Жақында туристердің сақтандырылуын бағалайтын Insurly сайты саяхатшылардың қауіпсіздік рейтингісін жасап, жаһандағы 180 елдің арасында Қазақстанды 71-орынға қойды. Яғни, туристер үшін қауіпті мемлекет деп таңба басты. Сөз жоқ, отандық туризмнің дамуына, шетелдік инвестицияның тартылуына, мемлекет имиджінің қалыптасуына мұндай рейтингтер ықпал етері белгілі. Ендеше әлемдік түрлі тізімде қазақ елінің орны қандай? Көршілеріміз ше?
Алдымен экономикаға тікелей ықпал етпесе де, футбол сүйер қауым бақылайтын ФИФА-ның рейтингіне назар салайық. Биыл көш басында Бельгия, Франция және Бразилия тұр. Ал Қазақстан 118-орында. Өзінің дәстүрлі аймағында десек, ағаттық емес. Мұндайда көрші елдердің жайына да қызығушылықпен көз тастаймыз. Қырғыз Республикасы – 96, Өзбекстан – 85, Ресей – 38-орындарда. Осындайда «Азия лигасынан УЕФА-ға ауысқанымыз дұрыс шешім бе еді?» деген сұрақ ойға орала береді.
Ал футболға қарағанда экономикалық көрсеткішіміз сәл-пәл жақсырақ екен. Жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форум жаһандық бәсекелестік индексін шығарады. Индекс елдердің өз азаматтарының әл-ауқатын жақсартудың мүмкіндігін бағалайды. Ол ең алдымен мемлекеттің меншігіндегі ресурстарды қаншалықты тиімді қолдануына байланысты. Міне, сол тізімде 141 елдің арасында Қазақстан 55-орында. Бұл жолы да мүмкіндігімізді көршілермен салыстырып көрсек, Қырғыз Республикасы – 96, Ресей – 43-орында. Ал Өзбекстан 2019 жылғы тізімге қосылмапты.
Дүниежүзілік банк түзетін Doing Business рейтингісі де кәсіпкерлер, инвесторлар үшін маңызды. Себебі ол әр елдегі кәсіпкерлікті жүргізудің жеңілдігін, қолжетімдігін айшықтайды. Яғни, рұқсат алу, құжат рәсімдеу, салық мәселесі және тағысын тағыларға назар аударылады. Міне, сол Doing Business рейтингісінде Қазақстан 2019 жылы 25-орынға тұрақтады. Бұл – жақсы көрсеткіш, себебі екі жыл бұрын 36-орында едік және 25-орын Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысу оңай деген сөз. Бұл салада іргелес елдерден оқ бойы озып тұрмыз. Мәселен, Ресей – 28, өзбек елі – 69, қырғыз халқы 80-орында екен.
Адам жұмыс істеу үшін туылмайды, оның көздегені – өмірдегі бақыт. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы Дүниежүзілік бақыт есебін жариялайды. Бақытты мемлекеттердің көрсеткішін тізбектеуде келесі мәліметтер маңызды: адам басына шаққандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, азаматтардың өмір сүру жасы, адамдардың маңызды шешімдерді қабылдаудағы еркіндігі, жомарттығы және жемқорлыққа деген қарым-қатынасы. Міне, осы деректерді салыстырса, Қазақстан халқы ең бақытты елдердің арасында 60-орында екен. Яғни, ел тұрғындары аса шаттанып жүрмеген сияқты. Ресей бұл рейтингте – 68-орын, Қырғыз республикасы – 86-орында. Олар да шат-шадыман емес екен. БҰҰ есебі бойынша Орталық Азиядағы ең бақытты мемлекет – Өзбекстан. Ол аталған тізімде 41-орында. Яғни, экономикалық тұрғыда Қазақстаннан артта келе жатса да, өзін бізден бақыттырақ сезінеді екен.
Әрине, бұл дүниеде барлық нәрсе салыстырмалы. Сондықтан да Қазақстанның көрсеткішін ажырамас көршілермен салыстыра отырып, түсінуге тырыстық. Сөз болған рейтингтер мемлекеттердің жаһандағы жағдайын, әлемдік әлеуетін айшықтайды. Оған қарап бой түзеуге де болады. Бірақ тізімдегі орнымызды жақсарту негізгі мақсат емес. Күнделікті өмірдің сапасы артып, оны шынайы сезінсек, бұл елге берілген жоғары баға емес пе?
Нұрмұхамед БАЙҒАРА