Желіде қардан жасалған киіз үйдің видеосы талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видеоны Facebook желісінде Алмахан Мұқаметқалиқызы есімді қолданушы жариялаған. Роликті түсірген автор киіз үйлердің Алтай аймағы, Буыршын ауданы Шұңқыр ауылында орналасқанын айтады. Бұл - Қытайдағы Шыңжаң автономиясына кіретін елді мекен. Соған қарағанда қардан киіз үйді Қытайдағы қазақтар жасаған.
Роликтің басында автор киіз үйлердің қырау мерекесіне арнап жасалғанын айтады. Кадрдан бір-біріне жақындау орналасқан екі киіз үйді көруге болады. Біреуінің алдында қардан тышқанның бейнесі салынған. Автор бұл жайында "Тышқан жылындағы қардан жасалған" деп түсіндіреді.
Автор киіз үйдің ішін де көрсетеді. Оның ішінде қабырғаны жағалап орындық жасалған. Ортада қардан жасалған дастархан тұр. Киіз үйдің негізгі элементтері - шаңырақ, уық, кереге де бейнеленген.
"Керемет жақсы, қазақи жасалған. Қардан жасаған қазақ үйінің ішінде алма жеген күн болды бұл", - дейді киіз үйдің ішінде отырған қонақтардың бірі.
Видео авторы киіз үйді бір айға жуық жасағанын айтады.
https://www.youtube.com/watch?v=YBMNVnlWSPA
Бұған дейін қар басқан үйінің терезесін ашып, қарды ойып, қойма жасап қойған ер адамның "өнертабысы" Желіде жұртты күлдірген еді. Тұрғын видеоның Ақмола облысы, Целиноград ауданы Қараөткел ауыл округінде түсірілгенін айтады.