Көне түркі тарихы немесе түркі этностарының, яғни біздің ата-бабаларымыздың бастауы есте жоқ ескі замандардан тамыр тартса да, өкінішке қарай үзілген және ұрпағы ұға алмаған кезеңдері аз емес. Сол ақтаңдақтар ғасырлар тереңіне көміліп, бүгінгі там-тұмдап жеткен жазба мұралары арқылы халқымен қауышты. Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткішінің толық атласы» атты үш томдық еңбегінің тұсауы кесілді. Кітап таныстырылымына белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, ақын-жазушылар мен тарихшылар қатысты.
«Оқырманға ұсынылып отырған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» деп аталатын толайым еңбек ақтаңдақтардың орнын толтыруға арналған. Авторы – Қаржаубай Сартқожаұлы. Жалпы, бұл ғалым жай адам емес. Бағзы Түркі қағанатының жұртында өскен тұлға. Бұл еңбек байырғы түркілердің ерте, орта ғасыр дәуірінде өз қолымен жазып қалдырған қайталанбас мұрасының жинағы. Бұл құндылықтар зерттелгенімен құпиясын әлі ашпаған», – деді кітаптың таныстырылымында сөз алған Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.«Орхон ескерткішінің толық атласында» Еуразия ұлы даласына үш ғасыр бойы билік жүргізген, мәңгілік ел орнатуды көксеген, өздерінің тарихын, дүниетанымын, даналығын, ой-санасын, болмысын, жазу өнерін, ел басқару жүйесін, ата дәстүрін өшпестей етіп тасқа қашап кеткен, сөйтіп өркениетке, адамзат мәдениетіне асыл қазына қосқан байырғы түріктердің мұралары түгел қамтылған. Алтай, Орхон, Сэленгі, Керулен бойынан табылған Көк түрік империясы дәуіріндегі (500-900 жж) тас ұстынға 2000 жыл бұрын қашап жазған түпнұсқада тарих, тіл әдебиет (сөз өнері), сөз аспабы, байырғы архитектура және философиясы мен салт-дәстүрінің мұралары қамтылған. Бүгінгі қазақтың салт-дәстүрі сол дәуірден қалыптасқанына көз жеткізеді. Атласта Моңғолия–Чехия, Моңғолия–Түркия (ТИКА), Моңғолия–Кеңес Одағы біріккен экспедицияларының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған. Атлас авторы байырғы түрік мәтіндерін қайта көшіріп, қайта оқыған, сондай-ақ бұрынғы зерттеушілердің қателері түзетілген, түпнұсқа мәтінінің жаңа транскрипциясы, жаңа аудармасы жасалған, жаңа түсініктемесі берілген. Жартылай көшпелі дәуірдің тарихи-мәдени мұралары Атласта тегіс қарастырылып, олардың археологиялық сипаттамасы, фото, сызба суреттері тұңғыш рет толық берілген. Атлас тілші, тарихшы, этнограф, археолог, философ, әдебиетші және мәдениеттанушы мамандарға, сондай-ақ студенттерге, магистранттарға, аспиранттарға, ізденушілерге арналған. Айдана БЕГІМ