Түркістан балалар суицидінен бірінші орында
Түркістан балалар суицидінен бірінші орында
301
оқылды
Былтыр елімізде 180 жасөспірім өзіне қол жұмсаған. Осынау антирейтингте  көш басында Түркістан облысы тұр. Сол себепті Түркістанда балалар суицидінің алдын алуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Түркістан облысы бойынша 2019 жылы өз-өзіне қол жұмсаған жас­өспірімдер саны 76-ға же­тіп­ті. Олардың 32-сі көз жұмса, 44 жас­өспірім суицидтен аман қал­­­ған. Бірақ өмірмен қош ай­ты­­суға ұмтылса керек. Ал 2018 жы­лы облыста 106 суицид тір­кел­­ген, олардың 42-сі өмірден өтіп, 64- і аман қалған. Яғни, 2019 жы­лы суицид жасаған жасөс­­­пірімдердің саны алдыңғы жыл­дан төмендегені байқалады. Алайда бұл жағдай бейқам отыру­ға болмайтынын байқатады. Мамандардың айтуынша, елі­­міздің кейбір аймақтарында жас­­өспірімдер арасында өзіне қол жұмсау (суицидтік) әрекеттерінің артуы айтарлықтай мәселеге айна­лып отыр. Өкінішке қарай, өмірден баз кешуге бекінгендер тек әлеуметтік жағдайы төмен, берекесі жоқ, дау-жанжалы көп отбасыларда ғана кездеспейді. Бақуатты отбасында өскен жасөс­пі­рімдер арасында да суицидке ұмтылу деректері тіркеліп жатыр. Бұл өз кезегінде суицидке ұмтылу себептеріне біржақты қарауға болмайтынын көрсетеді. Қ.Ясауи атындағы Ха­лық­а­­ра­лық қазақ-түрік универ­си­тетінің Кә­сіби дамыту институтының ди­ректоры Талант Бөлеевтің ай­туын­ша, жалпы суицидтің ал­дын алу қазір өзекті бола түс­кен. Сондықтан Түркістанда «Жас­­өспірімдердің өзіне қол жұм­­сау әрекеттерінің алдын алу (про­филактикасы)» атты семи­нар-тренинг басталған. 76 сағат­тық тренингке Түркістан қала­сы бойынша мектеп дирек­торы­ның тәр­бие жөніндегі орынбасарлары мен психологтері қатысып жатыр. «Әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – суицидтің алдын алу жол­да­рын қарастырамыз. Әлемде тек қана бір жылдың өзінде 2 млн адам өз-өзіне қол жұмсайды. Фран­­цияда – 60 мың, Оңтүстік Ко­рея­да 35 мың адам суицид жа­саған. Елімізде де бұл мәселе өзек­ті болып тұр. Әсіресе, балалар ара­сындағы өлім алаңдатарлық жағ­дайда. Айталық, өткен жы­лы Алматы облысында – 24, Шым­кент­те 16 бала суицидтен көз жұм­ды. Балалардың өмірін сақтау бар­шамыздың міндетіміз», – деді семи­нар тренері Талант Бөлеев.  

Суицид тек әлеуметтік жағдайға ғана байланысты емес

Семинар тренерінің айтуын­ша, жасөспірімдердің қатерлі қа­дам­ға баруына тек тұрмыстық жағ­дай ғана себеп болмайды. Әлеу­меттік мәселеден бөлек мі­нез-болмыстың да әсері жоғары. Сон­дықтан суицидтің кесел деп те, туабітті мінез-құлықпен бай­ла­нысы бар әрекет деп те баға­лау­ға болады. Сонымен қатар жас­­­өспірімдерге қоғамдағы түр­лі түйт­кілдер мен өмір сүру дағ­ды­сының да әсер ететін кездері болады. Мәселен, интернеттің де ықпалы болатыны жасырын емес. «Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына басты себептің бірі – әлеу­меттік және отба­сын­да­ғы келеңсіз жағдай. Екіншіден, бала­ның ортада өзін таба алмауы. Сы­­нып­тастарының арасында қы­сым­ға ұшырауы, жалғыз сезінуі, өзін аша алмауы. Сонымен қа­тар ин­тернеттің де кері әсері үл­кен рөл атқарып отыр», – деді Түркіс­тан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев. Ал Түркістан қалалық №9 Нек­­расов атындағы мектеп-гим­­на­зиясы директорының тәр­бие ісі жө­­ніндегі орынбасары Гүл­ми­ра Нау­рызбаева әрбір бала­ның мек­теп­те де, үйде де жіті қада­­ғалауда болу керегін және ата-ана­лар да бұл мә­селеге аса мән беру қажетін жет­кізді. «Арнайы мамандар мен ата-аналар тарапынан әрбір бала­ны көзден таса қылмай, әр бала­ның, оның ішінде «тәуекел то­бы­­на» жататындарының пси­хо­­логиясына байланысты жеке жұ­­мыстар жүргізілу керек. Ата-ана­сы айырылысқан отбасындағы жа­ғдай балаларға ауыр тиеді. Пси­хологтер осындай балаларды анық­тап, психологиялық кө­мек беру керек. Ғылым мен тех­­­­никаның дамыған заманда бі­­­лім­ді, тәрбиелі жастарды тәр­бие­леу міндетіміз», – деді. Соны­мен қатар ол өзіне қол салғы­сы ке­­ле­тін жасөспірімдердің бір­қа­тары өзде­ріне басқалардың кө­­бірек назар аударғанын қа­лай­­ты­нын айтты. Әрі сондай бала­лар­­ды суицидтен арашалап қалған тә­жірибесімен бөлісті.  

Арнайы орындар не істеп жатыр?

Айтпақшы, өңір тұрғындары­на психикалық көмек көрсететін Об­лыс­тық психикалық денсаулық орта­лығы (ОПДО, атауы 2019 жы­лы өзгерді) жұмыс істейді. Құ­­зыр­лы мекеменің мәліметіне сү­йен­сек, Шымкент қаласында ор­на­ласқан негізгі стационарлық және кеңестік-диагностикалық ор­та­лықтың (ОПДО) Кентау және Сарыағаш қалаларында да бө­­­лім­шелері бар. Сонымен бірге ау­дандарда 19 психиатриялық ка­бинет жұмыс істейді. Бүгінде облыс бойынша бар­лық аудандар мен ОПДО-ғы ере­­сектер психиатрларының саны – 96, оның ішінде 54 маман орта­лықта, ал 37 маман ауданда жұмыс істейді. Ал балалар пси­хиа­трия­сы­на келсек, облыс бойынша тіке­лей осы мәселемен 5 балалар пси­х­иатры айналысады, оның төр­теуі ОПДО-да, біреуі Жетісай қала­сында. Жалпы, облыс бойынша об­лыстық денсаулық орталы­ғын­да қазіргі таңда барлығы 21 946 пациент есепте тұр. Олардың 15 386 ересек болса, балалар мен жас­өспірімдер саны 6 576 баланы құрайды. Түркістан об­­лысы қоғам­дық денсаулық басқармасы суи­цид­тің алдын алу бойынша жұмысты 2018 жылдан басталған «ТО жасөспірімдер ара­­сында суи­цидтің алдын алу жобасын енгізу бойынша» Жол картасына негіздеп, жүргізуде. Жол картасы бойынша 2018 жы­лы 23 психиатр-дәрігерлер мен 125 медицина мекемелерінің пси­хологтері «Суи­­цидтің алдын алу шаралары» тақы­рыбында білі­мін жетілдіріп, сертификат алса, келесі жылға 409 ЖТД-мен 35 аудан­дық психиатрларды оқыту жоспарланып отыр.   Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы