– Біз үйде отырып үш бірдей көрпені киімшең жамылып ұйықтаймыз. Жылудың және электр энергиясының да құнын жоғарылататынын естідім. Бұл не деген сұмдық! Біз бар тапқанымызды электр энергиясы мен жылуға төлейміз. Одан да қайыр болмай, суық тиіп ауырсақ тағы да қыруар қаржыға дәрі-дәрмек сатып аламыз, – дейді Аэлита есімді Степногор қаласының тұрғыны.Дегенмен санаулы жылы пәтерлер де бар болып шықты. Бірақ олардың саны саусақпен санарлық. Түйінді мәселе жайлы алдымен Степногор қаласы әкімдігінен сұрағанбыз. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов мәселеге қатысты толыққанды жауап беруден жалтарып, ресми хат сұрады. Орынбасарына қарағанда қала әкімі ашықтау болып шықты. Оның айтуынша, қазір барлық арыз-шағым қаралып, пәтері суытқан үйлерде комиссиялық тексерістер ұйымдастырылғанын, сондай-ақ өткен жазда жылу электр стансасында күрделі жөндеуден жүргізілгенін атап өтті. Дегенмен жылу желілерінің көп бөлігінің тозығы жеткенін әкімдік те мойындады.
– Тұрғындардың жылуға қатысты әлеуметтік желілерде жазылған арыз-шағымдары бойынша әкімдік және тиісті органдардың өкілдерінен құралған комиссия үйлерді аралап, тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, былтыр апатты жағдай болғанымен биыл жазда жылу электр стансасында 3,5 миллиард теңге инвестициялық қаражат бөлініп, үш жылыту қазандығы да күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір республиканың барлық аймағында жылу желілерінің тозғаны аталды ғой. Бізде де жылу жүйелері әбден тозған. ЖЭС-тен шығатын жылу 116 градус температураны көрсетіп тұр. Сондай-ақ кері температура 103 градусты көрсетіп тұр. Жақында аталған мәселе бойынша әкімдікте арнайы жиын да ұйымдастырылған. Мәселе әкімдіктің тікелей бақылауында. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде, – дейді Степногор қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов.Құбыр ескі, кадр тапшы Қала әкімдігінің мәліметінше, жылу электр стансасы қондырғылар да ұзақ уақыт пайдаланылғандықтан 58 пайызының тозығы жеткен. Мұнымен қоса, жылу электр стансасында кадр тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, қазандық машинистері, турбина және қазандық операторлары, электршілер сияқты 88 маманның орны бос. Жылу жүктемесінде ЖЭС-те жұмыстың маусымды болуына байланысты кәсіпорын жазғы уақытта жөндеу жұмыстарын өткізу үшін қажет болатын айналымдағы қаржы тапшылығына жиі ұшырайды. Санды майнинг өндіретін компанияларға қатысты бекітілген электр желілерінің жүйелік операторының шектеулеріне байланысты «Степногор ЖЭС-і» ЖШС осы жылдың 9 айында 1 миллиард теңгеге жуық кірісті ала алмаған. Халықтың ащы жанайқайын жылу электр стансасының басшылығынан да анықтамақ болдық. Бірақ кәсіпорын директорымен байланысудың сәті түспей, баспасөз қызметкерімен тілдестік. Олар тек ЖЭС ғана емес, халықтың өзі де қаражатын шығындап өз үйлеріндегі жағдайды реттемесе, мәселе шешімін таппайды. Сонымен қатар күрделі жағдайдың туындауының бірнеше себебін атап өтті.
– Қаладағы көпқабатты үйлердің барлығы сонау 50-60 жыл бұрын салынған тұрғын үйлер. Сол уақыттардан бері үйлердің жертөлелеріндегі жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл орайда, пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың өздері сол жағдайды реттеуі керек. Оны әкімдік те, ЖЭС-те реттей алмайды. Екіншіден, қаладағы ішкі жылу желілері мен Степногор жылу электр стансасынан келетін 21 шақырымдық жылу желісі толығымен яғни 80-90 пайызға дейін әбден тозған. Осы жылдың жазында 3 миллиард теңгеден астам қаражатқа ЖЭС-те күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бірақ бұл қаражат тозығы әбден жеткен жылу желілерін ауыстыруға жетпейді. Үшіншіден, қазіргі уақытта қаладағы пәтер иелері кооперативтерінде де, жылу электр стансасында да білікті мамандар қасқалдақтың қанынан қат болып тұр. Сантехник мамандардың бәрінің жасы зейнет жасынан асып кеткен. Ал жастар жалақысы төмен мұндай жұмыстардан қашатыны сөзсіз. Түйінді мәселені шешу үшін аталған жағдайларды бірлесіп шешу қажет. Бұл орайда, тұрғындар да бірлесе әрекет еткені жөн. Дегенмен арнайы құрылған комиссия қандай да бір арыз-шағым бойынша ол әлеуметтік желіден болсын, телефон арқылы хабарланса да дереу сол үйлерге барып жағдайды бақылауда ұстап отыр, – дейді Степногор жылу электр стансасы кәсіпорнының қоғаммен байланыс маманы Ғалия Хозина.P.S.
Cонымен, қаладағы жылу саласында қордаланған мәселенің көп екендігіне көзіміз жетті. Қаражат миллиардтап бөлінгенімен, жылдар бойы шыбық басы сынбағандықтан жасалған әрекеттен аса бір мән бола қоймаған. Сондықтан жауаптылар біріне-бірі кінә артып, соңында қыстың қамын жаз ойламады деп тұрғындарға кінә артпай, қазірден бастап тиісті шараларды қолға алған жөн сияқты...
Ақмола облысы