«Жер аманаты» комиссиясының жемісті жұмысы жалғаса береді
«Жер аманаты» комиссиясының жемісті жұмысы жалғаса береді
Қазақстан – жайылым  жер көлемі бойынша әлемде 5-орында. Соған қарамастан шаруалар тарапынан жайылым  жер тапшылығына қатысты шағым азайған емес. Осы парадокстан арылу мақсатында маусым айында «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Комиссия құрылғаннан бері 5 ай ішінде өнімді жұмыс істеді. Жоба аясында жоспарланған 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды деп жоспарланған. Ел аумағының барлық бөлігінде небір қитұрқы әрекеттер арқылы үлкен көлемде заңсыз түрде жер иеленгендер жетіп артылады. Кейбір өңірлерде жекелеген адамдар жүздеген мың гектар жерді заңсыз иемденіп алған. Ал кей компаниялар ұсақ шет мемлекеттердің территориясынан да үлкен жер аумағын алып алған. Мысалы, батыс өңірде бір әкімнің баласы бір өзі 25 мың гектар жерді иеленген. Ал Жамбылда Жер басқармасы, ХҚКО-да жұмыс істейтін жекелеген азаматтар 7-12 гектар жер телімін өз атына рәсімдеп алған. Тіпті, біреуі 4 мың гектар жерді иемденіп кеткен. Осыларға ұқсас мысалдар өте көп. Салдарынан елдегі қарапайым шаруалар үшін жайылым жер аса өзекті мәселеге айналды. Осы ретте «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы аталған мәселенің шешімін табумен айналысты. Комиссия маусым айында құрылып, заңсыз иемделген және пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізді. Бұл жұмыстар Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей атсалысуымен жүзеге асырылды. Оның мақсаты – ұзақ уақыттан бері пайдаланылмаған және заңсыз сатып алынған ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, халыққа әділ түрде бөліп беру. Мұны «AMANAT» партиясының хатшысы Асхат Оралов та түсіндірген болатын.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді етуге тапсырма бергені белгілі. Президенттің қоғамдық тірегі ретінде партия бұл мәселені шешуге атсалысуға кірісіп кетті. Апта басында партия төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысы, оның ішінде комиссия қызметі туралы да ақпарат берді», – деді Асхат Оралов.
жер аманаты Комиссия құрамына партия депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері кірді. Олар елдегі барлық өңірдің ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерімен танысты. Нәтижесінде, қысқа уақыт ішінде біртіндеп мемлекетке жерлерді қайтара бастады. Мәселен, үш ай ішінде шаруалардың қолына 10 аймақта 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Сонымен қатар  Қарағанды облысының өзінде ғана 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
«Жергілікті тұрғындар үшін жайылым  жер мәселесі өте өзекті. Сондықтан ауыл тұрғындарына мұндай комиссия әбден қажет болды. Біз бәрін тексеріп, кейбір олигархтардың жерлерін мемлекетке қайтарамыз. Себебі барлығы заң алдында тең екенін атап өткім келеді», – деген еді «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, жер мәселелері жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек.
жер аманаты Комиссия мүшелеріне Маңғыстау өңіріндегі ауыл тұрғындары да жайылым  жерлердің тапшылығына қатысты шағым түсірген болатын. Мәселен, Маңғыстау облысы  Таушық ауылының тұрғыны Амангелді Жүнбасов комиссия мүшелеріне мал бағатын жер жоқ екенін жеткізді. Жақын маңдағы жер иелері жергілікті тұрғындарға жайылым жерді пайдалануға рұқсат бермеген. Сондықтан жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымдардың шекарасын кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұрды. Нәтижесінде, Маңғыстау облысында комиссия 240 мың гектар жерді халыққа қайтарды. Ал Жетісу облысында көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша 41 мың гектардан астам жайылым  жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмаған жайылым  жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға нақты тапсырма берді. Президент бірнеше рет айтқандай, жерді иеленетін латифундистер бар, бірақ олар оны не пайдаланбайды, не басқаларға бермейді. Біздің комиссияның міндеті – осы мәселеде әділдік орнату», – деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
Ақмола облысында да тұрғындар тарапынан бірнеше шағым түскен. Атбасар ауданы Сочинское ауылының тұрғыны Асылхан Тастеміров елді мекенге бекітілген 6 мың гектар жайылымның аздық етіп отырғанын айтты.
«Ауылда 200-ге жуық отбасы бар және барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады. Адамдар ірі қара мен жылқы өсіріп күн көреді. Сондықтан жайылым мәселесі өте өзекті», – деп комиссиядан үміт күтетінін жеткізген болатын.
жер аманаты Нәтижесінде, Ақмола облысында комиссияның көмегімен 60 мың гектар жайылым  жер қайтарылды. Енді ол жерлерді ауыл тұрғындары мал жайып, шөп шабу үшін пайдаланады. Ақтөбе облысында шаруаларға 20 мың гектардан астам жайылым жер қайтарылды. Байғанин ауданында – 15 мың гектар, Хромтау ауданында – 1,9 мың гектар, Қобда ауданында – 2,1 мың гектар, Әйтеке би ауданында – 149 гектар, Қарғалы ауданында – 876 гектар, Ақтөбе қаласында  370 гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Сол сияқты Түркістан облысында комиссия 17 мың гектар жайылымды мемлекеттік меншікке қайтарған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында латифундистердің иелігінде болған 18,9 мың гектар жер ауыл тұрғындарына бөліп берілген. Олардың ішінде  Ақжар ауданында – 9,5 мың, Қызылжар ауданында – 4,2 мың, Жамбыл ауданында – 2,5 мың, Мамлют ауданында – 1,9 мың, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда – 0,8 мың. «Жер аманаты» комиссиясы өз жұмысын бастағаннан бергі бес ай ішінде нәтижелі жұмыс істеді. Бастапқыда Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекет меншігіне 5 млн гектар жерді қайтару көзделген болатын. Сонымен қатар  жұмыс барысында комиссия 209 млн гектар жерді пайдаланушыларға қатысты жоспардан тыс 1 246 тексеру ісін тіркеген. 1,9 млн гектар алаңға 873 ұйғарым енгізіліп, 306,2 мың гектар алаң бойынша 107 материал сот қарауына берілген. Қазір 1,6 млн гектар жер игеріле бастаған. Ал 2023 жылдың соңына дейін 10 млн гектар жер бойынша шешім қабылданбақ. Аталған шараға 200 штат бірлігі бөлінген. жер аманаты Жалпы, ұзақ жылдардан соң жер телімдерін тексеріп, оны мемлекет меншігіне қайтару оңай емес. Себебі  процесс барысында көптеген қиындық  кездеседі. Мысалы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, кейбір жерлер банктерге кепілге қойылған. Ал банктер ол жерлердің кейбірін сатып жіберген. Оны шешу үшін облыстық әкімдіктермен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп көптеген шара  атқарылды. «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы оң нәтиже беріп отырғанына осы аталғандардың бәрі де дәлел бола алады. Азғана уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарылып, өз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде комиссияның жұмысы жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақстандықтар «AMANAT» партиясының сенім телефоны 8-800-080-44-41 арқылы заңбұзушылық фактілері туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы +7-700-800-44-41 нөмірі бойынша да қабылданады.