СҚО мен «Самұрық-Қазына» меморандум жасады
СҚО мен «Самұрық-Қазына» меморандум жасады
147
оқылды
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Сол­түстік Қазақстан облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар өңірде жаңа өндіріс­терді ашуды ынталандыруға және әлеу­меттік-эконо­микалық ынтымақтастықты дамытуға келісті. «Самұрық-Қазына» қоры­ның басшысы Ахметжан Есімов импорт алмастыру бағдарламасы мен оффтейк-шарттар меха­низ­мі аясында жаңа өндірістік жо­баларға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– 2018 жылы біз қордың са­тып алу жүйесін жетілдіру жө­нін­де ауқымды жұмыстар бас­тап, отандық тауар өндірушілерді қолдадық. Нәтижесінде, хол­динг ішіндегі сатып алу 25 есе қыс­қарды және 630 млрд теңге­ден астам қаражат біздің кәсіп­керлерге берілді. Бәсекелестік орта құрудың арқасында 36 мил­лиардтан астам теңге үнем­делді, – деді Ахметжан Есімов.
Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры елде жаңа өнді­рістер құру бойынша 27 жобаны мақұлдаған, жобаларды іске асыруға салынған инвестиция көлемі 215 миллиард теңгеден асқан, 1600-ден астам жұмыс орны ашылған. Мақұлданған жобалар қа­та­рында СҚО-ның екі ірі кәсіпор­ны – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» және «С.Киров атындағы зауыт» бар. Кездесу барысында «Самұрық-Қазына­ның» портфельдік компания­лары зауыттармен 8,5 млрд тең­геден астам соманы құрай­тын шарт­тарға қол қойды. СҚО әкімі қол қойылған құжаттардың өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бүгін біз өңірді дамыту бо­йын­ша бірқатар жүйелі шара бел­гіленген Меморандумға қол қо­йып отырмыз. Қордың қолда­уы­мен Уәлиханов ауданындағы шал­ғай аудандардың бірінде ұялы байла­ныс қызметі кеңейтіледі, – деді өңір басшысы Құмар Ақса­қалов.
  Айдар ДӘУІТҰЛЫ