Қазақстан халқын жылумен жабдықтау жүйесі «депрессивті жағдайға» жеткен. Жылу қуатының бүкіл жолында – өндірістен тұтынуға дейінгі аралықтағы барлық инженерлік құрылғы мен жабдықтар көнерген, технологиялық тұрғыдан ескірген. Салдарынан, жүйенің пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен. Үкімет тапсырысымен салаға талдау жүргізген Азия даму банкі сарапшылары осындай көңілсіз қорытындыға келді. Олигархтар салаға жеткілікті инвестиция салмай, ЖЭО-лардың әлеуетін сарқа пайдалануға, ылан-ойран пайда табуға әуес. Енді оны мемлекетке кері өткізе салып, бар ауыртпалығын елге аударуға ниетті. Озық орнына тозық қылды
Биыл, бейбіт заманда, айдың-күннің аманында қазақстандық жылу жүйелері бірінен соң бірі жарылып жатыр. Назар аударатын жайт, оқиғалардың бәрі дерлік жеке қолдағы жылу-электр орталықтарында (ЖЭО) болған.
«Қазіргі уақытта Қазақстан қалаларының коммуналдық инфрақұрылым объектілерінің орта есеппен 75%-ы ауыстыруды, не толық жаңартуды талап етеді. Соның ішінде, аудандық жылу желілерінің 80%-ы ескірген, бұл жылу энергиясының үлкен көлемде шығындалуына соқтырып отыр. Моно және шағын қалаларда инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі қанағаттанарлықсыз. Су, кәріз, жылу және электр желілері жоғары деңгейде тозған және айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажетсінеді», – деп хабарлады Дүниежүзілік банк консультанттары.
Ал Қазақстандық электрэнергетикалық қауымдастығының мәліметінше, ел халқының 70%-ы орталықтандырылған жылумен жабдықталған. Яғни, бір жағынан, орта ғасырлардағы сияқты пеш жағуға мәжбүр отбасылардың азаюы қуантады. Екінші жағынан, егер орталықтандырылған жүйелерде апат жиілесе, онда жылусыз қалатын шаңырақтар саны да күрт артатыны байқалады. Бұл ретте қауымдастық ЖЭО, қазандықтар, жылу желілерінің негізгі және қосалқы жабдықтары тозудың жоғары дәрежесіне жеткенін ескертті.
Бұл байламды Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті растады. Ресми дерек бойынша елімізде барлық ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарының тозуы орта есеппен 55,42%-ды құрайды. Жылу трассаларының тозуы ел бойынша 59%-дан асты. Жамбыл облысында – 89,3%-ға жеткен. Демек, ол өңірде де сақ болған жөн.
«Қазақстан халқын орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері депрессивті техникалық жай-күйге жетті: жылу өндіруден бастап, тұтынуға дейінгі жылу энергиясының барлық жолында көнерген, технологиялық ескірген инженерлік жабдық қолданылады. Салдарынан пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен: қазандықтарда бұл көрсеткіш – орта есеппен 75%, ал бүкіл жүйеде – 58%-дан аспайды. Жылу орасан зор көлемде жолай, яғни тасымалдау, тарату кезеңдерінде жоғалады: болжамды шығын диапазоны 18-42 пайыз аралығында. Бұған аталған барлық кезеңдердегі апаттылықтың жоғары деңгейі қосылады», – деген үрейлі қорытындыға келді Азия даму банкінің мамандары.