Ыстық су түсіне кіріп жүр...
Ыстық су түсіне кіріп жүр...
584
оқылды
Сұлу сырдың жағасында орналасқан Қызылорда қала­сында шынында да орталық­тандырылған ыстық су жүйесі жоқ. Осы күнге дейін болмаған әрі қашан іске қосылатыны да беймәлім. Күні бүгінге дейін қан­шама әкім «жұмыстар жүр­гізіліп жатыр» деп ауыз тол­тырып айтқанымен, бұл мә­селе түбегейлі шешімін тап­пай отыр. Жалпы, қолда бар мәліметке сү­йенсек, Сыр өңіріндегі жылу электр стансасының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Бүгінде әбден тозығы жеткен станса халықты әупі­рімдеп жылумен қамтып келеді. Бұған дейін Қызылорда облысы әкімі қыз­метін атқарған тұста Қырымбек Кө­шербаев осы мәселені тілге тиек етіп, оның түйінін тарқатуға күш салатынын айтқан болатын. Бірақ уәде құрғақ сөз күйінде қалып қойды. Негізінен, Қызылорда қаласы – республика бойынша ХХІ ғасырдағы орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ жалғыз қала. Бұған қоса, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі инженерлік құрылымдары өте ескір­ген. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, әлі де атқарылар іс бар­шылық. Ең бастысы, аталмыш мекеме «Қызы­лордаЖылу­Электр­Орта­лығы» МКК-нің жұмысы барлық қажеттілікті өтей алмай тұр. Соған орай жаңа стан­са салу мәселесі өзектілігін жоғалт­қан емес. Бұған дейін стансада 9 қазандық, 6 генератор болса, бүгінде соның тең жартысы толыққанды жұ­мыс істемейді. Ал қаладағы ыстық суға қатысты келеңсіздікті алға тарта қалсаңыз, мә­селе қаржыға келіп тіреледі. Бұған дейін халықты орталықтандырылған ыстық сумен қамту үшін бірқатар жүйе ойластырылған болатын. Яғни, жабық жүйе бойынша әр өжіренің астына бройлер орнату арқылы тұрғын үй­лерді ыстық сумен қамтамасыз ету немесе ашық жүйе арқылы ыстық суды тұрғын үйлерге құбыр арқылы жеткізу жолдары қарастырылғаны айтылып жүрді. Бірақ іс жүзінде нә­тиже жоқ. Осыдан кейін-ақ орталық­тандырылған ыстық су жүйесінің ауылы қызылордалықтар үшін әлі алыс екенін аңғару қиынға соқпайды. ыстық су Биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірге заманауи үлгідегі қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жа­ңадан жылу электр стансасы салы­натынын айтып, елді қуантып тас­та­ды. Түрік компаниясы салатын жаңа нысан 2025 жылы ел игілігіне пай­далануға беріледі. Ең бастысы, халық жылу мәселесі мен ыстық суға қа­тысты түйткілдің түйіні тарқатылады деп сенді.
«Жаңа ЖЭО салынғанымен, қала­ның қазіргі ахуалы ыстық сумен толық қамтуға дайын емес. Өйткені бізде ішкі ыстық су жүйесі жоқ. Бертін келе салынған жаңа үйлерге ыстық су жүйесі орнатылды. Алайда оның өзі толыққанды жұмыс істе­мейді. Осы орайда айта кететіні, бүгінде ыстық суды қыста ғана қосуға қауқарымыз бар. Ал жаз мезгілінде қосу мекемені артық шығынға алып келеді. Артық шығын болмас үшін ең болмағанда осы ыстық су барып тұрған үйлердің 70 пайызы қосылуы қажет. Ал қала аумағын толық қамту үшін әрбір үйдің ыстық су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек. Біздің өңірде ыстық сумен қамту жабық жүйеде жүргізіл­ген­діктен, әрбір тұрғын үйге дәл осындай қосым­ша құрылғы орналастырылуы тиіс. Бір ЖЭО салумен барлық мәселе шешіледі деу – қате пікір. Ал жаң­ғырту жұмыс­тарын жүргізу тағы да қаржы мәселе­сіне тірелетіні белгілі. Сондықтан да бүгін-ертең Қызылорда халқы толық­тай ыстық сумен қам­тылады деп жал­ған ақпарат бере ал­маймыз», – дейді «Қы­зылорда­жы­луэлектрор­талығы» МКК бас ин­женерінің міндетін атқа­рушы Ба­қытжан Молдиманов.
Сала маманының айтуынша, жаңа үйлерге ыстық суға қосылуға мүмкін­дік жасалғанымен, халық тарапынан ынталы тұрғындар аз көрінеді.
«Нақты айтқанда, бүгінде қаладағы жаңадан салынған 200-ге жуық үйлер­дің ыстық суды алуға мүмкіндігі бар. Бірақ оның өзіне халық қосылмай отыр. Бұл тұрғыда бірінші кезекте орта­лықтандырылған ыстық судың тиім­ділігін түсіндіру жұмыстары тө­мен. Жалпы, бүгінгідей су жылытатын құ­рылғы­сын пайдалануға қарағанда орталық­тандырылған ыстық суды қолдану 4 есеге тиімді. Соның ішінде электр энер­гиясын үнемдеуге мүмкін­дік мол. Алайда ыстық суды қосуға мүмкіндігі бар көптеген жаңа үйдегі тұрғындар мұны түсінбейді. Сол се­беп­ті де қосыл­май отыр. Мәселен, құ­рылғыны пайдала­нуда электр энер­гиясына кемі 1000 теңге төлейтін бол­са, орталық­тан­дырылған ыстық су жүйесіне 200 теңге төлеген болар еді. Яғни, бізде тариф төмен», – деп тү­сіндірді бұл жөнінде Б.Молдиманов.
Қалай дегенде де, әзірше қы­зылордалықтар су жылытатын құ­рылғымен ыстық суды пайдалануға мәжбүр. Қымбат құрылғыны сатып алуға қалтасы көтермейтін қарапайым халық суды қолдан ысытып, пайдалану арқылы күйбең тірлік кешуде.

Қызылорда облысы