Қарағанды облысында игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының «Жер аманаты» өңірлік комиссиясының жиынында осы жұмыстардың нәтижелері баяндалды. Комиссия отырысына партияның Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков төрағалық етті. Сонымен қатар облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы жетекшісі Қадиша Оспанова, осы салаға жауапты мекемелердің жетекшілері мен комиссия мүшелері қатысты. Облыс әкімдігінің Жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Ақмарал Мұқашеваның айтуынша, Қарағанды облысы бойынша 725 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді. Дегенмен биылғы 1 тамыздағы мәліметке қарағанда, тапшылық 337,2 гектарға азайған.
– Қарқаралы ауданының жер көлемі – 3 547 236 гектар. 2022 жылдың басынан бүгінгі күніне дейін 7 конкурс өткізіліп, 46 жер учаскесі – жалпы көлемі 65 мың 847,9 гектар жер жаңадан құрылған 20 шаруа қожалығы мен бұрыннан жұмыс істеп тұрған 37 шаруа қожалығына берілді, – деді Ақмарал Мұқашева.Сонымен қатар «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ мониторингі негізінде анықталған 27,6 мың гектар игерілмеген жер бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне хабарлама жіберілген. Ал Qolday бағдарламасы арқылы 370 шаруа қожалығына (701 мың 671 гектар) хат жолданған. Нәтижесінде, төрт шаруа қожалығы егістік жерлерін қайтару үшін құжаттарын рәсімдеуге кіріссе, 38 шаруа қожалығы 74 мың гектар жер бойынша малын тіркетіп, жерді игеруді қолға алған. Олар 1 032 гектарға көпжылдық шөп сепкендігі туралы анықтама берген. – 12 шаруа қожалығының 10 мың 675 гектар жері (оның ішінде егістігі 3 175 гектар) мемлекеттік қорға қайтарылды. Оның ішінде 10 шаруа қожалығы өз еркімен, ал 2-і сот арқылы қайтарды.
Қазақстан Республикасы «Жайылымдар туралы» заңына сәйкес, жалпы көлемі 182 мың 988 гектар жер 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарына енгізіліп, аудандық маслихат сессиясында бекітілді. Атап айтқанда, 2022 жылы жерлерін игермей отырған 86 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бойынша шара қолдану үшін Қарағанды облыстық Жер ресурстары департаментіне хат жолданды. Аудандық прокуратурамен бірлесіп, Мемлекет басшысының ауылшаруашылық және жер мәселелеріне қатысты тапсырмасын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық жоспар бекітіліп жұмыс жүргізіп жатыр, – деп атап өтті Ақмарал Өміржанқызы.Мұндай жұмыстар Нұра ауданында да қолға алынған. Осы жылдың 6 маусымында жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев жеке қосалқы шаруашылықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен меморандумға отыруды тапсырған болатын. Бүгінде «AMANAT» партиясының аудандық филиалы мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, ауыл әкімдіктері және жергілікті қоғамдастық арасында 11 меморандумға қол қойылып, онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер халықты жайылымға арналған 81,1 мың гектар жайылымдық жерлерді ұсынған. 23 ауылдық округтің әкімі жергілікті қоғамдастық мүшелерімен алдын ала келісіп, жер учаскелерін беру үшін жер комиссиясына өтініш берді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, мал шаруашылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтар үшін бөлінген жайылым көлемі 380 мың гектардан 593 мың гектарға дейін ұлғайған. Астықты өлкенің бірі саналатын Осакаров ауданында 2020 жылдан бүгінге дейін келіссөздер арқылы жайылым жерлерді пайдаланбау фактілері анықталып, жалпы көлемі 5 мың 932,5 гектар жайылымдық жерді құрайтын 10 жер учаскесі ерікті түрде ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Ауданның жер қатынастары бөлімі былтыр 17 мың 725 гектар жайылым жерді пайдаланушыларға қатысты сотқа 8 талап арызбен жүгінген. Оның 256,5 гектарға 1 талап қанағаттандырылды, 7 талап қабылданбады. Биыл 246,7 гектар жерді құрайтын екі қожалық өз еркімен жерден бас тартты. Бұл жер телімдері ауыл шаруашылығы айналымына тартылады. Жалпы, 2022 жылы Абай ауданында 7 мың 399, Ақтоғай ауданында 498 мың 104, Бұқар жырау ауданында 20 мың 587 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жиында сонымен қатар қайтарылған жерді игеру, тозығы жеткен жайылымға көпжылдық шөп егуді қолға алу туралы сөз қозғалды.
Қарағанды облысы