"Қарауындағылардан ақша жинайды": БҚО-да полиция қызметкерлерінің хаты бойынша тексеру басталды
"Қарауындағылардан ақша жинайды": БҚО-да полиция қызметкерлерінің хаты бойынша тексеру басталды
Фото: ҚР ІІМ
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінен Ішкі істер министрлігіне жолданған ұжымдық хат бойынша қызметтік тексеру басталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әлеуметтік желіден мәлім болғанындай, ҚР Ішкі істер министрі М.Ахметжанов пен министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің бастығы А.Садановтың атына жолданған хатта патрульдік полиция батальонында заңның үстемдік құрмай, моральдық ахуалдың күн санап нашарлап бара жатқаны жазылған. Хатта батальон мен взвод командирлерінің қарауындағылардан ақша жинайтыны, басқа да деректер келтірілген. Осыған байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін қызметтік тексеру басталғанын жеткізді. «Тексеріс қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады», - деп хабарлады министрліктен. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде жол апатынан 2 адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.