Қара археологтардың қарқыны жаман
Қара археологтардың қарқыны жаман
381
оқылды
«Қара археология» көне жәді­гер­­лерді заңсыз қазып, саудалау­шыларға қарата айтылған сөз. Ертедегі «көмбе іздеушілер» сөзімен мағыналас. Олардың мемлекет за­ңы­на бағынбайтыны айтпаса да тү­сінік­ті. Заң дейміз-ау, бірақ Ата заңы­мызда археологиялық қазбаларды бақылап, мәдени мұраларды сатуға ты­йым салатын нақты бап жоқ. Сал­да­рынан заңсыз археология емін-ер­кін қарыштап, осы себеппен тұтқындалып жатқан адамды көр­мей­сіз. Оған тыйым салуға не кедергі, «қара археология» кімнің мүддесіне қызмет етпек?  

Табыстың көзі көмбеде

«Қара археологтар» үшін құнды жәдігерден бұрын, оны сатудан түсетін пайда маңызды. Еліміздегі заңсыз қазба жүргізетіндердің басым бөлігі – ресейліктер және отандық жалдамалылар. Кей кездері олардың тапқан жәдігерлері Еуропа мен Ресейдегі аукциондарға шығып жатады. Осы секілді заңбұзушылықтарды анықтау мүмкін болмай тұр. Анықтаған күннің өзінде беделді тұлғалар араласып, ақпарат жарияланбайды. Себебі кейбір беделді тұлғалардың өзі бәссауданың қызығына түскен екен. – «Қара археологиямен» айналысатын адамдар да археологтар. Тек олар маман ретінде жәдігерге бағалы дүние емес, кәсіптің көзі ретінде ғана қарайды. Бұл заңсыз кәсіп 90-жылдары белең алды. Қазір де көп. Геосканер секілді түрлі құралдардың арқасында бағалы металдарды жинайды. Көбіне іздейтіндері – темір, қола дәуірлері мен ғұн, сақ тайпаларының металдан жасалған қолөнер бұйымдары, – дейді Қазақстан Ұлттық музейі, Археология және этнография бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсырманқұл. Қазба жұмыстарынан табылған бұйымдар шығатын аукциондардың қай жерде, қашан өтетіні жайлы ешкім біле бермейді. Тек аукционға қатысатын беделді тұлғалар жеке шақырту алады. Демек, «қара архелогтар» тапқан жәдігерді кімге сатады, кімге өткізеді, барлығын өздері шешіп отыр.    width=

 Халыққа мұра керек пе?

Қазақстанда 25 мыңнан астам археологиялық ескерткіш бар. Бұл – біз білетін, яғни ашылғаны ғана. Шындап зерттеу жүргізсе, бұдан 2-3 есе артық болуы мүмкін. Заңсыз археологтардың пайдаға кенеліп отырғанына қарап осылай болжам жасауға негіз бар. Дегенмен ашылмаған ескерткіштерден бұрын, ашылғанын қалай қорғап жатырмыз? Бұл сауалға заңның шарасыздығын ғана емес, халықтың бейжайлығын да қосар едік. Мәселен, Жапония секілді дамыған елдерде әрбір ескерткіш бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Көршілес елдерде бұл мәселе жергілікті органдар арқылы қадағаланады. Соған сай халық та сақталуын, қорғалуын талап етеді. Біз бұл мәселені жергілікті әкімдіктер арқылы шешуді ұсынар едік. Әр өлкедегі инспекциялар мұндай заңсыздықтар барын жасырмайды. Халқымыз да мұндай жәдігерлер еліміздің мәдени, қаржылық, рухани тарихы үшін құнды дүние екенін түсінсе деген ниет. Тіпті, «қара археологтар» елдің қолынан арзан ақшаға бағалы, көне жәдігерді оңай сатып алып кете беретінін мамандар айтып отыр. – Біздің елде археологиялық жәдігер­лерге құрмет жоқ. Ауыл-аймақтардағы тұр­ғындар «алдында бір кісілер жерді қазып жатыр, сұрасақ метал іздеп жүр екен» деп бейжай қарап отырғанын талай көрдік. Бұған насихат жұмыстары, танымдық ақпараттар болмауы да себеп. Көбіне ауыл тұрғындары «Қара археологтарды» жиі көріп жатады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Шәкәрімнің жайлауы, яғни Шыңғыстауда көп жылдар бойы қазба жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде заңсыз археологтардың жасаған әрекетін көріп күйіндік. Қола дәуірінен қалған тас жәшіктерді қиратып, ішіндегі бұйымдарын тонап кетіпті. Тас жәшік те адамзат үшін құнды жәдігер екенін біледі, бірақ оларға керегі сатуға жарайтын дүниелер болған. Ең сорақысы – ежелдегі адамдардың сүйегін бір бұрышқа лақтыра берген, – дейді Пердехан Мұсырманқұл.  

 Жауаптылар неге бейқам?

Бізде заң әлсіз болса, Ресейде «қара археологияға» заң қатал. Сондықтан Қазақстанда бақылаудың қарқынды жүрмеуінен ел аумағы заңсыз қазбадағы ашық алаңға айналды. Жәдігерді кеденшілердің тексеруінен еш қиындықсыз өткізу жағдайын тағы есепке алыңыз. Қазақстанда 1992 жылы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау туралы» заң қабылданды. Заң мұраның табылған немесе қазылғанын жіктемейді, барлық мұраны тең қорғайды. Заңды іске асырушы орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Алайда өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар жауап береді. Осыдан барып заңды жүзеге асырушы орган мен оны орындаушы тарап арасында түсініспеушілік бар сияқты. Себебі жергілікті инспекциялар министрлікке емес, әкімдікке бағынады. Одан бөлек, көрінгенге беріле беретін лицензия еліміздің кез келген жерінде қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Ал есебін тиісті мекемелерге тапсырып жатқан жан көрмейсіз.  

Түйін:

Қазақстан тарихында археологиялық мұра үш рет тонауға түсті. Бірі – кешегі патшалық Ресейдің құрамына кіріп, қазақ даласында қарашекпендер қаптаған тұс еді. Ол кезде саяхатшылар қазақтың тегін дүниесін тасуды мықтап қолға алды. Екін­ші­сі – 1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезең. Жан үшін мұра да сатылды. Үшінші – осыдан ширек ғасыр бұрынғы нарықтық қо­ғамға өткен тұс. Сондықтан қазба жұмыстары үшін берілетін лицензияны шектеп, есебін алуды күшейту керек. Әйтпесе моламызды саудаға салғанның кебі осы болмақ.

  Мадияр ТӨЛЕУ