Маргинал болдық, мінеки...
Маргинал болдық, мінеки...
153
оқылды
Қазақстанда ұлтжан­дылыққа деген сұраныс артқаны байқалады. Бұл әрине, қуантады. Елім де­генде өзегін суырып бе­ре­тін ұлтжанды, рухы асқақ ұландары көп текті ел ғана мәңгі жасайды, дүние тұр­ғанша тұрады. Сонымен бірге мұ­ның мәнін жете түсінбей, тұр­мыстық ұлт­шыл­дыққа ұрынудың да жақсылық әпермесі анық. Қа­лай болғанда, отаншыл, патриот болмау үлкен ұят саналатын кезең туып келе жатқандай.     

Бюджеттік мекеме көк байраққа неге қарсы?

Осы ауанда отаншылдыққа ке­реғар жағдайлар елді елең еткізеді. Әділет министрі Марат Беке­таевқа мемлекеттік мекеме басшы­лығы арызбен жүгінді. Бір қара­ғанда, оның ойлағаны – тұрғындар қамы. «Жалпы, коммуналдық мемле­кеттік мекеме өз ғимаратында Қазақстанның мемлекеттік туын орналастыруға міндетті ме?» деп басталады шағым. «Құрметті министр! Біз комму­налдық мемлекеттік мекемеміз. Яғни, кітапханамыз. Ол тұрғын үйдің бірінші қабатында орна­ласқан. Прокуратура орган­дары ғимараттың маңдайша-күн­қа­ғарына Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік туын орна­туды қайта-қайта талап етуде. Заң­да мемлекеттік туды мемлекет­тік ұйымдар орнатуы тиіс деп жа­зылған. Меморган емес, комму­нал­дық мекеме екенімізді басшы­лыққа алып, сол туды орнатпауы­мызға бола ма?» деп сұрайды өз өтінішінде Гүлмира есімді басшы. Байрақтан бас тартқысы кел­уі­нің бірнеше себебін де қоса кел­тіреді: «Ең алдымен, талап бойын­ша ғимаратқа кіреберісте ілінетін тудың ені мен ұзындығының ара­қа­тынасы 1х2 метр болуға тиіс. Алай­да біздің ғимараттың күн­қа­ғары­ның конструкциясы мұндай үлкен туды орнатуға мүмкіндік бер­мейді. Сонымен қатар ереже бо­йынша мемлекеттік ту түнгі уа­қыт­та жа­рықтандырылуы керек. Біздің ойы­мызша, жатын бөлме­ле­ріне түн ішінде ту шамының жары­ғы түсіп тұрғаны тұрғындарға ұнай қой­мас», – дейді кітапхана басшысы. Бұған Әділет министрі не де­сін? «Тұрғындардың жайлылығы үшін мемлекеттік рәмізді құрбан етуге болады» десе, масқара болар еді. Жалтарма жауаппен құтылған. «Құрметті Гүлмира! Өкінішке қарай, сіз көтеріп отырған мәселе Әділет министрлігінің құзырына жат­пайды. Біздің өкілеттілігімізге кіретін барлық құқықтық мәселе­лер бойынша 119 нөмірі бойынша министрліктің Құқықтық ақпа­раттық қызметіне қоңырау шалып, тегін кеңес ала аласыз. Ұялы бай­ланыс операторлары абоненттері үшін ақылы. Сондай-ақ егер сізге басқа қандай да бір ақпарат қажет болса, оны сұрауыңыз бойынша қуа­на-қуана ұсынамыз», – дейді жа­­уабында министр Марат Бекетаев. Мемлекеттік және квазимем­лекеттік қос мекеме арасындағы хат алмасу осымен тамамдалмады. Себебі мұндай сырғытпа жауап кезекті рет тексерумен келер про­курорларға паңдана көрсетуге жа­рамайды. Сондықтан болса керек, кітапхана өкілі Әділет ми­нистріне «туды ілмей-ақ қой» деп кесіп-пішіп айтпағанына өкініш білдіреді: «Сіздің бұл жауабыңызды жай «отписка» деп санаймын! Өйт­кені бұл кез келген басқа мемле­кеттік мекемелерді де толғанды­ратын мәселе. Ондай көкейкесті сауалға Әділет министрлігі жауап бермесе, кім жауап береді? Сіздің министрлік заңдардың мағынасын түсіндіріп, түсініктеме беруі ке­рек», деп кейістік білдіреді комму­нал­дық мекеме өкілі. Бекетаев айтпайды екен, біз айтайық: сонау 2007 жылғы 4 мау­сымнан бері қолданыста келе жат­қан «мемлекеттік рәміздері ту­ралы» конституциялық заңда «ком­муналдық ұйым» туралы еш­теңе жазылмаған. Бірақ ауқымына көпті сыйдыратын «мемлекеттік ұйымдар» делінген. Сондай-ақ ква­зимемлекеттік сектор ұйым­дары, нақтылай кетсек, мемлекет­тік заңды тұлғалар, ұлттық хол­дингтер, ұлттық компаниялар, мемлекет жалғыз акционері және қатысушы АҚ және ЖШС-лар өз ғимараттары ішінде мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция жасақтауы міндет дейді заң. Негізі, адамзаттың асыл қазы­на­сы – кітапты ұсынатын мекеме басшысының аузынан мұндай сөздер шықпауы керек еді. Көк байраққа қырын қарамай, қайта көрнекті орынға іліп қойса, ол тек үстіндегі тұрғындарға ғана емес, ішіне кітап оқуға кіретін жас ұр­паққа мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетудің ұлағатын көрсетіп, тәрбие берер еді.  

Алыптың белгісі – өз асылын ардақтау

Мемлекеттік туды қасиет тұ­тып, үлкен құрметпен қарауды аме­рикалықтардан үйренуіміз керек. АҚШ аумағына аяқ басса­ңыз, ең бірінші көретініңіз – үлкен жұлдызды-жолақты туы. Ол шека­ралық бақылауға, паспорттық тек­серуге дейінгі жерде сізді «қар­сы алады». Ары қарай бар жерде осы елдің туынан қашып құтыла алмайсыз. Тек мемлекеттік және муници­пал­дық мекемелер ғимаратында ғана емес, мейрамхана мен дәмхана­ларда да, бұқара көп жиналатын ойын-сауық және сауда орталық­тарында да ту ілініп тұрады. Бізде астанамыздың өзінде ең үлкен тутұғырдың тусыз, тұлдыр күйде шошаюы жиі кездеседі. Бұған шетелдік туристер де аң-таң болады. Ал Құрама Штаттардың кез келген қаласында, тіпті көше мен жол бойында ірілі-ұсақты тутұ­ғырлар жиі кездеседі, әрине еш­қайсысы бос емес. Бұл державада ту тіпті құрылыс алаңдарында крандарға тағылады. Азаматтар Отанды шексіз сүйетінін паш етіп, үйлеріне жаппай ту іледі. Оны ұда­йы жаңартып тұру, лас не жыр­тыл­ған масқара күйге түспеуін қада­ғалау – америкалықтар үшін ерікті түрде атқарылатын парыз. Өйткені бұл – мемлекеттік рәміз. Ол теңдік пен бостандықтың символы. Се­бебі халық ұлтына, діни сеніміне, саяси көзқарасына қарамастан, бір ту астында біріккен. 2020 жылғы 20 ақпанда ВЦИОМ сауалнамасының қоры­тындысы жария етілді. Нәтиже­сінде, ресейліктердің 85%-ы өзін патриотпын деп атаған және отан­шыл болмауды ұят санайтынын мәлімдеген. Солтүстік көрші тұр­ғындарының 80%-ы – «жемқорлық схемаларын қолданушыларды»,  65%-ы – «әскерде қызмет етуден қашатындарды», 64%-ы – «салық төлеуден жалтаратындарды», 64%-ы – «өзге мемлекетке көшіп кетуді қалайтындарды», 50%-ы – «қос азаматтығы барларды» пат­риот деп атауға болмайды деген пікірде. Әйтсе де, шетел азама­ты­мен некеге отыруды ресейліктердің тек 19%-ы ғана «ұлтжандылыққа жат» деп таныған. Сұрауға қатыс­қандардың басым көпшілігі – 79%-ы отаншыл емес азаматтарды мемлекеттік қызметке алуға болмайды депті. Қазақстанда отаншылдық мем­лекеттік тілді білумен астасып жатқаны жасырын емес. 2019 жылы Фридрих Эберт атындағы қордың өкілдігі қазақстандық қоғам құндылықтарына зерттеу жүргізді. Қорытындысы көрсет­кендей, қазақстандықтардың 8,8% – қазақ тілін мүлдем білмей­тінін, 7,6% – жеке сөздерді ғана ұғынатынын, 6,1% – түсінетінін, тек сөйлей алмайтынын, 8,5% – аздап сөйлейтінін, 6,2% – еркін сөй­лейтінін, ал жазуда қиналаты­нын білдірген. Қазақстан азамат­тарының 60,5% – мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, оқып, сауатты жаза алатын болып шықты. Сон­дай-ақ адамдардың 74,5 пайызы орыс тілін жетік меңгерген. Кәсі­би деңгейде ағылшынша білетін­дер – 4,8%. Ф.Эберт қоры өкілдігінің зерт­теуін жүзеге асырған зерттеу­ші­лердің бірі әлеуметтанушы, PhD докторы Дина Шарипова мемлекет те, қоғам да патриоттық сезімнің төмен екеніне алаңдайтынын жет­кізді. Бұған жоғары білікті жұмыс күшінің, соның ішінде өзге этнос өкілдерімен бірге қазақтардың да шетелге үдере көшуі түрткі болған. Ғалымдар патриотизм деңгейі кейінгі 5 жылда қалай өзгергені туралы азаматтар ойын біліпті. Респонденттердің 21,8%-ы – кү­шейді, 51,7% – сол қалпында қал­ды десе, 22,1% кеміді деген.   Айхан ШӘРІП