«Көрпеше алып келсін» – Абай қаласында он шақты үй мен мектептерде жылу жоқ
«Көрпеше алып келсін» – Абай қаласында он шақты үй мен мектептерде жылу жоқ
©Sputnik/Виталий Аньков
649
оқылды
Қарағанды облысы Абай қаласының тұрғындары суық пәтерде тоңып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Себебі он шақты көпқабатты үй мен мектептерде жылу жоқ. 30 мыңға жуық халықтың тең жартысы пәтерлерінде жылытқыш қосып отыр. AstanaTV-ның хабарлауынша, мектеп мұғалімдері балаларға жылы көрпе сұратып жатыр. 85 жастағы Марфа Бушкина пәтеріне жылытқыш қосса да бойын жылыта алар емес. Үйдегі температура күндіз 12-15 градусқа әрең жетеді, ал түнде тіпті төмен.
Марфа Бушкина, Абай қаласының тұрғыны: “Ауырамыз, өте суық. Жылытқыштар қосамыз. Оның өзінде күндіз Күн шыққанда ғана жылынамыз. Бар тілегім үй жылынса екен”, – дейді.
Ал балалар қырыққабат киініп, көрпеге орануға мәжбүр. Аязда мектепте сабақ жоқ, ғимараттар азынап кеткендіктен, үйірмелер де уақытша тоқтаған. Жұрт жиналып, осы мәселені әкімге жеткізді. Әбден тозығы жеткен жылу жүйесін ауыстыруды талап етті. Абай қаласының тұрғыны Жанна Камерова: «Кеше «бала жылы киініп келсін, астарына көрпеше алып келсін орындыққа» деп жазып жіберіпті. Балалар мектепте тоңып отырады. Біз пневмония да, бронхит та болдық. Бүкіл балаларым ауырып шықты», – дейді. Ал қала әкімінің айтуынша, «жылуды суық жел үрлеп кеткен».
Абай қаласының әкімі Медеу Ахметов: «Қатты аязда жел болғанда үйден жылуды желмен выдувать етіп кететін кездер болады. Жел басылды, қазір түзеуі тиіс».
Тұрғындар шаһарға жылу берілгенін жоққа шығармайды, бірақ жылудың қызуы жоқ. Себебі қысым жоқ, ыстық су айналмай тұр, циркуляция жоқ. Жылу орталығы ыстық суды айналдырып бере алмай отыр. Оны айналдыратын насостары жоқ немесе күші жетпейді. Абай қаласының әкімі ескірген жылу жүйесін насостарымен қоса ауыстыруға 20 млрд теңге қаражат қажет екенін айтып отыр. Тіпті, бастапқы жөндеу жұмысының өзіне Экономика министрлігі 3 млрд-қа жуық теңгені бөлмей қойған.
Абай қаласының әкімі Медеу Ахметов: «ГРЭС Топар кентінде орналасқан. Бізге 22 шақырым арақашықтығы бар. Қатты жел болғанда ГРЭС-тен шыққан температура Абайға жеткенше бір 20 градустай жоғалады. Қолымызда 2 млрд 800 млн теңгеге арналған құжатымыз бар, Абай БАМ насос стансасынан Абай стансасы аралындағы жылу құбырын ауыстыру бойынша. Оған 2022 жылы облыстық басқармаға өтінім берілген. Былтыр болмады. Биыл біз тағы да сол өтінімді беріп отырмыз», – дейді.
Бұл жобаға қаржы бөліне ме, жоқ па белгісіз. Тұрғындардың шағымынан кейін, арнайы комиссия құрылды. Үйлерді аралап, температураны тексереді.