«Ыстық суды бүгін, ертең береміз деп бос уәде берудің қажеті жоқ» – Ақтауда шенеуніктер сөгіс алды
«Ыстық суды бүгін, ертең береміз деп бос уәде берудің қажеті жоқ» – Ақтауда шенеуніктер сөгіс алды
Фото: kapital.kz
529
оқылды
Ақтауда ыстық су өшірілді. Ауызсу беру шектелді. Әкімдіктің мәліметінше, тұрғындар сусыз қалғаны үшін әкім бірнеше шенеунікке сөгіс жариялады. Жөндеу жұмысына байланысты қалаға ыстық су беру тоқтатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Қала әкімі Ербол Ізбергенов мәселенің себебін МАЭК электр стансасы қондырғыларының ескіруіне байланысты деп отыр. Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаланы жылу және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Өңір басшысы тұщыту  қондырғысын жөндеуге байланысты ауызсу қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
«Жағдайға нақты талдау жасалуы керек, сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай, кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан болып отыр», – деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, «МАЭК» ЖШС бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады.