия аудандарынан циклон тұрақсыз ауа райын тудырады, елдің солтүстік-батыс өңірлерінде, содан кейін елдің қалған аумағында аяздың әлсіреуіне әкеледі. Болжам бойынша 2022 жылғы желтоқсанның екінші және үшінші онкүндіктерінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы жиі өзгереді, аязды күндер жылы күндермен алмасып отырады, сонымен бірге қар жауып, бұрқасын болып, екпінді жел тұрады. Елдің оңтүстік жартысында жауын-шашын көбіне жаңбыр және жылбысқы қар түрінде болады деп болжанады. Сондай-ақ, көктайғақ болып, тұман басады. Бір ай ішінде циклондық белсенділіктің әсерінен жылы күндер де болады. Ал солтүстік-батыс антициклонның әсерінен жылы күндерді суық ауа райы алмастырып отырады.  Осылайша, желтоқсан айында ауа температурасының ауытқуы жиі болады.
- Елдің солтүстік жартысында түнде -25-35°С-тан -5-13°С-қа дейін, күндіз -15-25°С-тан  0 -5°С-қа дейін. - Оңтүстік жартысында түнде -17-23°С-тан -5+2°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-тан +3+10°С-қа дейін құбылады.
Жалпы, болжам бойынша желтоқсан айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы норма шамасында, республиканың қиыр батысында, солтүстігінде нормадан 1° жоғары болады. Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан көп, еліміздің шығыс бөлігінің басым аймағында, орталықта, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста норма шамасында болуы мүмкін.