Жұмыссыз мұғалім көбеюі мүмкін
Жұмыссыз мұғалім көбеюі мүмкін
6,201
оқылды
Елімізде ұстаздардың саны жыл санап артып келеді. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметке сенсек, 2021 жылы мұғалімдер саны 313 мыңнан асса, биыл 340 мыңнан астам мұғалім еңбек етуде. Алайда кейбір пән мұғалімдері еңбек нарығындағы сұраныстан көп даярланған. Салдарынан мемлекеттің қаржысы желге, студенттің уақыты текке кетті. Бұл педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік грант бөлуде еңбек нарығының сұранысы ескерілмейтінін аңғартады. 2022-2023 оқу жылында бака­лавриатқа қабылдау үшін минис­трлік 73 мыңға жуық грант бөлді. Ең көп грантты «Машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс ин­дус­триясы» білім беру бағдарламалары тобы алды, саны – 17 794 грант. Одан кейінгі грант ең көп бөлінген мамандық – «Педагогикалық ғы­лымдар». Мұғалімдерді даяр­лауға 10 810 грант қарастырлыған. Де­ген­мен статистикаға сүйенсек, елі­міз­дегі мектептерде небәрі 3 620 педа­гог тапшы. Сонда қалған 7 мыңнан астам маман далада қала ма? Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төра­ғасы Гүлмира Кәрімованың ай­туынша, орыс тілі пәнінің мұ­ға­лімдеріне сұраныс жоғары. Орта білім беру ұйымдарында орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің 800-ден астам мұғалімі жетіспейді. Әсіресе, оңтүстік өңір­лерде аталған шет тілінің мамандары тапшы. 536 жоғары білімді бастауыш сынып мұғалімі керек. Статис­ти­каның келесі сатысында математик мамандар тұр.
– Қазақстанда 6 942 мем­лекеттік мектеп бар. 3,6 миллионға жуық бала білім алып жүр. Биыл елімізде жаңадан 220 мектеп ашу жоспар­ланған. Жаңа оқу жылында 72 ны­сан есігін айқара ашса, жыл соңына дейін тағы 148 мектеп іске қосыл­мақ. Отандық білім беру саласын­дағы өзекті мәселелердің бірі – жоғары білімді маман тап­шылығы. Қазір педагогтерге қа­жет­тілік 3 620 адамды құрайды, оның ішінде 1 885 қалалық, 1 735 ауылдық жерлерде. Пәндер бо­йынша тарқатып айтар болсақ, ағылшын тілі – 344, био­логия – 58, география – 76, СБӨ – 22, ин­форматика – 166, тарих – 126, қа­зақ тілі мен әдебиет – 92, мате­ма­тика – 532, музыка – 171, бас­тауыш сынып – 536, алғашқы әс­кери дайындық – 49, неміс тілі – 4, орыс тілі мен әдебиеті – 844, фи­зика – 177, дене шынықтыру – 66, химия – 154 және көркем еңбек пәні бойынша – 81 мұғалім жетіс­пейді. Өзге пәндер бойынша – 122 педагог тапшы, – дейді Гүлмира Кәрімова.
Еңбек нарығы ескерусіз қалды «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан бері қоғам­дағы педагогтің беделін қайдам, жала­қысы өсті. Сәйкесінше, бұл са­лаға бөлі­нетін грант саны да арт­қан. Бұрын мектепте нашар оқы­ған оқушылар амалдың жоқ­ты­ғынан мұғалімдікті таңдаса, қазір «Алтын белгі» ие­герлері пе­да­гогикалық жоғары оқу орын­дарына таласып түсетін болды. Себебі де анық. Шәкіртақысы да, грант та көп. Бірақ педагогиканы таңдағандардың барлығы бірдей жұмысқа орналасып кетпейді. Ал жыл сайын еңбек нарығындағы сұраныстан 2-3 есе көп кадр даяр­ланып жатса да саладағы тап­шылық шешілер емес.
– Грант – мемлекеттің қар­жысы. Сондықтан ең алдымен грант бөлерде еліміздің еңбек на­рыға мониторинг жасалып, мұқият тексерілу керек. Әр өңірде пед­а­гог­терге сұраныс әртүрлі. Мәселен, он жыл бұрын Түркістан облы­сында қазақ тілі мамандарын бес жылға артығымен дайындап қойды деген пікірлер айтылған. Сонда да жергілікті жоғары оқу орындары мемлекеттен грант алып, қазақ тілі мұғалімдерін оқытып жатыр. Олар бітіргеннен кейін мамандық бо­йынша жұмыс таба алмайды. Ал солтүстікте керісінше қазақ тілі мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Әр облыстың ерекшелігін ескеріп жатқан ешкім жоқ, – дейді шым­кенттік мұғалім Өмір Шыны­бекұлы.
Оның айтуынша, жекеменшік жоғары оқу орындары көбіне материалдық-техникалық базаны қажет етпейтін мамандықтарды дайындайды. Яғни, қазақ тілі, та­рих, музыка деген пәндердің мұ­ғалімдерін дайындау үшін универ­ситет базасына қымбат жабдықтар керек емес. Осылайша, есеп-қи­сапсыз мемлекет қаржысы талан-таражға салынып жатқандай. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол – еңбек нарығына бақылау жасап, педагогтерді нарықтың сұ­ранысына қарай дайындау. Әйт­песе, алдағы уақытта қолында дип­ломы бар мұғалімдер жұмыссыз қалуы мүмкін. [caption id="attachment_231523" align="aligncenter" width="1627"] width= © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Ал білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы керісінше бөлінген грант нарықтың сұранысын толы­ғымен өтеп жатқан жоқ деп ой­лайды.
– Себебі биыл бөлінген грант төрт жылдан кейінгі жағдай. Ол мектептегі оқушы санымен ғана нақтылануы керек. Мысалы, был­тыр 11 сыныпты 172 мың бала, 4 сыныпты 400 мыңнан астам бала бітірді. Яғни, 4 сынып пен 11 сы­ныптың арасындағы айырма 2,5 есе. Сондықтан бізге болашақта өте көп кадр керек болады. Биылғы еңбек нарығындағы сұранысты енді университет бітіретін студент­тердің санымен есептеуіміз керек. Деген­мен нарықта білікті маманға сұ­раныс әрқашан болады, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Жұмыссыз қалудан қорыққан мұғалімдердің бір тобы – дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Олар жаңа жылдан бастап қыс­қартуға ұшыраймыз ба деп үрей­леніп отыр. Ал қарсылыққа себеп болған – Оқу-ағарту министрлі­гінің жаңа бұйрығы. Онда ендігі жылдан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздар қосып оқытылады деп жазылған. Сәй­кесінше, сағат қысқарса, аталмыш пәннің ұстазда­рына сұраныс азаюы мүмкін. Қазір елімізде 30 мың­ға жуық дене шы­нық­тыру пә­нінің мұғалімі бар екен. Олардың қатары жыл сайын жас кадрлармен толығып жатқаны да белгілі.
– Ұзақ жыл бойы тек осы са­ланың нанын жеп келген бізді кім керек қылады. Осы уақытқа дейін мемлекет қаржы бөліп, оқытып, пе­дагогтерді дайындады. Енді қыс­қарту жүретіні айтылып жатыр. Өз­дері оқытып, енді керексіз ма­мандыққа айналдыруда. Біз екі қолға бір күрек табармыз. Ал грант­қа бітірген студенттер не іс­тейді? Мек­тепте сағат жоқ болса, жұмыс­сыз қалады. Мамандығы бойынша жұ­мыс істемегені үшін гранттың ақ­шасын мемлекетке қайтарады, – дейді мұғалім Аман­бай Қозғанбаев.
Ендеше мемлекет тарапынан бөлінетін грант еңбек нарығындағы сұранысқа сай қарастырылуы ке­рек. Сұраныс аз, грант көп болған жерде жұмыссыз мамандар қаптайды. Сұраныс қай салаДа жоғары? Egov.kz порталы алдағы жылда­ры жоғары сұранысқа ие маман­дықтардың тізімін бағдарламашы, логист және сәулетшілер бастайды деп хабарлаған. Бірақ бұл нарықтағы шынайы қажеттілікке сәйкес келе ме? Элек­тронды еңбек биржасындағы деректерге назар аударсақ, елімізде күзетші, автокөлік жүргізушілері, медбикелер, бала күтушілер мен аспаздар және есепшілерге сұра­ныс жоғары. Мәселен, мамыр айы­ның көрсеткіші бойынша, рес­публикада 1 300 медбикенің орны бос тұр. Бұған қоса, 2 мыңнан аса санитар мен медицина саласы қызметкеріне деген сұраныс тағы бар. Әлбетте, кемінде 300 мыңнан аса жалақы алатын бағдарламашы мен 100 мың теңгеге жұмыс істей­тін күзетшіні салыстыруға келмес. Бірақ мектеп бітірушілерге қазіргі сұраныс пен болашақ маман­дығы­ның аражігін ажыратып алу ма­ңызды. Грант көп бөлінетін сала­лар­дың барлығына бірдей еңбек нарығында сұраныс жоғары емес.
– Елімізде мамандықты грант­қа бола таңдайтындар көп. Яғни, қай салада грант көп, сол салаға баратын балалар бар. Себебі әлеу­меттік жағ­дайы төмен өңірлерде грант бола­шақта өмірден өз орнын табуға көмектесетін жалғыз мүм­кіндік деп есептеледі. Көп ата-ана ЖОО-ға мил­лиондап оқу ақысын төлей ал­майды. Сондықтан талап­кер ұнат­сын-ұнатпасын, отбасына сал­мақ салмау үшін әйтеуір бір оқуға түсіп алғысы келеді, – дейді JОО.kz он­лайн-платформасының жетек­шісі Қанат Өксікбаев.
Осыған байланысты JОО.kz онлайн-платформасында арнайы зерттеу жүргізілген. Мұнда 400 мың­ға жуық түлек тестілеуде жи­наған ұпайы грантқа жетер-жет­песін анықтап көрген. Сонымен, тізімнің басында ақпараттық тех­нологиялар саласы тұр. Бағдар­ламашы болуды армандайтын түлектер 268 мың рет грантқа түсу мүмкіндігін есептеген. Одан кейін­гі орында Гиппократ антын қа­былдап, адам өміріне араша болу­ды кәсіп еткісі келетін түлектер бар. Алғашқы үштікті шет тілі мұ­ғалімі болуды қалағандар қоры­тындылайды. Бұдан басқа түлектер таңдаған саланың ішінде менедж­мент және басқару, ақпарат­тық қауіпсіздік, аударма ісі, мате­матика мұғалімі, медбике ісі, ком­муника­циялық технологиялар, биология пәні мұғалімі бар. Яғни, түлектер­дің барлығы ең бірінші грантқа түсу мүмкіндігін қарасты­рады. Осыдан болса керек, жоғары оқу орнын бітіргендердің 40,1 па­йызы оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кәсіп таңдауда әр төртінші адамға ата-анасы ықпал етсе, 6,4 пайызына оқу грантта­ры­ның болуы, 4 пайызына достары­ның ұсынысы түрткі болады екен.