Агломерацияларды басқарудың жаңа моделі
Агломерацияларды басқарудың жаңа моделі
© коллаж: Әсел Балтақызы
571
оқылды
Жақында Мәжіліс «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Агломерация үш мегаполис пен кейбір облыс орталықтарынан және қала маңындағы елді мекендерден тұрады. Ондағы мәселелерді әкімдіктер енді бірігіп шешеді. Соңғы жылдары ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі байқалуда. Салдарынан түрлі мәселелер туындап жатыр. Олар­ды реттейтін нормативтік-құ­қық­тық база жоқ. Сондықтан арнайы заң қабылданбақ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Агломерацияларды дамыту ту­ралы» заң жобасы мен ілеспе құжатты талқылау кезінде депутат Зәкіржан Кузиев айтты.
– «Агломерацияларды да­мы­ту туралы» заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы Мемлекет бас­­шысының 2021 жылғы 1 қыр­кү­йектегі тапсырмаларын орын­дау үшін әзірленді. Негізгі заң жобасы 14 баптан тұрады және мыналарды көздейді: «Агло­мерация», «агло­мерация аумағы», «агломерация құрамы» сияқты негізгі ұғымдарды және елді ме­кендерді агло­ме­ра­цияға жат­қызу өлшемшарттарын енгізу. Агло­мерация халқы орта­лықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байла­ныстары бар қала маңындағы аймақтан тұратын болады, – деді Зәкіржан Кузиев.
Зәкіржан Кузиев Сонымен қатар ол елімізде агломерацияларды басқарудың жаңа моделін енгізу ескерілгенін айтты. Бұл ретте өңірлік әрі рес­публикалық деңгейлерде ве­дом­ствоаралық үйлестіруді қам­та­масыз ету және агломерациялар­ды дамыту мәселелерін шешу үшін Агломерациялар жөніндегі кеңестер құрылады. Сонымен қатар, заң жобасында бес жылдық кезеңге Агломерацияны дамыту­дың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылады.
– Ілеспе заң жобасында екі ко­декс пен бес заңға өзгеріс енгізу көзделген. Осы орайда об­лыс­тардың, республикалық ма­ңызы бар қалалар мен аста­наның жер­гілікті атқарушы ор­гандарының қала құрылысын жоспарлау, көлік инфрақұры­лымын жоспарлау, сәулет және құрылыс қызметі, бюджеттік про­цестерді іске асыру саласындағы өкілеттігін ке­ңейту қамтылған. Орталық қа­ланы да, оның қала маңындағы аймағын да дамытуға бағыттал­ған агло­мерация жо­баларын бірлесіп қаржыландыру бойын­ша бір деңгейдегі бюд­жеттердің өзара іс-қимылы ұсы­нылады. Бұл әлеу­меттік объек­тілер, инфрақұ­ры­лым­дық жоба­ларға қатысты, – деді депутат.
Мәжілістің жалпы отыры­сында «Агломерацияларды да­мыту туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы қабыл­данғаннан кейін, тиісті өл­шем­шарттарға сәйкес «агломе­ра­циялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ басқа да облыс орталықтары айқында­латын болады. Ал Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерге қатысты белгілі бір теңсіздіктер бар.
– Теңсіздіктердің пайда бо­луына ықпал ететін негізгі фак­тор – ірі қалалар мен оларға ір­гелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Кейінгі 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59 пайызға, Алматы қаласының халқы 37 пайызға, Шымкент қа­ла­сының халқы 67 пайызға өсті, – деді Әлібек Қуантыров.
Осы орайда ол аталған қала­лар­дың аумақтары да едәуір өс­кенін еске салды. Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе, Алматы қаласының аумағы кейінгі он жылда 2,5 есе, ал Шым­кенттің аумағы 3,5 есе ұлғайды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің сөзіне қарағанда, еліміздің қалаларында барлығы 11,2 млн адам тұрады, урбанизация деңгейі 59 пайызға жетті. Қазір ірі қалаларға және олар­ға іргелес аумақтарға – агло­мерацияларға көші-қон ағыны байқалып отыр.
– Астана қаласының 2050 жыл­ға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, елорда халқы 2030 жылға қарай пессимистік сценарийде 1 млн 450 адамға, оптимистік сценарийде 1,6 млн адамға жетуі мүмкін. Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың Өңіраралық схемасында келтірілген бол­жам­дар бойынша Алматы қаласының халқы 2030 жылға қарай 2,3 млн адамға дейін өсуі мүмкін. Шым­кент қаласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы аясында 2050 жылға қарай қала халқының саны 2,4 млн адамға дейін жетуі мүмкін. Осыған орай бүгінде қала құры­лысы нормалары мен регламент­терін жаңарту бойынша мәсе­ле­лері пысықталып жатыр, – деді Бауыржан Омарбеков.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлт­тық статистика бюросы де­пар­таментінің дерегіне сәйкес, 2022 жылдың 1 қазанында Астана қа­ла­сы тұрғындарының саны 1 340 782 адамға жеткен. Сонымен қатар агломерацияларды дамыту мәселелері қазіргі уақытта Ау­мақтық даму жоспарында және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында қа­растырылған. Енді «Агло­ме­ра­цияларды дамыту туралы» заң жобасы жүзеге асатын болса, ірі қалалардағы әлеуметтік мәселелер шешімін табары анық.