«Ал зерделеуден өткен 255 нысанның 75-інде кемшіліктер толығымен жойылып отыр. 180 нысан бекітілген талаптарға сәйкес еместігі анықталған. Кемшіліктер бойынша мемлекеттік мекеме басшылары мен жеке меншіктегі ғимарат иелеріне ескерту берілді», – дейді Қалыйма Жантөреева.Сонымен қатар «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Қамқорлық» бағдарламасы іске асып келеді. Түркістан облысында аталған жоба аясында 2020-2021 жылдары партияластар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен 825 млн теңгеге 2 679 адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде 85 азаматқа тұрғын үй алып берілсе, 90 жан тұрақты жұмыспен қамтылған. «Партия тарапынан бекітілген жобалардың барлығының да өзіндік орны бар. Дәл қазір халыққа қажетті саналады. «Бақытты отбасы» жобасының да алар орны ерекше. Өңірдегі көмекті қажет ететін біршама азамат осынау жобаның игілігін көріп отыр. Нәтижесінде, 230 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, өмірлік қиын жағдайға тап болған 2 679 отбасының 1 036-ы дағдарысты жағдайдан шықты. Ал 630 отбасы өздерінің өмір сүру жағдайларын түзетіп отыр», – дейді атқарушы хатшысының міндетін атқарушы. Биыл жыл басынан бері 1 027 отбасы «Қамқорлық» жобасының шарапатын көрген. Оның ішінде 23 отбасыға тұрғын үй алып берілсе, 33 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. 37-сі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, қалған отбасыларға 190 140,9 мың теңгеге азық-түлік, киім-кешек, тұрғын үйді жөндеу, медициналық көмек, несиесін жабу секілді көмек түрлері ұйымдастырылған. «Балаларды мектепке даярлаймыз» акциясы аясында партияластардың демеушілігімен облыс көлемінде тұрмысы төмен, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардан шыққан 2 013 оқушыға мектепке қажетті құралдар, мектеп формалары алынған. Биыл іске қосылған ерекше жобаның бірі – «Жер аманаты». Бұл мәселемен әсіресе, жер емген оңтүстік өңірінің тұрғындары жиі бетпе-бет келеді. Игерілмей жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекет меншігіне қайтару Мемлекет басшысы тарапынан қолға алынған. Бұл бағытта «Жер аманаты» жобасы жасалып, бүгінде қызу жұмысқа кіріскен. Партияның Түркістан облысындағы филиалында арнайы комиссия құрылып, 2022 жылы ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың гектар ұлғайту жоспары әзірленді. Бүгінде жоспар аясындағы жұмыстар екі бағытта жүргізіліп жатыр. Оның біріншісі, өңірде 405,2 мың гектар мақсатсыз пайдаланылып отырған жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару болса, екіншісі, 606,8 мың гектар болатын ірі жер пайдаланушылармен меморандум жасау арқылы қайтару. Осы орайда, биыл партияның күш-жігерімен ауылдағы тұрғындарға 487,7 мың гектар ортақ жайылым қайтарылған. Оның 66,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтару жолымен, 421,4 мың гектары меморандум арқылы жүзеге асып отыр. Кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарына «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» атты жобаны іске қосқаны белгілі. Бұл – мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған бастама. Ауылдық округ тұрғындарын жұмыспен қамтуды ұлғайту және еңбек табысын арттыру аясында қолға алынған жобаның алға қойған міндеттерін түсіндіруге арналған 3 күндік семинарға 181 ауылдық округ әкімдері қатысқан. Партиялық жоба аясында құрылған ақпараттық-насихат топ 32 ауылда тұрғындармен кездесті. Аталған жоба келер жылы жұмысын бастамақ. Міне, бүгінде партиялық жобалар осылайша өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр.
Түркістан облысы