Екі министр баспасөзге жазылу науқанына қолдау білдірді
Екі министр баспасөзге жазылу науқанына қолдау білдірді
564
оқылды
Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баспасөзге жазылу науқанына орай Астанадағы «Қазпочта» бөлімшесіне барып, бірқатар балалар басылымына жазылды. Дархан Қыдырәлі: «Биыл Президент тапсырмасына орай «Балалар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беру – мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау негізді деп білеміз», - деді. Дархан Қуандықұлы Мемлекет басшысы жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығын ауылдарды дамыту мәселесіне арнағанын, ауылдардың баспасөзбен қамтылуы, оларға басылымдардың уақытылы жетуі аса маңызды екенін, бүгінгі жасалып жатқан нақты істер өз нәтижесін береді деп ойлайтынын айтты.  width= Айта кету керек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қазпошта» АҚ ақпарат саласын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Оның аясында республикалық және өңірлік баспа басылымдарын уақытылы жеткізуді жүзеге асыру жөнінде келісім де бар. Сонымен бірге министр мерзімді басылымдарға онлайн жазылу үшін министрлік тарапынан қолдау жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде Асхат Аймағамбетов: «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы бері мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттеп,  мәжбүрлемейді. Қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Біз мұндай фактілерді болдырмаймыз. Алайда мектептердің өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған газет-журналдарға жазыла алады», – деді.
«Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова  басылымдарға жазылу науқанына байланысты жұмыспен таныстырды.