«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар өңірде жаңа өндірістерді ашуды ынталандыруға және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға келісті.
«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Ахметжан Есімов импорт алмастыру бағдарламасы мен оффтейк-шарттар механизмі аясында жаңа өндірістік жобаларға көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
– 2018 жылы біз қордың сатып алу жүйесін жетілдіру жөнінде ауқымды жұмыстар бастап, отандық тауар өндірушілерді қолдадық. Нәтижесінде, холдинг ішіндегі сатып алу 25 есе қысқарды және 630 млрд теңгеден астам қаражат біздің кәсіпкерлерге берілді. Бәсекелестік орта құрудың арқасында 36 миллиардтан астам теңге үнемделді, – деді Ахметжан Есімов.
Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры елде жаңа өндірістер құру бойынша 27 жобаны мақұлдаған, жобаларды іске асыруға салынған инвестиция көлемі 215 миллиард теңгеден асқан, 1600-ден астам жұмыс орны ашылған.
Мақұлданған жобалар қатарында СҚО-ның екі ірі кәсіпорны – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» және «С.Киров атындағы зауыт» бар. Кездесу барысында «Самұрық-Қазынаның» портфельдік компаниялары зауыттармен 8,5 млрд теңгеден астам соманы құрайтын шарттарға қол қойды.
СҚО әкімі қол қойылған құжаттардың өңір үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бүгін біз өңірді дамыту бойынша бірқатар жүйелі шара белгіленген Меморандумға қол қойып отырмыз. Қордың қолдауымен Уәлиханов ауданындағы шалғай аудандардың бірінде ұялы байланыс қызметі кеңейтіледі, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.