Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа президенттік мерзіміндегі бірінші Жарлығы Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы болды. Ел Үкіметі 2023 жылдың 31 наурызына дейін аталмыш тұжырымдаманы қабылдауы керек.
Осы құжатта қандай мәселелер қамтылуы тиіс деген сауал бойынша біз бірқатар азаматтың пікіріне құлақ түрген едік.
Әли БЕКТАЕВ, сенатор:
– Менің ойымша, алдымен ауыл тұрғындарының өмір сүру стандарттарын жасау керек. Болашақ тұжырымдаманың орындалуы осы стандарттардың орындалуына қарай бағалануы тиіс.
Осы стандарттарға сәйкес ауылдық елді мекендердің әлеуметтік төлқұжаттары жасалуы қажет. Осы төлқұжаттарды негізге ала отырып, ауылдық елді мекендерді дамыту үшін қажетті жұмыс және қаржы көлемі анықталғаны жөн. Тұжырымдама бес жылға есептеліп, бекітілген қаржы көлемі және оның қаржыландырылуы қысқармауы тиіс.
Мемлекетімізде ауылға, ауыл шаруашылығына қатысты қабылданған барлық бағдарламалар бір арнаға тоғыстырылуы қажет.
Елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын реттестірумен бірге, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табыс көзін қалыптастыру қатар жүруі керек. Осы екі бағытты бір-бірінен бөлуге болмайды.
Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономист:
– Жергілікті қауымдастықтың топтық меншігі, яғни муниципалды меншік формасын енгізу қажет. Мысалы, ауылды алсақ, сол ауылдың айналасындағы жайылым сол ауыл тұрғындарының меншігі болуы тиіс. Қазір шабындық, жайылым жетіспейді. Мұндай жағдайда қосалқы шаруашылықпен қалай айналысасыз?
Сондай-ақ, күнделікті жейтін азық-түліктің дайын күйіндегісінің 40 пайызын шет елдерден сатып аламыз. Ет, шұжық, көкөніс дегендей. Бұл масқара ғой... Сондықтан ауыл шаруашылығын экономиканың орталық саласы қылу керек. Басқа бүкіл өндіріс салаларының бәрі ауыл шаруашылығына қызмет ететін сала деп есептеу керек.
Дүниежүзіне саудаға тек қана біздің ең болмаса екі-үш сатыда өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруды, соны экспорттауға басымдық бергеніміз жөн. Ауылды осылай ғана көтереміз. Сонымен қатар қажет болса көп жерде ауыл шаруашылығын вахталық әдіске көшірсек ұтылмаймыз. Мейлі қалада тұра берсін, өркениеттің қызығын көре берсін, бірақ апталап вахтаға шығып тұрса, мал бақса да болады.
Дос Көшім, қоғам қайраткері:
– Ең бірінші – жұмыспен қамту мәселесі. Бұл ауылдағы өндірістерді – май болса, сүт болса соны тауарға айналдыру. Қазір көптеген ауылшаруашылық өнімдерін шетелден алып отырмыз. Қазақстан осы өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз етуі қажет. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары ауылдарда орналасуы, солар өнім беруі керек. Бұл кішігірім өндіріс болса да жеткілікті. Сонда ғана ауылдағы ең басты – әлеуметтік-экономикалық мәселесі шешіледі. Ең басты мәселе сонда.
Екінші мәселе – бұл ауыл жастары. Оларды ауылда қалдыру мәселесі, ойландырады. Мәдени шаралардың ұйымдастырылуы, спортпен айналысу, бос уақытты өткізу жайын реттеген жөн. Қысқасы қаладағы жағдайлардың көпшілігін мүмкіндігінше ауылдар да қолжетімді етуіміз керек. Бір кездері ауыл театрлары да болған. Спорт кешендері қажет. Ауылда спорт мәселесі өте күрделі. Жастар бос уақыттарында немен айналысатынын білмейді.
Алтай ӘБІШЕВ, Қарағанды облысының фермері:
– Ауыл шаруашылығына жастарды жұмысқа тарту және жұмыспен қамту, жұмысқа орналасуына жағдай жасау мәселелерінің шешілгенін қалаймын. Жұмыспен қамтуға Үкіметтен субсидия беріп жас мамандарды қызықтыру керек. Екінші мәселе – ауыл шаруашылығына жер, несие беру, субсидия беру. Субсидия беру уақыты кейде ұзаққа созылып кетеді. Үшінші мәселе – шаруа қожалықтарына заң органдарының тексеруін шектеу, жұмысына кедергі келтірмеуі. Мораторийді кәсіпкер экономикалық жағдайын түзеп алған соң ғана алу керек. Төртінші – ауыл шаруашылығында білікті маман жетіспеушілігі. Шаруа қожалықтарына ветеринар, малшы, тракторшы табу қиын. Бесінші – үлкен ауылда немесе ауылдарға жақын бірнеше шағын бөлімшелерге ортақ бір қасапхана, ет, жүн-тері қабылдайтын арнайы орын керек. Сонда фермер қашықтағы қалаға өнімін тасымалдап әуре болмайды, не ауылға келетін делдалдарға ақысын жегізбейді.