Атбасарлық дәнекерлеуші Ерболат Мұқанов – Екібастұздағы жылу электр стансасындағы апат басталғанда өз еркімен қол ұшын созған еріктілердің бірі. Дәнекерлеуші қаланың орталығындағы №25 коррекциялық балабақшаның жылу жүйелерін тегін дәнекерлеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Атбасарлық азамат – Ерболат Мұқанов төрт баланың әкесі. Кәсіби дәнекерлеуші. Екібастұзда апат болған кезде Астанада табылған жұмысты тапсырыс бойынша істеп жүріпті. ЖЭС-та апат болып, мыңдаған халық жылусыз қалғанын естіп, көмекке ұмтылған. Дәнекерлеуші, электр мамандары тапшы болып жатқанын Астанадағы достары жіберген хабарландырудан естіпті. Бірақ хабарландыруда көрсетілген телефонға хабарласқанымен, байланыса алмапты. Содан кейін құрал-саймандарын дереу жинап, халыққа көмегім тиер деген үмітпен Екібастұзға тартып отырған.
Алайда ерікті түрде көмекке барған азаматтың алғашқы күні бос сандалумен өткен.
«Ерікті түрде көмек көрсетуге келген кәсіби дәнекерлеушімін. Мені жұмыс істейтін жерлерге жіберіңіздер», – деп Екібастұзда тұратын, әскерде бірге болған 13 жылдан бері кездеспеген досымен бірге тиісті мекемелерге барған. Бірақ жігіттерді бір мекеме екіншісіне, ол басқасына сілтей беріпті.
«Халық жылусыз қиналып отырғанда тамшыдай болсын үлесімді қосайын деп шешім қабылдадым. Барлық құрал-саймандарымды, болгарка, дәнекерлегіш құралдарымды алып, дереу Астанада алған тапсырысымды тастай салып, Екібастұзға аттандым. Алайда алғашқы күнім сәтсіз болып, досым екеумізді біреуі анда, біреуі мында сілтеді. Менен қанша ақы алатынымды сұрайды. Мен ерікті түрде келген кәсіби дәнекерлеуші екенімді айтып, маған дереу іске қосу қажеттігі туындаған нысандардан жұмыс беруін сұрадым. Содан қаладағы коррекциялық түзететін №25 балабақшаға барып іске кірістік. Мұнда менімен бірге Павлодардан жіберген дәнекерлеуші жігіттер де болды. Ескі жарылған жылу жүйелерін түгелдей монтаждап бұзып, жаңадан батареяларын бәрін орнаттық. Енді жақын арада жылу да берілуі тиіс. Жұмысты аяқтаған соң Астанаға қайтып келдім, – дейді Ерболат Мұқанов.
Екінің бірінің қолынан келмейтін батыл шешім қабылдаған азаматтың ісіне біз де риза болып, халықтың атынан алғыс айттық.