Степногор жылусыз қалмай ма?
Степногор жылусыз қалмай ма?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
374
оқылды
Екібастұздағы апат елдің барлық өңірінде жылумен қамту жүйе­лерін­дегі жұмыстың сапасыздығын, желі­лердің әбден тозғанын анық көрсетті. Кеңес заманынан бері жөндеу көр­меген жылу трассаларының басым бөлігінің тозығы жетіп ауыс­тыруды қажет етеді. Оның зардабын қыс түс­се пәтері бір жылымайтын қарапайым тұрғындар көреді. Сол секілді Ақмола облысы Степ­ногор қаласын­да да суық пәтерде қалтыраған жұрт­тың қатары мол. Миллиард теңгеде «жылу» жоқ Өткен жылы қыстың соңына таман апат­ты деп танылған жылу электр стан­сасына биыл 3 миллиард теңгеден астам қара­жат бөлініп, күрделі жөндеуден өткен. Бірақ одан еш нәтиже жоқ. Қаладағы жылу электр стансасы сонау 1966 жылы пайда­лануға берілген. Содан бері Степ­ногор қаласы мен Заводской кентін жылумен қам­тамасыз ететін желілер жөні түзу жөн­деу көрмеген. Жылу электр стан­са­сынан қалаға қарай созылған 21 шақы­рымдық құбыр мен қала ішіндегі жүздеген шақы­рымдық құбырдың 80 пайыздан ас­та­мының әбден тозығы жеткен. Салдары­нан өткен көктемде дәлірек айтқанда, 25 наурызда ЖЭС-те апат болып, екі бірдей жылу қазандықтары жарылды. Бір ғана өт­кен жылдың өзінде Степногордағы ЖЭС-те төрт мәрте апатты жағдай болған. Мә­селені шешу үшін биылғы жазда бюд­жет қоржынынан 3 миллиард теңгеден ас­т­ам қаражат бөлініп, ЖЭС-тің үш бірдей қазандығы, су қыздыру қазандығы күрделі жөндеуден өткен. Сондай-ақ 2021 жылы да 2 миллиард теңге қаражат бөлініп, ЖЭС-тің негізгі және қосымша жабдық­тары­на жөндеу жүргізілген. Алайда осын­ша қомақты қаражат та шаһардағы тұрғын­дардың пәтерлерін жылыта алмаған сы­ңай­лы. Өйткені тұрғындардың бірсыпыра­сы күні бүгінге дейін пәтерлерінің суық екенін ашық айтты.
– Біз үйде отырып үш бірдей көрпені киімшең жамылып ұйықтаймыз. Жылудың және электр энергиясының да құнын жоғарылататынын естідім. Бұл не деген сұмдық! Біз бар тапқанымызды электр энергиясы мен жылуға төлейміз. Одан да қайыр болмай, суық тиіп ауырсақ тағы да қыруар қаржыға дәрі-дәрмек сатып ала­мыз, – дейді Аэлита есімді Степногор қала­сының тұрғыны.
Дегенмен санаулы жылы пәтерлер де бар болып шықты. Бірақ олардың саны саусақпен санарлық. Түйінді мәселе жайлы алдымен Степногор қаласы әкімдігінен сұрағанбыз. Қала әкімінің орын­басары Нұрлан Мұқатов мәселеге қатысты толық­қанды жауап беруден жал­та­рып, ресми хат сұрады. Орынбасарына қара­ғанда қала әкімі ашықтау болып шық­ты. Оның ай­туын­ша, қазір барлық арыз-шағым қара­лып, пәтері суытқан үйлерде комиссиялық тексерістер ұйымдастырыл­ғанын, сондай-ақ өткен жазда жылу электр стансасында күрделі жөндеуден жүргізіл­генін атап өтті. Дегенмен жылу желілерінің көп бөлігінің тозығы жеткенін әкімдік те мойындады.
– Тұрғындардың жылуға қатысты әлеу­меттік желілерде жазылған арыз-шағым­дары бойынша әкімдік және тиісті орган­дар­дың өкілдерінен құралған комиссия үйлерді аралап, тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, былтыр апатты жағдай болғанымен биыл жазда жылу электр стансасында 3,5 миллиард теңге инвес­тиция­лық қаражат бөлініп, үш жылыту қазандығы да күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір республиканың барлық аймағында жылу желілерінің тозғаны аталды ғой. Бізде де жылу жүйелері әбден тозған. ЖЭС-тен шығатын жылу 116 градус темпе­ратураны көрсетіп тұр. Сондай-ақ кері тем­пература 103 градусты көрсетіп тұр. Жа­­қын­да аталған мәселе бойынша әкім­дікте арнайы жиын да ұйымдастырылған. Мәселе әкімдіктің тікелей бақылауында. Барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде, – дейді Степногор қаласының әкімі Ал­пыс­бай Қайыржанов.
Құбыр ескікадр тапшы Қала әкімдігінің мәліметінше, жылу электр стансасы қондырғылар да ұзақ уа­қыт пайдаланылғандықтан 58 пайызы­ның тозығы жеткен. Мұнымен қоса, жылу элек­тр стансасында кадр тапшылығы бай­қала­ды. Атап айтқанда, қазандық маши­нис­тері, турбина және қазандық опе­раторлары, электршілер сияқты 88 маман­ның орны бос. Жылу жүктемесінде ЖЭС-те жұмыс­тың маусымды болуына байла­нысты кәсіп­орын жазғы уақытта жөндеу жұмыстарын өткізу үшін қажет болатын айналымдағы қаржы тапшылығына жиі ұшырайды. Санды майнинг өндіретін компанияларға қатысты бекітілген электр желілерінің жүйелік операторының шектеулеріне бай­ланысты «Степногор ЖЭС-і» ЖШС осы жыл­дың 9 айында 1 миллиард теңгеге жуық кі­ріс­ті ала алмаған. Халықтың ащы жанайқайын жылу электр стансасының басшылығынан да анық­тамақ болдық. Бірақ кәсіпорын ди­рек­торымен байланысудың сәті түспей, баспасөз қызметкерімен тілдестік. Олар тек ЖЭС ғана емес, халықтың өзі де қара­жатын шығындап өз үйлеріндегі жағдайды реттемесе, мәселе шешімін таппайды. Со­ны­мен қатар күрделі жағдайдың туын­дауының бірнеше себебін атап өтті.
– Қаладағы көпқабатты үйлердің бар­лығы сонау 50-60 жыл бұрын салынған тұр­ғын үйлер. Сол уақыттардан бері үйлер­дің жертөлелеріндегі жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бұл орайда, пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындардың өздері сол жағдайды реттеуі керек. Оны әкімдік те, ЖЭС-те реттей алмайды. Екіншіден, қаладағы ішкі жылу желілері мен Степногор жылу электр стансасынан келетін 21 шақырымдық жылу желісі толығымен яғни 80-90 пайызға дейін әбден тозған. Осы жылдың жазында 3 миллиард теңгеден астам қаражатқа ЖЭС-те күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бірақ бұл қаражат тозығы әбден жеткен жылу желілерін ауыстыруға жетпейді. Үшін­шіден, қазіргі уақытта қаладағы пәтер ие­лері кооперативтерінде де, жылу электр стансасында да білікті мамандар қасқал­дақ­тың қанынан қат болып тұр. Сантехник мамандардың бәрінің жасы зейнет жасы­нан асып кеткен. Ал жастар жалақысы тө­мен мұндай жұмыстардан қашатыны сөз­сіз. Түйінді мәселені шешу үшін аталған жағдайларды бірлесіп шешу қажет. Бұл орайда, тұрғындар да бірлесе әрекет еткені жөн. Дегенмен арнайы құрылған комиссия қандай да бір арыз-шағым бойынша ол әлеуметтік желіден болсын, телефон арқы­лы хабарланса да дереу сол үйлерге барып жағдайды бақылауда ұстап отыр, – дейді Степногор жылу электр стансасы кәсіпор­нының қоғаммен байланыс маманы Ғалия Хозина.
  P.S.  

Cонымен, қаладағы жылу саласында қордаланған мәселенің көп екендігіне көзіміз жетті. Қаражат миллиардтап бөлінгенімен, жылдар бойы шыбық басы сынбағандықтан жасалған әрекеттен аса бір мән бола қой­маған. Сондықтан жауаптылар біріне-бірі кінә артып, соңында қыстың қамын жаз ойламады деп тұрғындарға кінә артпай, қазірден бастап тиісті шараларды қолға алған жөн сияқты...

Ақмола облысы