Астанада ет сататын базар да, дүкен де көп. Бірақ олардың ішінде ең ірі бірнеше базар оң жағалауда бір жерде тұр. Міне, Астанаға ет әкелетін делдалдар түнгі сағат 01.00-02.00-ден бастап-ақ осы бірнеше базардың айналасына кезекке тұрады. Бірден айта кеткен жөн, негізі ет делдалдығы дәл осы базардың қасында емес, ауылдан басталады десек болады.
«Түнде арзан, күндіз қымбат»: Астанадағы базарда еттің бағасы қалай құбылатыны белгілі болды
Фото: Аzattyq-ruhy.kz
203
оқылды

Астанада түнде көтерме саудада келісіне 3 700 теңгеден ұсынылған сиыр еті күндіз базар сөресінде 4 500-5 500 теңгеден сатылып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.

Яғни, бір келі еттің бағасындағы айырмашылық 1 800 теңгеге дейін жетеді. Бұл ақшаның қаншасы тасымалдау мен сақтау шығынына, қаншасы саудагерлердің пайдасына кетеді? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасын негізсіз өсіретін делдалдарды қысқартуды бірнеше рет тапсырған. Дегенмен ет шаруаның қорасынан базар сөресіне жеткенше бірнеше қолдан өтеді.

Еттің бағасы жолда қалай өзгереді?

Астанада ет сататын базар да, дүкен де көп. Бірақ олардың ішінде ең ірі бірнеше базар оң жағалауда бір жерде тұр. Міне, Астанаға ет әкелетін делдалдар түнгі сағат 01.00-02.00-ден бастап-ақ осы бірнеше базардың айналасына кезекке тұрады. Бірден айта кеткен жөн, негізі ет делдалдығы дәл осы базардың қасында емес, ауылдан басталады десек болады. Өйткені делдалдың біразы ауылдағы ағайынның малын сол ауыл ішінен шығармай сатып алады да қасапшыға сойдырады. Қасапшының да жұмысы әрине ақылы. Етті Астанаға әкелетін көліктің ақысын қосқанда, қорадағы малдың етіне ауылдан шықпай-ақ екі адамның қолақысы қосылады. 

Біз түнделетіп базардың қызу жұмысына куә болдық. Астанаға мал еті көбіне Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарынан келеді екен. Мұндай уақытта көтерме саудагерлер жылқы етінің келісін 3 850 теңгеден, сиыр етін 3 700 теңгеден, қой етін 3 600 теңгеден ұсынған. Ақкөлден келген жылқы еті 3 400-3 500 теңге, Қостанайдың еті 3 200 теңге, ал Қорғалжын бағытындағы жабағы еті 3 100 теңге шамасында болды. Қарағанды мен Көкшетаудан келген саудагерлер көп болды.

Күндіз «Әлем» базарындағы саудагерлердің сөреде ұсынған бағасы бұдан әрине әлдеқайда қымбат болып шыға келді. Мәселен, Зеренді мен Макинскіден келген жылқы етінің келісі 4 500 теңгеден сатылған. Көкшетаудағы қазының бағасы 5 500-6 000 теңге аралығында. Атбасардан келетін қой еті 4 500-4 700 теңге болса, кейбір сауда орындарында 5 500 теңгеге дейін жеткен. Ірі қара етінің бағасы 4 700-5 500 теңге аралығында. Есілден тасыған сиыр еті 4 500 теңгеден сатылып жатыр. 

Яғни, делдал әкеп сатқан баға мен базардағы бағаның арасында көзге көрінердей айырмашылық болды. Мысалы,сиыр етінің базардың сыртындағы делдал сатқан бағасы бір келі үшін 3 700 теңге болса, базардағы бөлшек саудада оның бағасы 4 500-5 500 теңге аралығында. Яғни, баға айырмасы 800-1 800 теңгеге дейін жетеді. Жылқы етінде де көтерме ұсыныстар мен сөредегі бағаның арасында айырмашылық байқалады.

Әрине, бұл айырмашылықтың барлығын делдалдардың таза пайдасы деп есептеуге болмайды. Етті тасымалдау, сою, сақтау, ветеринариялық тексеруден өткізу, базардағы сауда орнын жалдау және сатылмай қалған өнімнен болатын шығындар да бар. Біз таңертең базардан қайтып бара жатқанымызда түнде саудагерлер әкелген еттің бір бөлігі әлі де базардың аумағында тұрғанын байқадық. Яғни, бір қаланың нарығы үшін 4-5 облыстан келетін ет тым артық. 

 

Делдалдық қызметте 3 875 құқықбұзушылық болған

Біз осы материалды жазып жатқанда сауда саласын реттейтін құзырлы орган – Сауда және интеграция министрлігі «Саудадағы тиімсіз делдалдарды қысқартуға бағытталған ұлттық стандарт жаңарады» деген «сүйінші» релизін таратты. Біз бірден министрліктің баспасөз қызметіне жүгініп, «шаруаның қорасындағы малдың еті Астанадағы базарға жеткенше неше делдалдан өтіп, неше теңгеге қымбаттайды?» деген нақты сұрағымызды қойдық. Министрлік бағаны бақылау әр әкімдік жанындағы комиссияға қарайтынын айтып, бізге нақты бағаны емес, есесіне, неше делдалдың жазаланғанын жазып жіберіпті.

Белгілі болғандай, бүгінге  дейін делдалдық қызметте 3875 құқықбұзушылық дерегі анықталған, нәтижесінде 270 өнімсіз делдал тізбектен шығарылған. Сондай-ақ министрлік жыл басынан бері бағаны негізсіз көтергені үшін 300-ден астам делдалға айыппұл төлеткен. Жалпы, саудада азық-түліктің үстемесін асырғаны үшін 115,3 млн теңгеге 4407 айыппұл салынғаны айтылды.

Делдалдар қазір қалай бақыланады?

Қазақстанда азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін өңірлерде арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Олар өндірушіден бастап сауда орнына дейінгі жеткізу тізбегін тексеріп, тауар бағасының қалай қалыптасқанын зерделейді.

Бұған қоса, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап сауда қызметтеріне қатысты жаңартылған ұлттық стандарт қолданысқа енді. Құжатта алғаш рет «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме жеткізушісі» және «тиімсіз делдал» ұғымдары нақты ажыратылған.

Жаңа стандарт бойынша көтерме жеткізуші тауарды сатып алып, оны тасымалдау, сақтау, қаптау, тиеу-түсіру немесе тұтынушыға жеткізу сияқты нақты қызметтерді атқара алады. Мұндай жұмыстардың шығыны өнімнің бағасына қосылуы мүмкін.

Ал тиімсіз делдал тауарды сақтамайды, тасымалдамайды, өңдемейді және жеткізуге қатысты басқа да қызмет көрсетпейді. Ол тек өнімді қайта сатып, үстеме бағамен өткізеді. Стандарт дәл осындай артық буындарды жеткізу тізбегінен шығаруға бағытталған.

Делдалдарды қысқарту етті арзандата ма?

Мемлекеттің делдалдарды бақылауға алуы ет бағасының автоматты түрде төмендеуіне кепілдік бермейтіні түсінікті. Себебі еттің түпкілікті құнына өндіріс көлемі, мал басы, жем-шөп бағасы, логистика және сауда шығындары да әсер етеді.

Бұған қоса, делдалдарды түгел алып тастау да нарық үшін тиімді шешім болмауы мүмкін. Өйткені әр фермердің өз өнімін қалаға жеткізіп, оны сақтап, бөлшектеп, дүкендерге таратуға мүмкіндігі жоқ. Бұл жұмысты атқаратын көтерме жеткізушілер нарыққа қажет.

Сондықтан негізгі мәселе – делдалдардың санын азайту емес, олардың әрқайсысы атқаратын қызмет пен қосатын үстеме бағаның ашық болуын қамтамасыз ету. Егер тауарды өндірушіден тұтынушыға жеткізу барысында нақты қызмет көрсетілмесе, мұндай буынның болуы өнім бағасын негізсіз өсіреді.

Ал фермерлер үшін өнімін тікелей өткізуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым қажет. Атап айтқанда, көтерме-тарату орталықтарын дамыту, шаруаларға базарлардан сауда орындарын ұсыну, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты өткізу және ет өнімдерін сақтау мен тасымалдау жүйесін жетілдіру маңызды.

Демек, ет бағасын бақылау тек дүкендегі соңғы құнды тексерумен шектелмеуі керек. Фермер малын қаншаға сатты, ет қанша қолдан өтті, әр буын қандай қызмет көрсетті және бағаға қанша үстеме қосты – осының бәрі ашық болғанда ғана нарықтағы баға қалыптасуын бақылауға болады.

Осылайша, нарықтағы ет өнімінің бағасына қандай факторлардың әсер ететінін анықтадық. Бұдан бөлек, мақаламыздың екінші бөлімінде сауда саласындағы көзбояушылықтар туралы жазатын боламыз. 

Президент делдалдарды қысқартуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында, Үкіметтің кеңейтілген отырысында да азық-түлік бағасы мен өнімді өткізу мәселесіне арнайы тоқталған болатын.

«Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығуын қамтамасыз ету керек. Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі қажет. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады. Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе», – деді Президент.

Сондай-ақ өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет екенін атап өткен еді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көтерме-тарату орталықтарының жұмысын жолға қойып, өнімнің «егіс басынан сөреге дейінгі» жолындағы қажетсіз делдалдарды жою міндетін қойған. Сонымен бірге бағаны реттеу шаралары ауылдағы жеке қосалқы шаруашылық иелеріне кері әсер етпеуі керектігін ескерткен.

Бұл мәселе ет нарығы үшін де өзекті. Өйткені мал өсіретін шаруа мен етті дүкеннен сатып алатын тұтынушының арасында малды сатып алушы, көтерме саудагер, ет таратушы және бөлшек сауда өкілі болуы мүмкін. Олардың әрқайсысы өз шығыны мен пайдасын өнімнің бағасына қосады.

Алайда мұнда бір маңызды айырмашылық бар. Барлық делдалды заңды немесе заңсыз буын деп қарастыруға болмайды. Малды сатып алу, сою, етті ветеринариялық талаптарға сай тасымалдау, сақтау, бөлшектеу және сауда орындарына жеткізу – шығынды қажет ететін қызметтер. Сондықтан мәселе делдалдардың бар-жоғында емес, олардың нақты қандай қызмет атқаратынында және бағаға қаншалықты негізделген үстеме қосатынында болып отыр.