«Жыл сайын жылу маусымында осындай жүйесіздік болып тұрады. Бұл қала тұрғындарына қалыпты құбылысқа айналып тұр. Құзырлы мекемелерге әр жылда осы мәселе төңірегінде шағымданғанымызбен еш нәтиже болар емес. Жылу берілді деген аты ғана. Қыс бойына үйіміз жылымайды. Жылудың қысымы аз. Соның салдарынан өлместің күйін кешіп шығамыз. Салқын үйден балаларымыз тұмауратып, ауырып жатыр. Ал жылу ақысын төлейтін кезде қара халықты қыспаққа алады. Бұл тұрғыда қала әкімдігіне қарасты ТКШ мекемесіне айтылар сын-ескертпе көп. Бұл аздай ПИК мүлде жұмыс істеп жатқан жоқ. Алайда оған да қара халық ақша төлеуге міндетті. Мұндай бассыздыққа тосқауыл қою керек. Өз міндетін дұрыс атқармаған құзырлы мекемелерге шара қолданып, жұмыстарын бір жүйеге түсіретін кез келді», – деп ашынады қала тұрғыны Құндызай Рахимова.Жалпы қай кезде де ПИК-тің жұмысына халықтың көңілі толмай келеді. Өйткені жыл сайын тұтынушылар дәл осындай қиындықтарға тап болады. Ал жауапты мамандар тарапынан мұны жылу құбырларынан ақау шыққанымен түсіндіреді. Осы төңірегінде жөндеу жұмыстарымен айналысатын мамандармен пікірлескенімізде, жылу маусымына дайындық жұмыстары назардан тыс қалмағандығын алға тартты. Алайда, құбырдан шыққан ақауларға қаржы тапшылығы қолбайлау болатынын жеткізді. Әрбір көпқабатты үйлердің тұрғындары қалталарынан ақша шығарып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алса, жөндеу жүргізіп беруге дайын екенін мәлімдеді. Себебі, мекеме тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізуге ешқандай мүмкіндіктері жоқ екенін жеткізді. Егер мемлекет тарапынан тарифтың бағасын көтерсе, барлық жауапкершілікті өз міндеттеріне алатынын айтып отыр. Бұл жайында халық тарапынан да көптеген сын-ескертпелер айтылып жүр.
«Қаланың сол жағалауында тұрамын. Биыл өзіміз тұрып жатқан көпқабатты үйдің жылуының қысымы өте аз. Жылу қосылды деген аты ғана. Үй өте салқын. Түнімен тоңып шығамыз. Алдағы қытымыр қыстың ызғарында жағдайымыздың қалай болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Қала әкімдігі бұл жайттан құлағдар. Арнайы мамандар жіберіп, тексерістен өткізетінін де мәлімдеген. Әзірге еш өзгеріс жоқ. Жылу батареялары жылымай тұр», – деп мұңын шақты сол жағалау тұрғыны Ғазиза Мейрамбек.Осы мәселе төңірегінде қала аумағында жылуға жауапты «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ға хабарластық. Онда қысқы маусымға дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілгенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта қалада 18 АБМК қазандағы бар. Нақты уақытта осы қазандықтар 48-57 градус жылу қысымын ұстап тұр. Қала бойынша 764 көпқабатты үй болса, оның 200-ден астамында жылу мәселесінде айтарлықтай мәселе жоқ. Ал қалған үйлерді жағдайына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Оның ішінде жылу құбырларына ағымдағы жөндеу және күрделі жөндеу қажеттілігі туындап тұрған үйлер бар. Бүгінде қаладағы көптеген тұрғын үйлердегі жылу құбырларының техникалық жағдайы талапқа сай емес. Сондықтан жылу маусымы басталар кезде қала әкімдігі басшылыққа алып, ПИК мамандары жіті қадағалауға алуы тиіс. Тұрғындар бір ауыздан өздері тұратын көпқабатты тұрғын үйінің жылу құбырларын жөндеуден өткізуге атсалысуы тиіс. Жылу қысымының өз деңгейінде берілмеуі сол әрбір көпқабатты үйлердің техникалық жағдайының төмен болуынан орын алады. Сондықтан жауапты мекемелермен бірлесіп жылу қондырғыларын жаңалау, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Өзіміздің жылу орталығынан кемшілік жоқ. Қажетті жылу өз деңгейінде беріліп тұр. Біздің негізгі міндетіміз – әрбір тұрғын үй аумағына ауа райына қарай тиісті температурада жылуды жеткізіп беру. Ал жылудың элеватор тораптары арқылы әр пәтерге таралуына тұрғындардың өздері дайындық жұмыстарын жүргізу қажет», – деп түсіндірді бұл жөнінде «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК бас инженерінің міндетін атқарушы Бақытжан Молдиманов.Ал облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы өңірде жылумен қамту жұмыстары тыңғылықты жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Қызылорда облысы бойынша жылу беру маусымы ағымдағы жылдың қазан айының 4-11 аралығында басталды. Қазіргі уақытта 1064 әлеуметтік нысандар және 845 көпқабатты тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Негізінен жылу беру маусымына қажетті 176,2 мың тонна көмірдің 158 мың тоннасы жеткізілді. Оның ішінде тұрғындарға 128 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 30 мың тонна алынды. Қазіргі уақытта облыс бойынша 280 әлеуметтік нысан сұйық отынмен жылытылады. Жылу маусымының тұрақты өтуі облыс әкімдігінің бақылауында», – деп түсіндірді басқарма.Осы орайда Қызылорда қаласы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне осы мәселе төңірегінде хабарласып көрдік. Алайда, аталмыш бөлім тарапынан қала аумағындағы жылу мәселесіне байланысты тұшымды жауап бере алмады. Қалай дегенде де, сыз тартқан салқын үйде бүрсең қағып отырған халықты құзырлы орынның «бәрі ойдағыдай» деген жауабы қанағаттандырмайтыны анық. Жылу маусымына жүрдім-бардым қарауға болмайтынын қаперде ұстаған абзал.
Қызылорда облысы