Қазақстан халқын жылумен жабдықтау жүйесі «депрессивті жағдайға» жеткен. Жылу қуатының бүкіл жолында – өндірістен тұтынуға дейінгі аралықтағы барлық инженерлік құрылғы мен жабдықтар көнерген, технологиялық тұрғыдан ескірген. Салдарынан, жүйенің пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен. Үкімет тапсырысымен салаға талдау жүргізген Азия даму банкі сарапшылары осындай көңілсіз қорытындыға келді. Олигархтар салаға жеткілікті инвестиция салмай, ЖЭО-лардың әлеуетін сарқа пайдалануға, ылан-ойран пайда табуға әуес. Енді оны мемлекетке кері өткізе салып, бар ауыртпалығын елге аударуға ниетті. Озық орнына тозық қылды Биыл, бейбіт заманда, айдың-күннің аманында қазақстандық жылу жүйелері бірінен соң бірі жарылып жатыр. Назар аударатын жайт, оқиғалардың бәрі дерлік жеке қолдағы жылу-электр орталықтарында (ЖЭО) болған.
«Қазіргі уақытта Қазақстан қалаларының коммуналдық инфрақұрылым объектілерінің орта есеппен 75%-ы ауыстыруды, не толық жаңартуды талап етеді. Соның ішінде, аудандық жылу желілерінің 80%-ы ескірген, бұл жылу энергиясының үлкен көлемде шығындалуына соқтырып отыр. Моно және шағын қалаларда инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі қанағаттанарлықсыз. Су, кәріз, жылу және электр желілері жоғары деңгейде тозған және айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажетсінеді», – деп хабарлады Дүниежүзілік банк консультанттары.Ал Қазақстандық электрэнергетикалық қауымдастығының мәліметінше, ел халқының 70%-ы орталықтандырылған жылумен жабдықталған. Яғни, бір жағынан, орта ғасырлардағы сияқты пеш жағуға мәжбүр отбасылардың азаюы қуантады. Екінші жағынан, егер орталықтандырылған жүйелерде апат жиілесе, онда жылусыз қалатын шаңырақтар саны да күрт артатыны байқалады. Бұл ретте қауымдастық ЖЭО, қазандықтар, жылу желілерінің негізгі және қосалқы жабдықтары тозудың жоғары дәрежесіне жеткенін ескертті. Бұл байламды Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті растады. Ресми дерек бойынша елімізде барлық ЖЭО-лардың негізгі жабдықтарының тозуы орта есеппен 55,42%-ды құрайды. Жылу трассаларының тозуы ел бойынша 59%-дан асты. Жамбыл облысында – 89,3%-ға жеткен. Демек, ол өңірде де сақ болған жөн.
«Қазақстан халқын орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері депрессивті техникалық жай-күйге жетті: жылу өндіруден бастап, тұтынуға дейінгі жылу энергиясының барлық жолында көнерген, технологиялық ескірген инженерлік жабдық қолданылады. Салдарынан пайдалы әрекет коэффициенті өте төмен: қазандықтарда бұл көрсеткіш – орта есеппен 75%, ал бүкіл жүйеде – 58%-дан аспайды. Жылу орасан зор көлемде жолай, яғни тасымалдау, тарату кезеңдерінде жоғалады: болжамды шығын диапазоны 18-42 пайыз аралығында. Бұған аталған барлық кезеңдердегі апаттылықтың жоғары деңгейі қосылады», – деген үрейлі қорытындыға келді Азия даму банкінің мамандары.Шұғыл ауыстыруды қажет ететін жылу, бу желілерінің жалпы ұзындығы 3 220 шақырымнан асты. Бұл бүкіл жылу құбырларының 28 пайызы. «Пеш үстінде» рахаттанған кімдер? Екібастұздағы және жалпы, жылу жүйесіндегі төтенше оқиғаларға қатысты пікір білдірген түрлі сарапшылардың тұжырымдары бір арнада тоғысқандай: ЖЭО жекеменшік иелеріне мемлекеттік бақылау күшейтілуі тиіс немесе олар мемлекетке қайтарылғаны жөн. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Ә.Смайыловқа қалалардағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне кері оралту мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі, ол активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансаларында апат жиі болып, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз жабдықтай алмай отыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, республикада 10 жылу-электр орталығы – мемлекеттік, тағы 6-ауы – квазимемлекеттік компаниялардың меншігінде. Қалған 21 ЖЭО-ның бәрі, яғни басым көпшілігі – жекеменшіктің қолында. Ашық дереккөздерден ЖЭО-лардың, яғни стратегиялық объектілердің қожайындары кім екенін, жүйені пайдаланудан кімдер пайдаға кенеліп отырғанын білуге болады. Бір апта бұрын құрылғысы істен шығып, қазандығы жұмысын тоқтатқан «Өскемен ЖЭО» ЖШС «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясына тиесілі. КазТАГ жазуынша, компания Мәжілістің бұрынғы төрағасы Н.Нығматулиннің құдасы, олигарх Дінмұхамет Идрисовтың бақылауында. Қарағандының ЖЭО-сына «Караганда энергоцентр» ЖШС иелік етеді. Компанияның сайтындағы ақпаратқа жүгінсек, оның құрамына екі орталық – ЖЭО-1 және ЖЭО-3, екі ірі электр желілік компания – «Қарағанды жарық» және «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-лары, сондай-ақ 4 өткізуші компания кіреді. Оның бәрін Идрисов уысында ұстайды. Согринская ЖЭО тізгіні де соның қолында. Петропавл ЖЭО-2-ні «СевКазЭнерго» АҚ-ы арқылы олигарх А.Клебанов бақылайды. Павлодардағы ЖЭО-2 де, Екібастұз ЖЭО-сы да соның қарауында. Дәлірек айтқанда, бұлар Орталық-Азия Электрэнергетикалық корпорациясы» («ОАЭК» АҚ) құрамына кіреді. Ал ОАЭК-тегі үлес келесідей бөлінген: 47,1% үлесті – Александр Клебанов, тағы 47,1% – олигарх Сергей Кан қанжығалаған. Ұлттық құрылтай мүшесі, экономикалық шолушы Денис Кривошеевтің мәліметінше, Клебанов Астананы жылумен жабдықтау (АстанаЭнергоСбыт) жүйесінің жұмысынан да пайда тауып отырғанға ұқсайды. Ал Қарағанды өңіріндегі негізгі жылу жүйесі үнді олигархы Лакшми Митталдың қалтасын қампайтып отыр. «АрселорМиталл Теміртау» АҚ иелігіндегі Қарағанды металлургиялық комбинатының ЖЭО-сы қаланы және оның айналасындағы елді мекендерді жылытады. Теміртау қаласындағы ГРЭС-1 Михаил Ешуткин бақылауындағы Bassel Group LLS ЖШС меншігінде. [caption id="attachment_230807" align="aligncenter" width="1541"]