Жетеге жетпеген жер дауы
Жетеге жетпеген жер дауы
10,399
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында жер дауы ушығып тұр. Кәсіп­кер­лерге бұған дейін берілген жайылымдар мен шабындықтарға қатыс­ты мәмілелер жаппай жа­рамсыз деп танылуда. Бұл іске облыс әкім­дігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бас­тамашы болып отыр. Бүгінде облыстық мамандан­ды­рылған ауда­наралық-экономикалық соты 80-нен астам жер дауын қарап жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан об­лыс­тық филиалы жанындағы партиялық бақылау және «Жер аманаты» аумақтық комиссияларының бірлескен отырысында айтылды. Комиссия отырысында пай­даланылмайтын және заңды бұза отырып берілген жерлерді мем­лекет меншігіне қайтару мәселесі қаралды. Солтүстік Қазақстан об­лыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаевтың баяндамасынан белгілі болғанындай, жыл басынан бері 265,6 мың гектар пайдала­нылмайтын жер мемлекет мен­ші­гіне қайтарылған. Соның ішінде 22,2 мың гектары – егістік, 224,2 мың гектары – шабындық жерлер. Бұл – жоспардағының 88,5 пайы­зы. Жоспар бойынша биыл 300 мың гектар жер қайтарылуы тиіс.
«Қайтарылған жерлер тұр­ғындарға пайдалануға беріліп жатыр. Облыстың елді мекенде­рінде 547,1 мың гектар жайы­лымдық жер жетпеген еді. Қазіргі таңда олардың аумағы 591,1 мың гектарға немесе 108 пайызға ұлғай­тылды. Атап айтқанда, 79 елді ме­кеннің шекарасы кеңейтіліп, 114,4 мың гектар жайылымдық жер бөлінді және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 267 меморандум жасалып, олар өздеріне бөлінген 476,7 мың гектар жерді тұрғын­дардың малын бағу үшін ұсынды. Сондай-ақ жеке және заңды тұл­ғаларға заңды бұза отырып, бе­рілген 18 мың гектар жерді қайтару үшін сотқа 71 талап-арыз берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді басқарма басшысы­ның орынбасары Жанат Бекішұлы.
Бұған қоса, ақпан айынан бастап Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын бас­қару департаменті іске кірісті. Жаңа құрылым жер заңнамасы саласында жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінің заң­дылығын тек­середі әрі мақсатты пайдала­нылмайтын және заңсыз берілген жерлерді анықтап, мем­лекет мен­шігіне қайтарумен ай­налысады. Департамент басшысы Бақытжан Бекіштің айтуынша, жыл басынан бері 536,7 мың гектар алқапта 318 тексеріс жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылық анық­талған.
«Ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерлер бойынша 536,1 мың га алқапта 120 тексеру жүр­гізілді. 375,1 мың га алқапта 92 заң бұзушылық анықталды. Ұйғарым берілгеннен кейін 17 шаруашылық 72,9 мың гектар алқаптағы заң бұзушылықтарды жойды. Заң бұзушылықтарды жою туралы 92 ұйғарым беріліп, 20 есеге ұлғай­тылған салық салу үшін Мемле­кеттік кірістер департаментіне жіберілді. Департаменттің талап-арыздары бойынша заңнаманы бұза отырып берілген 4 731 га жер телімін жалдау туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы 18 іс сотта қаралды. Соның ішінде 15 талап-арыз қанағаттандырылды. Сондай-ақ сотқа 3 167 га жа­йы­лымдық жер телімін мәжбүрлеп алып қою туралы 1 талап арыз бе­рілді», – деді Бақытжан Серікұлы.
Қамшының екі ұшы бар Сырт қарағанда заңсыз беріл­ген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару болып көрінгенімен, қам­шының екінші ұшы кәсіпкерлерге тиіп жатыр. Кейбір кәсіпкерлер пайдаланбайтын жерлерін өз ерік­терімен қайтарып жатса, басқа­ла­ры мал бағып, не егін егіп күн кө­ріп отырған жерлерінен айы­рылып қалған. Мәселен, Ғабит Мү­сірепов атындағы ауданға қа­расты Воз­вы­шенка ауылында жуырда тауарлы-сүт фермасы ашыл­ған болатын. Қаншама адам­ды жұмыспен қам­тып, тасы өрге домалаған кәсіпкер өзіне тиесілі алқаптарға сеніп, мал басын кө­бейткен еді. Тіпті, Кана­дадан асыл­­тұқымды ірі қара сатып әкел­ген. Құрал-жабдығы да арзан емес. Өз бизнесін дамыту үшін кәсіпкер миллиардтаған қаржы жұмсады. Алайда қазір оның 600 гектардан астам жері мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Себебі, кезінде бұл жер оған заңды бұза отырып бе­рілгені енді ғана анық­талып отыр. Сотта кәсіпкердің маңдайы тасқа тиді. Апелляциялық шағымы әлі қаралған жоқ. Бірақ оған үміті де шамалы. Солтүстік Қазақстан «Атамекен» кәсіпкерлер пала­тасының сарапшысы Шыңғыс Жыл­қыбаевтың айтуынша, мұндай заң бұзушылықтар бұдан 10-15 жыл бұрын жіберілген.
«Негізінен елді мекендер ше­гінде және конкурс өткізбестен жер телімдері берілгені соттасуға себеп болып отыр. Кейбір жағ­дай­ларда заң бұзушылықтар 10, тіпті 15 жыл бұрын жасалған. Лауа­зым­ды тұлғалардың жіберген қате­ліктері үшін бүгінде жер телімін мақсатты пайдаланып, уақытында салық төлеп, агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкерлер жауап беріп отыр. Бұл ретте әрбір жағдай жеке қаралып, әр жағдайда жеке-жеке шешім қабылдануы тиіс. Себебі, көптеген кәсіпкерлер мемлекетке сенімін жоғалтып, кәсібін жауып тынбақшы», – деді сарапшы. Оның сөзін комиссия төрағасы Ерлан Алпысов та қолдады. «Же­рінен айырылып қалған адамдар оның кезінде заңсыз берілгенін өздері де түсінбей жүр. Себебі, бұған олар кінәлі емес. Әкімдік­тердің қызметкерлері құрған комиссия 10-15 жыл бұрын шешім шығарып, жерді оларға ұсынған. Енді мұның заңсыз екені анық­талып отыр. Ал шаруа ол жерге жыл сайын тыңайтқыш сеуіп, ауыл шаруашылығы техникасын немесе қосалқы бөлшектерін, дизель оты­нын сатып алып, шығынға батты. Сондықтан қаншама іс сотта қа­ралуда. Сот шаруаның шығында­рын ескеріп, істі оның пайдасына да шешуі мүмкін», – деді Ерлан Сапарбекұлы.
Заңнамаға өзгеріс қажет Солтүстік Қазақстан облы­сында ауыл тұрғындарының жер үлестерін банкке кепілдікке қо­йып, несие алған, кейін оны тө­леуден бас тартқан шаруашылықтар да бар. Кепілдіктегі жерлер кейін аукционнан сатылып кетіп, енді көптеген ауылдықтар пайсыз қа­лып отыр. Облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының мә­лі­метінше, өңірде 38,8 мың үлескер 739,2 мың гектар аумақтағы жер үлесі құқығынан айырылған. Әлеу­меттік шиеленісті болдырмау үшін, жергілікті атқарушы орган­дар ірі ауыл шаруашылығы құ­рылымдарымен меморандум жа­сасып, соған сәйкес ауылдықтарға дивиденд төленуде. Алдағы уақытта мұндайды бол­дырмау үшін облыстық әкімдік жер үлестерін пайдалану бойынша проблемалық мәселелерді қарау жөніндегі комиссияға ұсыныстар жолдаған болатын. Жер үлесте­рінен айырылғандардың бірі – Ақжар ауданындағы Бостандық ауылының тұрғындары. Олар барлық сотта жеңіліс тапты. Сот орындаушы ауылдықтардың 6000 га жер үлестерін аукционнан сатып жібергенін сот заңды деп тапты. Енді ауылдықтар Жоғарғы Сотқа шағымдануы тиіс. Мамандардың айтуынша, Жер кодексіне жерді кепілге беру үшін барлық үлескерлердің нотариус куәландырған келісімі керек деген толықтыру енгізу қажет. Сондай-ақ жарғылық капиталдағы үлесті пайдаланудың бірыңғай қағида­ларын әзірлеу ұсынылып отыр. Сонда ғана жер дауларының то­ластайтын түрі бар.

Солтүстік Қазақстан облысы