Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар өсімдіктер дүниесі, агломерацияларды дамыту және Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік кодекстерге экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, өзге де бірқатар заң жобасын қарады. Жалпы отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы аудиторлық палатасының мүшелігіне кандидаттарды қарап, бекітуден басталды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Конституцияның 58-бабы негізінде Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі қызметіне Михаил Бортниктің, Рүстем Нұрпейісовтің, Юлия Энгельдің кандидатурасын ұсынды. Сондай-ақ мәжілісмендер Швейцариямен бағалы металдардан жасалған бұйымдарға сынамалық талдау таңбасын тану жөніндегі және Қытай Халық Республикасымен азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Қазақы ит тұқымын сақтау және көбейту мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулер де мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды. Экологиялық құқықбұзушылықтарға жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша Қылмыстық және Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар да екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. «Көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер қаралып, «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Агломерцияларды дамыту туралы» заң жобалары да екінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі шарттар туралы ратификациялық келісімді жұмысқа қабылдады.