Хорватия құрамасы сенсациялық түрде Бразилия құрамасын ұтып, Катарда өткен әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.
Плей-офф кезеңінің екінші турындағы бірінші ойын Ар-Райян қаласындағы «Эдьюкейшн сити» стадионында өтіп, 120 минуттық ойыннан кейін 1:1 есебімен аяқталды.
Бүгінгі кездесуде бразилиялық футболшылар шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті. Хорватия құрамасы негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде де ойын осы бағытта өрбіді. Неймар бастаған футболшылар хорватиялық қорғаушыларға көп жұмыс тауып берді.
Негізгі кезеңде 0:0 есебі тіркелді. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 105-минутында бразилиялық шабуылшы Неймар мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды. Осылайша ол ұлттық құрама сапында гол слу жөнінен әйгілі Пелемен теңесті.
Ал 117-минутта хорватиялық Бруно Петкович таразы басын теңестірді.
Осылайша овертаймда 1:1 есебі тіркеліп, жеңімпаз пенальти тебуден анықталды. Бұл жолы Хорватияның жолы болып, жартылай финалға жолдама алды.