Таяуда төртжылдықтың басты додасы – футболдан әлем чемпионаты басталды. Осы қарсаңда футбол матчтарын тамашалаудан бөлек, бәс тігетін жандардың қарасы көп. Әлеуметтік желіде «Катардағы чемпионат басталғалы бәс қоюшылардың қатары көбейген» деген ақпарат тарап жүр. Расын айтайық, букмекерде ойнауды көп адам «арам» санап жүргенімен, оған әуестердің де саны аз емес. Соған сай табыс көзіне айналдырғандар бар. Ойы бір арнада тоғыспайтын осы екі тарап не айтады, баюдың кілтін бәстен іздеген жөн бе? Еселеп артқан есіл ақша Жақында ақпарат құралдарында ақтөбелік бір азаматтың көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан секіріп, өзіне қол жұмсағаны жайлы жазылды. Анығы белгісіз, әйткенмен алдын ала болжам бойынша, азамат құмар ойынның құрбаны болып, өзін кешіре алмапты. Бұндай жаңалықтарды бұрын да бірнеше мәрте құлағымыз шалды. Алайда кінәні букмекерлер арқаламайды. Оның да себебі түсінікті, қазір олар ресми түрде жұмыс істейді, салығын төлейді, жарнамасын «жаңғыртып», ерікті түрде бәс тігуге құмартқандардың аудиториясын қалыптастырып алды. Түрлі спорттық транслацияларға, жарыстарға демеушілік етеді. Енді олардың қаржылық жағдайын тілге тиек етейік. Қазақстанда биыл жарты жылдың өзінде құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көлемі 294,4 млрд теңгені құраған екен. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 8,3 есе көп, ал 2021 жылдың толық көрсеткішімен өлшесек, 2 есе артық. Осы деректер елімізде бәс тігу үрдісінің қаншалықты артқанына дәлел. 2020-2021 жылдары бұл бағыттағы қызметтер көлемі құнының 2022 жылмен салыстырғанда аз болуына сарапшылар екі себепті дәйек еткен. Біріншіден, пандемия көп азаматтың қалтасын қақты. Екіншіден, 2021 жылдан бастап барлық букмекерлер Ставкаларды есепке алу орталығы арқылы жұмыс істей бастады. Яғни, бәс тігуде көлеңкелі бизнесті жою механизмі енгізілді. Әр бәс – бір тәуекел Әрине, көпшіліктің бәс тігуге қатысты ойының астарын біліп отырмыз. Дегенмен біз мәселені екіжақты қарастырамыз. Әуелі бәс тігуді «аса жаман дүние» санамайтын тараптың ойын білейік. Мәселен, IT маман әрі блогер Аршат Ораз букмекерлерге тәжірибесіз ойыншылар жем болатынын айтады.
– Әлем чемпионаты, Чемпиондар Лигасы сияқты ірі турнирлер кезінде бәс тігушілер саны көбейетіні рас. Букмекерлер де түрлі акциялар жасап, жұртты қызықтырады. Бұлай болуы заңды деп ойлаймын. Өйткені үлкен футболды бәс тігіп қарағысы келетіндер көп. Шынында бәс тігу арқылы кәсіпқой деңгейде ақша табуға болады. Бірақ ұзақ мерзімде, қысқа мерзімде табу қиын. Сондықтан тәжірибесіз ойыншылар букмекерлерге жем болып жатады. Оның үстіне несие, қарыз алып немесе соңғы ақшасына ойнайтындар бар. Тәжірибелі ойыншылар ойынға арнаған бюджетінің 5-10 пайызын ғана тігеді, оның өзінде тек ординар, яғни, дара бәстерге қояды. Қаржыны басқаруы және бақылауы мықты. Өз лимиттерінен асырып ақша тікпейді. Бұған бір инвестиция ретінде қарайды. 25-30 пайыз табыс жақсы болып есептеледі. Ал тәжірибесіз ойыншылар бар ақшаларын салады, үлкен коэффициентті экспрестерге тігеді, аз уақыттың ішінде көп ұтқысы келеді. Олардың тәуекел етпегені дұрыс, – дейді ол.Аршат Ораздың айтуынша, бәс тігетін әр адамда ішкі лимит болуы тиіс. Содан артық кетпегені жөн. Сайып келгенде, нақты өзіндік бақылау болғаны абзал. Әйтпесе бәс тігуге құмарлық наркомания мен алкоголизмнен де жаман. Өйткені санадағы нәрсені жою қиындау. Қазір әлеуметтік желіде өзінің болжамдарын саудалайтын адамдар бар. Яғни, жақын арадағы спорттық кездесулерге болжам жасап, сол болжамын өзге бәс тігушілерге сатады. Оның үстіне олар әр бәске қомақты сома қояды. Дегенмен шығынға ұшырамайтындары бар. Көбінің тәжірибесі 10 жылға жуық. Соның бірі – Айбек (тегі өзінің сұрауы бойынша жазылмады) атты азаматпен тілдестік. Оның сөзінше, ақылға салмайтын жандар бәстің кесірінен өз өмірлерін құртады екен.
– Мысалы, талай жылдық тәжірибемен анализ жасайтын менің болжамдарым да шықпай жатады. Ешқашан мынау бәстің шығу мүмкіндігі 100 пайыз немесе 99 пайыз деп айтуға болмайды. Әр бәс – бір тәуекел. Яғни, мүмкіндік 50/50. Осыны түсіну керек. Одан кейін ойнайтын адамның букмекердегі есепшотында артық ақша жату керек. Бір бәс тігу үшін сол қордың 5-10 пайызын ғана шығындаған жөн. Әйтпесе қарызданып, ақшаны есепсіз шашып, жөнсіз тәуекелге баратындарға бір-ақ кеңес – мүлде жоламағаны абзал, – деді азамат.Қарап отырсақ, қос азаматтың да пікірі жөнсіз емес, өз шындығы бар, орнықты ұстаным. Әйтсе де кейбір жандар букмекерлерге мүлде тыйым салып тастауды сұрап жүр. Бірақ бүкіл әлемді қамтыған бәс тігу үрдісін тоқтату мүмкін емес секілді. Бәс тігудің зардабы да көп Енді келесі тарапқа ойысайық. Әрине, шенеуніктер белгілі бір дәрежеде бәс тігудің зардабын азайтуға ұмтылып келеді. Мысалы, биыл маусымда Мәжілістегі жалпы отырыстардың бірінде депутат Екатерина Смышляева Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі ойынқұмарлардың мәселесі әлі де тиімді шешімін таппай отырғанын жеткізген еді. Депутат келтірген мәліметке қарасақ, ойынқұмар қазақстандықтың қарызының орташа мөлшері 10 миллион теңге. Ал отау құрған 10 жұптың 7-еуі құмар ойындардың кесірінен ажырасып тынады. Қылмыстық әрекеттер мен суицид жағдайлары да жиілеп кеткен. Осының бәріне қарамастан заңнамада букмекерлік орталықтарды жарнамалауға тікелей тыйым жоқ екенін айтып, шағымданған. Айтпақшы, бұған байланысты Ашық НҚА сайтында жаңа құжаттың жобасы тұр. Өткен айда Мәдениет және спорт министрлігі әрбір бәс тігуші қойған ставкалар, оның нәтижесі, бәс тігу ұтыстары мен төлемдер, сондай-ақ оны өзге тұлғаларға беру туралы ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау қағидаларын әзірлеп біткен еді. Жаңа құжат талабына сәйкес, кейбір тұлғаларға құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынбақ. Соған сай азартқа берілген, бәс тігуден шектелуі тиіс тұлғалардың тізімі құрылады. Ережеде ставкаларды есепке алу орталығын құру да көзделген. Сол арқылы бәс тігуге қатысы бар азаматтардың қандай жағдайда тұрғаны ашылады. Аталған құжат қоғамдық талқылауда 8 желтоқсанға дейін болады. Қазір бәс тігетін адамдардың белгілі бір жас санаты жоқ. Кәмелет жасына енді толған баладан бастап, егде жастағы адамдар да құмар ойынның кеңістігінде жүреді. Психолог Марал Жұмагелді ставкалар қоюға бейім жандарды бірнеше санатқа бөлетінін айтады.
– Адам бала күнгі немесе есейе келе алған жараларының кесірінен, шешілмеген гештальттың салдарынан осындай жолға түсіп кетуі мүмкін. Ал енді бірі «бірігу процесінде» жүргендер санатында. Яғни, ондай адамның өзінің ішкі «мені» жоқ, өзіндік ой-пікірі қалыптаспаған. Психологиялық тілде бұл конфлюэнция аталады. Олар өзгелерге қызығумен жүріп, процестен шыға алмай, осы жолға түсіп кетуі мүмкін. Үшінші жағдай – проекция. Адамның қолында азын-аулақ ақшасы бар делік, ол сол ақшасы арқылы «көп ақша ұтып алуым мүмкін» деп ойлайды. «Мүмкін» – нақты нәрсе емес, ол сол нақты нәрсе емес қиял-ғажайып ойларына сенеді, – дейді маман.Психологтар дәл осы ойынқұмар және бәс тігуге әуес адамдарды қалыпты өмірге қайта әкелуді ең қиын жұмыстардың бірі санайды. Көп жағдайда тіпті оң нәтиже де болмайды.
– Әдетте өзінің қиял-ғажайыбына сенген адамдар шынайы өмірде өзімен кездесуден қашады. Өйткені, бұл процесс өте ауыр. Мұндай пациенттерді емдеуге ұзақ уақыт кетеді. Ең қиын нәрсе – өзіңмен өзің кездесу, болмысыңды тану, реалистік өмірге қадам басу. Көбіне конфлюэнция мен проекцияда жүретін адамдар шынайы өмірге қадам басуға қорқады. Ол өзінің бар жетістігін сол құмар ойындармен, ставкалармен ұштастырған. Сондықтан ондай адамда көп жағдайда кінәлау, ұрысу арқылы психологқа апару нәтиже бермейді. Ол адамдарды сол болмысы арқылы ақырын ғана өзгертеді, – деді Жұмагелді.Қорыта айтсақ, бәс тігудің зардабы айналып келгенде сол құрбан болған жанның өзінен шығып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл тұста букмекерлердің жарнамасын шектеу жайы елеусіз қалмаса керек. Әйтпесе смартфонында жылт еткен жарнамаға еріп, бәс тігуге ақырындап ден қойғандар жетерлік. Сондықтан букмекерді де, бәс тігушілерді де бақылау жайы қолға алынғаны жөн деп білеміз.