«Балалар жылы аясында өткізіліп отырған чемпионатқа 2009 жылы туған және одан үлкен жастағы жеткіншектер қатысып жатыр. Еліміздің бес өңірінен келген балалар екі күн бойы нағыз үздіктерді анықтайды», – деді Бауыржан Сахарбаев.Сонымен қатар жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогы мен әлем біріншіліктерінің жүлдегері, жақында ғана шорт-тректен өткен әлем кубогы кезеңінде күміс жүлде алған Абзал Әжіғалиев құрметті қонақ ретінде шақырылған. Одан бөлек, чемпионаттың ашылу салтанатына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Азамат Ағзамов, №2 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Бауыржан Сахарбаев, шорт-тректен бас жаттықтырушы, Еңбек сіңірген қайраткер Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ел құрамасының бас жаттықтырушысы Нұрберген Жұмағазиев қатысты.
«Шорт-трек елімізде жаңадан дамып келе жатқан спорт түрі десе де болады. Мұндай жарыстар өте қызықты өтеді. Өйткені бұл жеткіншектердің алғашқы белесі, есте қалатын жарысы болмақ. Олар үшін мұндай турнир жаңа тәжірибе, жаңа мүмкіндік сыйлайды. Мұз айдынында өнер көрсететін кішкентай спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Жеткіншектерге айтар кеңесім, айналысып жүрген спорт түрі, ең алдымен, өздеріне ұнауы керек. Спортқа деген махаббат болғанда ғана үлкен нәтижеге қол жеткізе алады. Мысалы, шорт-трекпен айналысып келе жатқаныма 18 жыл болды. Қысқы спорттың осы түрін дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бүгінгі жас ізбасарларымыз болашақта Олимпиада жалауын желбіретеді деген үміттемін», – дейді Абзал Әжіғалиев.Айта кетерлігі, чемпионат қорытындысы бойынша алдағы қысқы маусымға үздік спортшылардан тұратын Астана қаласының құрама командасы жасақталады. Жеңімпаздар әр жас тобындағы және әр қашықтық бойынша жеке біріншіліктерде анықталып, дипломмен, медальмен марапатталады.
Айбике ЖАНАСЫЛ