«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының түпкі мәні – қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару. Осы орайда құзырлы орындар әлеуметтік желідегі әңгімелерге назар аударады. Президент Жолдауында қозғалған мәселелерге, жыл басында қабылданған кейбір заңдарға қарасақ, билік тек Facebook қолданушыларының көңілін аулап отырған сияқты.
Мысалы, күні кеше табиғат қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевті өлтірген үш браконьер өмір бойына сотталды. Сөз жоқ, қатал жаза. Алайда қорықшының қазасы әлеуметтік желіні шулатпаса, киіктің құралайына елжірей қарап тұрған фотосуреті жаппай таралмаса, мұндай үкім шығар ма еді? Браконьерлік туралы заңға өзгеріс енер ме еді? Әй, қайдам...
Биылдан бастап педофилия, есірткі жарнамасы, адам саудасы, мас күйде көлік жүргізу, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды қылмыстардың жазасы да қатайтылды. Шынтуайтында, мұның бәрі – Facebook қолданушылары әбден талқылап, иін қандырып илеп, таптаурын қылған тақырыптар.
Оны қойшы, былтыр астанадағы бес баланың ажалы әлеуметтік желінің бас тақырыбына айналды. Қабырғасы қайысқан халық министр Мәдина Әбілқасымованың қызметтен кетуін талап етті. Көп ұзамай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұтас Үкіметті отставкаға жіберді. Осы оқиғадан кейін көпбалалы аналар мәселесі ашық айтыла бастады. Әр жерде әйелдер бас көтерген үлкен жиындар өтті. Ақыры әлеуметтік көмектің көлемі ұлғайды.
Жалпы, шенеуніктер қоғамдық пікірді Facebook арқылы анықтайтын әдіске селкеусіз сенетін секілді. Дұрыс, кабинеттен шықпай, артық ақша жұмсамай, арзан мониторинг жасаған жақсы-ақ. Бірақ желіде желдей ескен сөздің бәрін айна-қатесіз ақиқат деп қабылдауға бола ма?
Дәстүрлі социологияда қоғамдық зерттеулер face to face қағидаты бойынша жүргізіледі. Яғни, мамандар әр адамға бетпе-бет сұрақ қояды. Респондент жауап нұсқаларын таңдағанда ешкімнің еркіне бағынбайды. Ал әлеуметтік желіде басқа факторлармен санасады. «Көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды» дегендей, өз бетінше ойланудан тартынады. Елден ерекше пікірі барлар онысын ашық білдірмейді, айналасынан бәле іздеп, әлекедей жаланған әлдебір қызылкөздер талап тастай ма деп қорқады. Әлеуметтік желінің БАҚ-тан тағы бір айырмасы – аузы дуалы блогерлер оқиғаны хабарлаумен шектелмей, ол оқиғаға байланысты өз пікірін өзгелерге таңады.
Демек, Facebook шындығы мен өмір шындығы – екі бөлек құбылыстар. Әлеуметтік желінің өз заңдары, өз құндылықтары бар. Ондағы жұрттың көбі «мен өмірде басқамын, ғаламторда мүлде басқамын» деген қағиданы ұстанады. Жазғанына жауап бермейтін, сөзі мен ісі алшақ жататын, әліптің артын баға алмай, дауға ілесіп кететін, эмоцияға салынатын адамдардың қарасы қалың. Мемлекеттік құрылымда жұмыс істеп жүрсе де, әлеуметтік желіде аты-жөнін жасырып, бөгде адамның немесе хайуанның фотосын қойып, биліктің атына сын айтып отыратын азаматтар барын ескерсек, мәселенің мәні ашыла түседі.
Әлбетте, әлеуметтік желі – үлкен күш. Смартфондар сатылымына қарап-ақ оның болашағын болжауға болады. 2018 жылы АҚШ-та тарихта бірінші рет телеарналардағы жарнамадан гөрі интернеттегі жарнамаға молырақ қаржы жұмсалған екен. Қазір желідегі танымал блогерлердің аудиториясы дәстүрлі БАҚ-тың аудиториясын он орайтын деңгейге жеткен. Бірнеше мұсылман мемлекетінің шаңырағын ортасына түсіріп, шат-шәлекейін шығарған «Араб көктемі» де Facebook-та басталғаны мәлім. Қазақстанда да қаламы жүйрік, ойы орнықты тұлғалар сонда тіркелген. Олардың артында, әрине жүздеген, мыңдаған адам тұр. Сондықтан билік олармен санасуға мәжбүр.
Әйтсе де, «Рейтер» агенттігінің соңғы зерттеуі бойынша дамыған елдерде әлеуметтік желіге қарағанда БАҚ-тағы ақпаратқа сенім арту көрсеткіші 1-2 пайыз өсіпті. Яғни, әлеуметтік желінің беделі төмендей бастаған, себебі желі фейк ақпараттар салуға таптырмас алаңға айналған.
BRIF Research Group компаниясының былтырғы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда 4 млн-ға жуық адам әлеуметтік желіге тіркелген. Оны басым көпшілігі хат алмасу және көңіл көтеру мақсатында пайдаланады. Алғашқы үштікте – WhatsApp, Instagram және Вконтакте. Аса ықпалды саналатын, саясиланған Facebook-ті 4 млн тұрғынның 20 пайызы қолданады. 20 пайыз қазақстандықтың 8 пайызы ғана онда күн сайын кіреді. Сонда дейміз-ау, біздің Үкімет халық үні дегенді Facebook-тегі ат төбеліндей топтың үні деп ұға ма?
Шыны керек, бұқаралық ақпарат құралдарының батылы бармайтын көкейкесті мәселелер, көптің көңілін күпті еткен түйткілді жайттар осында кеңінен қамтылып, жан-жақты сарапқа салынады. Алайда талай сыналған, кейде келемеж болған министрлер, әкімдер, өзге де шенеуніктер әлі биік мінберден түскен жоқ. Соған қарағанда әлеуметтік желінің әлеуетін кейде асыра мақтаймыз-ау...
Рас, Мемлекет басшысы кейбір маңызды шешімдерін жеке парақшасында жариялайды. Басшының қас-қабағына құбыладай құлайтын шенеуніктер содан кейін интернетке лап қойды; кезек-кезек парақшаларын ашып, халыққа достық ұсынды.
Әрине, бәрі дұрыс, бәрі орынды. Тек әлеуметтік желінің сыртында да қарақұрым қазақ барын, интернеттің иісін сезбеген жүздеген ауыл барын ұмытпайық.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ