«AMANAT» партиясы әрқашан қоғам тарапынан болатын сұраныстарға назар аудара отырып, мәселелерге дұрыс шешім ұсынуға тырысады. Партия жетекші қоғамдық күш ретінде өзіндік принциптерін, мақсаты мен даму жолын алдын ала жоспарлап отырады. Мұның бәрі партияның саяси тұғырнамасында бекітілген. Осы ретте партияның жаңадан қабылдаған саяси тұғырнамасындағы ең негізгі бағыттарға анықтама беруді жөн көрдік. «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезінде жаңа саяси тұғырнама қабылданған болатын. Бағдарламалық құжаттың бірінші бөлімінде адам өмірі мен әлеуметтік қажеттіліктер жайлы айтылған. Сондай-ақ отбасы құндылығы, денсаулық сақтау, білім беру мәселелерінің негізгі бағыттары айқындалған. Ал басқа бөлімдерде партияның ұстанымын айқындайтын және мемлекет дамуына ықпал ететін салалар бойынша негізгі мәселелер мен оларды шешу жолдары ұсынылған. Ұлттық армия – елдің айбынды қорғаны мен сенімді қалқаны Партияның бағдарламалық құжатында Ұлттық армияның қуатын арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, қазақстандық армия қатарында тәртіп орнатып, оны заманауи қару-жарақпен қамтамасыз ету, әскери білім беруді дамыту мәселелері көтерілді. Құтқару қызметкерлерінің дайындығы жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет екені де айтылған.
«Қазақстандық мамандардың көмегімен біз кибершабуылдарға төзімді отандық ақпараттық жүйелерді әзірлеуіміз керек. Ұлттық ақпараттық кеңістікті сыртқы және ішкі қауіптерден қорғау, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту – кезек күттірмейтін міндет. Сыртқы саясат Қазақстанның ұлттық мүддесін басшылыққа ала отырып жүргізілуі керек», – делінген платформада.Мемлекеттің басты мақсаты – мемлекеттілікті сақтау және нығайту. «AMANAT» партиясы да жаңа саяси тұғырнамасында осы мәселені басты назарға алды. Онда ішкі және сыртқы күштердің әрекеттеріне, жасанды арандатушылыққа жол берілмейтіні айтылды.
«Біз еліміздің қауіпсіздігін, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуіміз керек. Әсіресе, бүгінгідей күрделі геосаяси жағдай кезінде бұл – өте өзекті. Барлық қауіп-қатерлер мен жағдайларға қарамастан, біз Отанымызды қорғауға міндеттіміз», – деп атап өтті партиялықтар.Тіл – мемлекеттің жаны Халық даналығында «Тілі жоғалған ұлт өзі де жоғалады» деген нақыл бекер айтылмаған. Тіл – мемлекеттіктің символы. Қазақ халқының тарихы, тағдыры мен болашағы мемлекеттік тілдің дамуымен тығыз байланысты. Партия өзінің жаңа саяси тұғырнамасында бұл туралы да атап өтті.
«Қазақ тілі – мыңдаған жылдық мәдениетіміз бен өркениетіміздің діңгегі. Біз Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп санаймыз. Қазақ тілі білім мен ғылымда, медицинада, әскерде, қаржылық салада, өнеркәсіпте, ақпарат кеңістігінде өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Тіл мәселесінің саяси ойындар мен айла-шарғыларға айналуына жол бермейміз», – деді партиялықтар.Расында, мемлекеттік тіл ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай, қоғамды біріктіретін күшке айналуы тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған мәселені назарға алып, саяси тұғырнамаға басты бағыттардың бірі ретінде енгізіп отыр. Заң бәріне ортақ Бүгінде қоғамның басты талабы – әділеттілік пен заң үстемдігін орнату, сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қарсы аяусыз күрес. Непотизм мен рушылдық, олигополия, криминалдық топтардың жүгенсіздігі сипат алған заманда бұл нағыз қажетті шара. Себебі қоғамда аталған жайттарға қатысты әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік жиі кездеседі. Осыған байланысты партия жаңа бағдарламалық құжатта заң бәріне ортақ екенін басшылыққа алып, осы бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
«Біз соттың әділдігін, полицияның тазалығын, құзырлы органдардың жауаптылығын қалпына келтіру үшін осы салада түбегейлі, қатаң реформалардың жүргізілуіне пәрменді ықпал ететін боламыз. Конституцияда кепілдік берілген адам құқығы қандай жағдайда да қорғалуы керек. «Тура биде туған жоқ» қағидасы судьялар адалдығының өлшеміне айналуы тиіс», – делінген партияның жаңа тұғырнамасында.Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселесіне де заң аясында дұрыс көңіл бөлінуі қажет екенін айтты. Осылайша, партия қоғамда жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ұмтылып отыр. Тиімді мемлекеттік басқару Кейінгі жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғамда кеңінен тарап, талқыланды. Соның негізінде мемлекеттік басқару саласында біршама өзгеріс болды. Алайда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында әлі де жұмыстар жүргізілуі тиіс. Осы ретте партиялықтар мемлекеттік басқару жүйесі транспарентті, түсінікті және қоғамның бақылауында болуы керек екенін айтты.
«Билік институттары заман талабына сай болуы керек. «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы сол мақсатқа жетудің баламасыз жолы. Бұдан әрі мемлекеттік басқару жүйесі ашық, түсінікті әрі қоғамдық бақылауда болуы тиіс. Қазір басқару жүйесін орталықсыздандыру үдерісі басталды. Орталық мемлекеттік органдарды оңтайландыру арқылы жергілікті атқарушы биліктің өкілеттігі кеңейді. Парламенттің, жергілікті мәслихаттардың мәртебесі мен ықпалы артты, бұдан әрі де арта түспек. Бұл аймақтардың кешенді дамуына жағдай жасамақ», – делінген құжатта.Сондай-ақ ескірген бюрократиялық әдіс-тәсілдерден, қағазбастылықтан бас тартып, мемлекеттік қызметті жаңа заман талабына лайықтау керек, цифрлық платформаны жетілдіру бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Дамыған өңірлер – қуатты экономика Партияның жаңа саяси тұғырнамасында экономика саласы да бар. Жаңа Қазақстанда дамыған өңірлер мықты экономиканы қамтамасыз етуі тиіс. Елдің экономикадағы жаңа бағыты экономикалық еркіндікті және Ұлттық кірісті әділ бөлуді қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жекеменшікке қол сұқпау, ашық бәсекелестік, тұрақты заңнама бизнесті дамыту және инвестициялар тарту үшін жағдай жасауы тиіс. Ал инновациялар мен технологияларды енгізу экономиканы әртараптандырудың негізіне айналмақ.
«Біз ресурстарға негізделген экономикадан қосылған құны жоғары салаларға көшуді жақтаймыз. Заңдар мен халықаралық келісімдер деңгейінде ішкі нарықты қорғап, өз өндірісімізді қолдайтын боламыз. Сапалы жұмыс орны мен салық түсімінің көзі ретінде кәсіпкерлікті қолдайтын боламыз. Біз қоғамда елдің тұрақтылығы мен экономикалық тәуелсіздігінің негізіне айналатын орта тапты қалыптастыратын боламыз», – деп жазылған жаңа бағдарламалық құжатта.Әсіресе, партиялықтар өңірлердің теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігінің артуы өңірлердегі қордаланған мәселелерді оңынан шешуге мүмкіндік беретінін де түсіндіріп өтті. Яғни, сайланған әкімдер ұлттық заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырып, республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялардың нысаналы пайдаланылуын үйлестіретін болады. Халықаралық, республикалық маңызы бар жолдарды, ауданаралық және ауылдық жолдарды салу және күрделі жөндеуден өткізу, олардың сапасын арттыру да өте маңызды. «AMANAT» партиясы саяси тұғырнамасында бұл мәселені де сырт қалдырмады.
«Халықаралық, республикалық маңызы бар жол тораптарын салып, күрделі жөндеуден өткізу арқылы аймақаралық логистика мәселесін түбегейлі шешу қажет. Ауданаралық және ауыл жолдарының сапасын ретке келтіру маңызды. Шекаралас аймақтарға ерекше назар аударылатын болады», – делінген құжатта.Ауыл – ел бесігі Жаңа саяси тұғырнамада ауылды елді мекендердің де мәселесі көтерілді. Партия ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөліп, ауылдарды өркендету бағытында атқарылуы тиіс бірқатар шараны атады. Себебі ауыл шаруашылығының жағдайы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
«AMANAT» партиясы ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, ауыл шаруашылығын қолдауға ерекше басымдық беруді мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттердің бірегейі деп санайды. Жер иесі – ауыл адамына мемлекет тарапынан берілетін көмек пен жеңілдіктер аясы кеңейтілуі керек», – деді партиялықтар.Бұл бағытта партия тарапынан біршама атқарылған жұмыстар бар. Соның ішінде «Жер аманаты» және «Ауыл аманаты» бағдарламаларын ерекше атап өтуге болады. «Жер аманаты» жобасы шеңберінде заңсыз жекешелендірілген немесе пайдаланылмайтын жерлер мен жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған бағдарлама жыл соңына дейін жалғасатын болады. Ал «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсін ашуға ниетті немесе бұрынғы кәсібін дамытамын деген ауыл тұрғындары кәсіпкерлік негіздеріне баулитын бағдарлама. Бүгінде жоба пилотты режимде өз жұмысын бастады. Партия осылайша ауыл мен қала арасындағы алшақтықты барынша азайтуға ықпал етпек.
«Барлық ауылдардың инфрақұрылымын жаңартып, жол, ауызсу, байланыс мәселелерін түбегейлі шешу кезек күттірмейтін шаруа. Ауылдардағы әлеуметтік нысандар – мектептер мен медициналық пункттер, мәдениет ошақтары жаппай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылуы керек», – делінген құжатта.Экологиялық саясат Саяси тұғырнамада экологиялық саясат мәселесі де қарастырылған. Бүгінде өркениетті елдірдің бәрі де экология мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Осылайша, партия да қоршаған ортаны сақтау жөнінде атқарылуы тиіс шаралар жөнінде сөз қозғады. Қазақстан халқы мен келер ұрпақтың табиғи өнімдер және сапалы ауызсу тұтынып, таза ауамен тыныстауы үшін экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруды қазірден бастауымыз қажет.
«Экологиялық саясаттың түпкі мақсатының бірі – «жасыл экономиканы» қалыптастыру. Оның аясында баламалы энергетика көздеріне эволюциялық түрде көшу, алыс болашақта көміртегінен арылу міндеті қолға алынады. Табиғи ресурстарды, өзен-көлдерді үнемді пайдалану, жануарлар әлемін, табиғи парктерді, экожүйені сақтау және қорғау – біз үшін негізгі басымдықтың бірі», – деп жазылған жаңа саяси тұғырнамада.«AMANAT» партиясы саяси тұғырнамасында бүгінде өзекті болып отырған мәселелерді назарға ала отырып жаңартты. Партияның жұмыс сипаты мен тәсілдеріне де өзгерістер енді. Осылайша, партия елдегі барлық өзгерістер мен жаңғыру жолындағы бастамаларға өз үлесін қоспақ.
«AMANAT» партиясы – өзгерістер жаршысы! Саяси тұғырнамамызды жетілдірдік. Партияның өз ішіндегі жұмыс сипаты мен тәсілдерін жаңарттық. Партияның жаңа, жас буын кадрлары ел ісіне белсенді араласа бастады. Енді жаңа саяси мәдениет қалыптастырып, болашаққа нық сеніммен қадам басамыз», – делінген бағдарламалық құжатта.