Аграрлы аймақ саналатын Қызылорда облысында күріш дақылының алар орны ерекше. Дей тұрғанмен, суармалы егістікке жататын күріш дақылын өсірудің бейнеті жетіп артылады. Оның үстіне, бірнеше жыл қатарынан дария суының өз деңгейінен төмен болуы шаруалардың ісін ілгері бастырмай отыр. Өз күрішіміз өзімізге жете ме? Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл елімізде күріштік алқаптың көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға азайғанын айтады. Оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың гектарға азайса, Түркістан облысында 2,9 мың гектар, Алматы облысында 600 гектарға қысқарыпты. Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі судың мөлшері азаюымен бірге, топырақтың тұздануы мен егістік алқаптардың айналымнан шығу процесі де күшейіп келеді. Бұл күріштің өсу қарқынын тежеп, топырақтың құнарын төмендетеді. Соған орай жергілікті әкімдікпен бірлесіп, күріш өсіруде механикаландырылған суару әдісін енгізу мүмкіндігі зерделеніп жатқаны мәлім болды. Жалпы, биылғы науқанда Қызылорда облысында 78,6 мың гектарға күріш дақылы егілген. Жиын-теріннің нәтижесінде гектарына 56,7 центнерден өнім алынып, қамбаға 450 мың тоннадан астам күріш құйылған. Шындығында, күріштік алқаптың азаюы шаруалардың шымбайына батып тұр. Ала жаздай атыз жағалаған диқан қауымының еселі еңбегі зая кетіп, өнім алу көрсеткіші төмендейтініне алаңдап отыр. Ал тиісті сала мамандары бұған ешқандай негіз жоқ екенін алға тартады.
«Елімізде күріш бидай дақылынан кейінгі негізгі өнім саналады. Сондықтан халықты күрішпен толық қамтамасыз ету басты мақсат. Бұл тұрғыда межелі үдеден толық шығып отырмыз. Сондай-ақ 100-150 мың тонна өнімді экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар. Яғни, Ресей Федерациясына, Ауғанстанға, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасына экспортталып жатыр. Негізінен, күріштің алқабы кеміген сайын оның өнімділігі артады. Бірақ көпшілігі бұл жайында бейхабар. Сондықтан да қоғамда екі түрлі пікір қалыптасуда. Бірақ бұған алаңдауға негіз жоқ», – дейді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Әсет Тоқтамысов.Ауыспалы егістік жүйесі сақталса Бүгінде Қызылорда облысында 280 мың гектар суармалы егістік бар. Қазір соның 90 мың гектарға жуығы ғана пайдаланылып отыр. Қалған бөлігі игерусіз жатыр. Өйткені бұл бөлігі сор басқан, лайлы, батпақты, игеруге жарамсыз жерге айналған. Себебі егістік жерлерді біржақты мақсатта, яғни жоспарды орындау мақсатында пайдалануы салдарынан тұзданып кеткен. Бұл тұрғыда ауыспалы егістік жүйесі сақталмағандықтан, жердің құнары жойылған. Сондықтан ауыспалы егістік жүйесін сақтау қажет. Ғалымдардың пікірі осыған саяды. Ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары берген тағы бір мәліметке сәйкес, аймақта ағын суды тиімді пайдалануда әлі де көптеген қитұрқылық белең алған. Нақты айтқанда, арнайы тексеріс барысында «бармақ басты, көз қыстыға» салып, артық күріш егіп жатқан шаруалар анықталған. Яғни, өңірде белгіленген межеден 10 мың гектарға жуық жерге жасырын күріш еккен шаруалар бой көрсеткен. Оның ішінде Шиелі ауданында – 800 гектар, Сырдария ауданында – 2 800, Жалағаш ауданында – 3 800, Қармақшы ауданында 900 гектарға артық жерге күріш егілген. Мұндай келеңсіздіктер анықталғанымен, ешқандай шара қолданылмаған. Мамандар осының салдарынан өзі аз суды үнемдеуге мүмкіндік болмай отырғанын алға тартады. Жалпы, облыста суды тиімді пайдалануда автоматтандырылған жүйеге, шетелдік компаниялардың тәжірибесіне сүйеніп, көптеген жұмыс атқарылып жатса керек. Осындай бірқатар бастама биыл пилоттық жоба негізінде сынақтан өткізілген.
«Негізінен, 1987 жылдан 2006 жылға дейін 90 пайыз күріштің «Маржан» сұрыбы егіліп келген болатын. Сол уақытта еліміздің экономикасына бір «Маржан» сұрыбының өзі көл-көсір пайда алып келді. Алайда 2006 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институты қаржыландырылмай қалды. Сол жылдары «Маржан» сұрыбы ауруға шалдығып, тұқым өндіру қиындық туғызды. Материалдық-техникалық база сын көтермейтін күйге түсті. Сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен Ресейдің Краснодар өлкесінен күріштің 20 шақты сұрыбы Сыр өңіріне жеткізілді. Бұл күріш шаруашылығын тұралатпау бағытында қолға алынған игі бастама болатын. Алайда осы сұрыптармен бірге ауру келді. Негізінен, сырттан жеткізілген сұрыптар карантиндік тексеруден өткізілуі керек еді. Бірақ ол кезде оған көңіл бөлінген жоқ. Соның салдарынан Ресейден келген сұрыбтардың екі түрі ғана сақталып қалды. Оның ішінде «Лидер» сұрыбының вегетациясы 125 күнге созылса, «Янтарь» сұрыпының вегетациясы 115 күнге есептеледі», – дейді бұл жайында Әсет Мырзаханұлы.Су тапшылығының қиындық туғызуына орай ғылыми-зерттеу институты тарапынан жаңа сұрыптарды қолданысқа енгізуге де баса назар аударылады. Осы мақсатта суды аз қажет етіп, мол өнім беретін жаңа сұрыптар дайындау назарға алыныпты. Бұған дейін «Сыр сұлуы» сұрпы шығарылғаны мәлім. Бұл тұқымның вегетациясы 100-105 күнді құрайды. Яғни, суды аз қажет етеді. Сонысымен өз тиімділігін көрсетті. Алғашында 3 000 гектарға егілсе, биыл бұл сұрыпқа сұраныстың артып отырғаны байқалады. Үнемдеген ұтады 2000 жылдары Ресейде күріш шаруашылығы туралы арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Одан бөлек, күріш егістігі өркен жайған Краснодар өлкесі қыруар қаржы бөліп, күріш шаруашылығын дамытуға баса назар аударған. Соның негізінде бүгінде бұл аймақта күріш алқабы артып, гектарына 85-90 центнерден өнім алуға қол жеткізіп отыр. Бізге де осындай мемлекеттік деңгейде заң қабылданып, қолдау көрсетілуі керек секілді. Сала мамандарының да пікірі осыған саяды. Десек те, еліміздегі су тапшылығын ретке келтірмей, күріш алқабының ұлғаймайтыны жиі айтылады. Табиғат жанашырлары су тапшылығын қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс екенін айтып отыр.
«Соңғы екі-үш жылдықта дарияның суы азайып, көптеген күріш алқабы күйіп кетіп, диқандардың еңбегі зая болды. Оған қоса, Сыр өңіріндегі күріш алқабының көлемі 89,5 мың гектарға жетіпті. Соның салдарынан су жетіспеушілігі болды. Кеңестік кезеңде егістік көлемі 60-70 гектарды құрайтын. Ал бізде егістік алқаптың көлемі керісінше ұлғайып барады. Сондықтан күріш алқабының көлемін қысқартудан қорықпауымыз керек. Аз суды үнемдеп пайдаланудың жолы қарастырғанымыз жөн. Егіс алқаптарын әртараптандыруға баса мән берген жөн», – дейді эколог Сайлаубай Жұбатыров.Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметіне сүйенсек, елімізге алдағы жылы 10,7 млрд текше метр су жіберілмек. Қазір өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Шардара су қоймасына келетін су мөлшері 970 млн текше метрге артық екен. Нақты айтқанда, өткен жылы су мөлшері 1 млрд 172 млн текше метр болса, қазір 2 млрд 142 млн текше метрді құрап отыр. Сонда да болса су тапшылығы атыз жағалаған шаруаларды алаңдатып тұр. Мамандар күріш шаруашылығын тоқыратып алмау үшін суды аз қажет ететін жаңа сұрыптарды жерсіндіріп, суарудың тиімді тәсілдерін қолданысқа енгізуге ерекше мән беру қажет екенін айтып отыр.
Қызылорда облысы