«Қазіргі таңда ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру, қоғамдағы рөлін қалыптастыру негізгі міндетіміз болып тұр. Бұл тұрғыда тиісті мүмкіндіктер ұтымды пайдаланылмай отырғаны ащы да болса шындық. Сондықтан осындай басқосуларды өткізу көп мәселені шешуге көмектесетін болады. Бұл тұрғыда кәсіпкер әйелдерге, жаңадан бизнесті қолға алатындарға қолдау көрсетуіміз керек», – дейді депутат Мақпал Мазаққызы.Форумда әйелдердің жаңа жағдайдағы жаһандық миссиясына кеңінен тоқталған «Мансап» жеке мектебінің құрылтайшысы Наталья Мишукова кәсіп ашамын деген әрбір әйелге қолдау ортаймайтынын жеткізді.
«Жалпы бұл «AMANAT» партиясының қолдауымен Қызылорда облысында өткізіліп жатқан қорытынды форум. Бұған дейін еліміздің барлық аймағында дәл осындай жиындар өткізілді. Осы форум аясында әртүрлі деңгейде әйел азаматтарға қолдау көрсетуді мақсат тұтамыз. Қазіргі таңда «AMANAT» партиясы жанынан Әйелдер қанаты ашылды. Бұл да әйелдер қауымына деген қолдау аясын күшейте түсетіні сөзсіз», – дейді «Мансап» жеке мектебінің құрылтайшысы, Қазақстандағы үздіксіз білім беру ассоциясының Қызылорда филиалының директоры, «Бастау» бағдарламасының бизнес-тренері Наталья Мишукова.Негізінен «AMANAT» партиясы жанынан құрылған Әйелдер кеңесі аясында заңгер кеңесі, психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар кәсіп бастауға ынталылардың бизнес жобаларын іске асыруға мүмкіндік беріледі. Кәсіп ашуға ниетті әйелдерді оқыту, кәсібін бастауға бағыт беретін тәлімгерлер жұмысы да ұйымдастырылады. Ауыл әйелдерін саяси жұмыстарға тарту бастамасы да көпшілікті қуантып отыр. Осылайша ауыл әйелдеріне жан-жақты қолдау көрсетілетін болады.
«Бүгінде елімізде кәсіп ашып, табыс табамын деген жанға барлық мүмкіндік жасалған. Өзім бала күтімімен отырған кезімнен әлеуметтік желі арқылы табыс табудың оңтайлы тәсілін меңгердім. Бұған дейін мектепте мұғалім болдым. Қазір бір күнде бұрынғы айлық жалақымның көлеміндей табыс табамын. Әлеуметтік желіде ауыл әйелінің бір күндік өмірін бейнелейтін бейнероликтер жариялап, елге де танылып қалдым. Алғашында отбасым бұл кәсібіме қарсылық танытқан. Қазіргі уақытта жақындары да зор қолдау білдіріп отыр», – деп өз тәжірибесімен бөлісті блогер Ақтолқын Серікбай.Басқосуда қолөнер шебері Үржамал Дүйсембаева қолөнер бұйымдарын жасау мен оны дамыту бойынша тәжірибесімен бөлісті.
«Бүгінде үй жағдайында кәсіп ашып, табыс табуға мүмкіндік көп. Өзіміздің тарапымыздан қолөнерге бейім әйелдерге қолдау көрсетуге дайынмын. Осы мақсатта арнайы Whatsapp-та онлайн желісін аштым. Соған тіркелу арқылы әйелдер тегін кеңес алады. Соның негізінде өз кәсібін ашып, табыс табудың жолдарын үйретеміз», – дейді қолөнер шебері.Басқосудың өзге қатысушылары да әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, ауылда ауылшаруашылығын дамыту, қаржылық сауаттылықты арттыру, кәсіптің заманауи түрлері бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.
Қызылорда облысы