Елдегі негізгі астық өндіруші өңірлердің бірі болғандықтан, Ақмола облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ерекше құндылыққа ие. Дегенмен кезінде «Бармақ басты, көз қыстымен» ауылдардың шұрайлы жерлерінің басым көпшілігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Банктердің кепілдігіне қойған жерлерінен айырылған ауылдағы ағайынға енді малын да бағу мұңға айналған. Толғағы жеткен күрделі мәселеде «AMANAT» партиясы да үн қосып, заңсыз алпауыт латифундистердің жайлап алған миллиондаған гектар жер мемлекетке қайтарылды. Партияның облыстық филиалының мәліметінше, бүгінде Qoldau.kz деректер базасына сәйкес облыс аумағында 2 миллион 641,6 мың гектар жер, оның ішінде 153,3 мың гектар егістік пен 2 488,3 мың гектар жайылым анықталған. Аталған жерлердің 1,5 миллион гектарға жуығы тиімсіз қолданылатыны анықталған. Тексеріс барысында 1 183,4 мың гектардың мүлде пайдаланылмағаны белгілі болған. Өткен кезеңде Ақмола облысының жер ресурстарын басқару департаменті 119 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 537,1 мың гектар алқапта жер заңнамасының бұзылуына қатысты 91 нұсқау берілген. Бұл материалдар 20 еселік мөлшерде салық салу үшін Ақмола облысының мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып, ауыртпалық жүктеліпті. Тексерістер нәтижесінде 206,7 мың гектар алқап, оның ішінде 77,8 мың гектар егістік пен 128,9 мың гектар жайылым жерлер қайта қолданыла бастаған. Қазір облыстың сот органдарында 141,1 мың гектар алқапта 23 талап-арыз қаралуда. Оның ішінде «Орловка», «Есіл Агро», «Аскоп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне тиесілі 41,4 мың гектар алқап ауыл шаруашылығы жерлері бойынша 3 талап-арыз мәжбүрлеп тәркілеуге бағытталыпты. Мемлекет басшысы тапсырмасын орындау мақсатында республикалық жұмыс комиссиясы мен құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, құқық қорғау органдары және басқа да құзіретті мемлекеттік органдардың өкілдері бар облыстық ведомствоаралық топтар құрылған.
– Бүгінде облыс аумағында комиссияның тексерісі нәтижесімен 302,4 мың гектар жер тәркіленіп, оның ішінде 214,5 мың гектар жердің иесі өз еркімен бас тартқан. 6,4 мың гектар жер учаскесі заңсыз ұсынылуына байланысты құқықтық құжаттары мен 81,5 мың гектар жердің жалға алу мерзімі аяқталған. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің бәрін аудан әкімдіктері бірінші кезекте халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында бөлетін болды, – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі.Жалпы республикалық, сонымен қатар өңірлік «Жер аманаты» комиссиясының құрылуы жайылым жерлердің тапшылығы мәселесін шешуде және заңсыз берілген қолданылмайтын жерлерді кері қайтаруда маңызды шешім болғаны рас. Партияның Ақмола облыстық филиалына жер мәселелері бойынша тұрғындардың ондаған арыз-шағымдары түскен. Бүгінге дейін қоғамдық қабылдауға 24 арыздың түскені анықталды. Оның 19-на нақты жауап берілсе, бесеуі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қарауына тапсырылған. «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының мүшелері көшпелі кездесулерді екі мәрте Қорғалжын және бір мәрте Атбасар, Біржан сал, Жақсы, Жарқайың және Сандықтау аудандарында өткізген. Сонымен қатар Атбасар, Зеренді және Целиноград аудандарының тұрғындарымен онлайн-кездесулер өтіпті.
Ақмола облысы