Еңбек нарығы ғаламат күйзелісті бастан өткеріп жатыр. Алдымен пандемияда біраз кәсіпорын жұмыссыз қаңтарылды. Бұған ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс қосылды. Ал биыл мобилизациядан қашқан жүздеген мың ресейлік мигрант елімізде орнығып, жұмыс табуға тырысуда. Әлеуметтік желіде «жергілікті жұмысшыларды қуып, орнына ресейлік мамандарды алды» деген шағымдар жетерлік. HR-мамандар мен бухгалтерлер мұны ішінара растайды. РФ жұмысшылары тартымды: салық-аударымдардан босатылған әрі оларға жалақыны жасырын, конвертпен төлей салуға болады. Отандық еңбек нарығында не болып жатыр? Еңбек «майданында» бәрі де тұрақты Қазақстан еңбек саласының биылғы қорытындыларын шығарды. Жасыратыны жоқ, еңбек нарығында түсініксіз, парадоксты жағдай қалыптасқан: бір жағынан шетелден қаптап мигранттар келді, алайда статистика бойынша жұмыс қолы керісінше, қысқарды. Республикада ресми мәлімет бойынша, жұмыс күшінің жалпы саны 9,3 миллион адам, соның ішінде жұмыспен қамтылғандары – 8,8 миллион. Сөйтіп, құзырлы органдардың статистикасына сенсек, жұмыссыздық кеміді. Яғни, ешқандай стресс, күйзеліс жоқ сияқты. Ресми статистика бұл саланы қағаз жүзінде «ұшпаққа шығарды». Онда ереуілдердің, еңбек дауларының, жұмыс берушілер төлемеген еңбекақы берешегінің артқаны еш көрініс бермеген. Еңбекминінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» (ЕРДО) АҚ бағалауынша, еңбек нарығындағы ахуал тұрақты. Биылғы үшінші тоқсан қорытындысында, өткен тоқсанмен салыстырғанда, жалпы жұмыс күші 4,4 мың адамға азайды. Дегенмен Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтушы деген санатты жоя алмады: олардың саны осы тоқсанда 4,6 мың адамға көбейіп, 2,1 миллионға жетті. Әкімдер мысалы, бұл қатарға екі-үш сиырын сауып, сүті мен қаймағын сататын отбасыларды да қосады. Тағы бір кереғар мәлімет: Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылдың қорытындысында Қазақстан халқының саны 19 млн 126 мыңдай болса, 2022 жылғы қарашада 19 млн 700 мыңнан асты. Демографиялық өсім салмақты. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда осы бір жыл ішінде жұмыс күшінің саны небәрі 12,1 мың адамға ғана өскен. Қалғандары қайда? Ол белгісіз. Әр орган өз статистикасын жөн санайды. Тұрақты жалақысы жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ауылда шоғырланыпты: 57%-ы сонда тұрады. Демек, ауыл-аймақ әлеуметтік кернеу ошағына айналуы тәуекелі зор. Мұны биылғы қаңтар оқиғалары растады. Содан бері салада ахуал өзгермеген: өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың шоғырлануы жөнінен антирейтингте жыл соңында да сол бұрынғыдай, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстары көш бастап тұр. Жалпы саны 751,2 мың немесе барлық өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 35%-ы соларда тұрады. Ал тұрақты еңбекақысы бар жалдамалы жұмыспен қамту көрсеткіші мегаполистерде, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облыстарында басым. Еңбекмині «өңірлерде жұмыссыздық деңгейі іс жүзінде өзгерген жоқ» деп отыр. Республика бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады: жұмыссыздар саны 450 мың адамға жуық. Бірқатар өңірде жұмыссыздық үлесі осыдан да жоғары: Маңғыстау облысында – 5,3%, Түркістан облысында – 5,3%, БҚО – 5%, Қызылорда облысында – 5%, Алматы және Шымкент қалаларында – 5%. Жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Ұлытау (4,1%) және Қарағанды (4,3%) облыстарында байқалды. Аспаздар ІТ маманына айналған заман Елімізде экономика салаларының қайсысы қазақстандықтарды жұмыспен көп қамтығаны анықталды: бұл рейтингтегі көш басында сауда секторы, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салалары орналасқан. Оларда жалпы саны шамамен 4,8 млн адам немесе елдегі барлық жұмыскердің 55%-ы табыс тауып отыр. Бір қызығы, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының ақпаратынша, биыл жұмыспен қамту бойынша ең көп өсімді (+4,8%) өнер, ойын-сауық, демалыс секторы паш етті. Себебі қарапайым: пандемияның беті қайтты, тойханалар ашылып, той-думандар көрігі қызды. Той-томалақ көркі саналатын асаба, биші, әнші, әртіс, түрлі өнерпаздар қайта дәуірледі. Жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша екінші тұғырға қоғамдық тамақтану орындары, яғни сол тойханалар, мейрамханалар, дәмхана-асханалар (+4,1%) көтерілді. Үштікті көлік саласы (+3,4%) тұйықтады. Өйткені биыл санкция қыспағына қалған Ресей аумағының оқшаулануына байланысты Қазақстан арқылы Каспий айдынымен жаһан нарығына жол тартатын транзиттік жүк көлемі күрт артты. Қынжылтатыны сол, экономикаға тірек болатын ірі өнеркәсіп салалары жаңа жұмыс орындарын құруда қуантарлық нәтиже көрсете алмады. Көп секторда жұмыс орындарының қысқаруы жалғасты. Мысалы, басқа қызмет көрсету салаларында жұмыс орындарының саны 4,8%-ға кеміді. Бұл үрдіс қаржы және сақтандыру қызметі салаларында күшейді: -5,6%. Энергетика саласында: -4,9%. Жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар жүргізу саласында: -5,4%. Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында: -4,6%. Тағы бір үрдіс-тенденция алаңдатады: жұмыс істейтіндердің табысы азаю үстінде.
«Тоқсан ішінде қазақстандықтардың орташа айлық атаулы жалақысы 4%-ға немесе 12,2 мың теңгеге азайды. III тоқсан қорытындысында ол 299,8 мың теңгені құрады. Дәстүрлі түрде республикалық деңгейден жоғары жалақы алатындар Атырау (527 мың теңге), Маңғыстау облыстарында (450 мың), Астана және Алматы қалаларында (389,5 мың және 338,6 мың), сондай-ақ Ұлытау облысында (394,7 мың) тұрады», – деді Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) басқарушы директоры Александра Молчановская.Жалпы, мал ұстап, такси айдап, басқа да жолдармен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар сыртында оларға ұқсас тағы бір топ пайда болды. Олар жеке кәсіпкер мәртебесінде немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен қызмет етеді, тұтас фриланс нарығын қалыптастырды. ЕРДО талдауына сәйкес, Қазақстанда 1 млн 49 мың фрилансер бар. Соның ішінде 228,3 мың адам үшін фриланс – табыстың негізгі көзі. Ал 820,5 мың адам фрилансер және жалдамалы қызметкер ретінде қатар жұмыс істеді. Арасында әсіресе, блогерлер, IT мамандары көп. [caption id="attachment_231880" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Цифрландыру жағдайында елде білікті IT мамандардың тапшылығы туындаған. Нәтижесінде, тіпті өзге мамандық иелері де ақпараттық технология маманы болып шыға келді. ЕРДО талдауына жүгінсек, бүгінде 69,5 мың ІТ маман қазақстандық кәсіпорындармен 84,1 мың электрондық еңбек келісімшартына отырған. Яғни, ІТ-мамандардың 21%-ы бір мезгілде бірнеше ұйымдарға онлайн, қашықтан жұмыс істейді. Оның қаншасы ресейлік релоканттар екені белгісіз. Осы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандарының орташа айлық жалақысы 516 мың теңге болды. Жоғары жалақысы бірнеше миллионға барады.
«Біз әдетте, қандай да бір саланың майталман маманы болу үшін оның оқуын ұзақ жыл оқу керек деп түсінеміз. Бірақ қазір әрбір адам университетте немесе колледжде біраз жылын сарп етпей, қысқамерзімді оқудан өткен соң IT маманы бола алады. Біз жүргізген талдау қорытындылары осыны көрсетті: адамның ІТ саласына ыңғайы болса, соны шын ұнатса, онда білікті маман болуы әбден мүмкін. Бүгінде елде жалдамалы IT мамандарының 56%-ы IT мамандығы бойынша оқу орындарында оқымаған! Олар қысқамерзімді дайындықтан, курстардан өтіп, мансаптарын сәтті түрде өзгерте алды. Олардың арасында неше түрлі кәсіп иелері, мысалы, тіпті аспаздар немесе балабақша тәрбиешілері бар, олар да қазіргі уақытта IT мамандарына айналып жатыр», – деді ЕРДО басшысы Александра Молчановская.Нарықта бәсеке қызды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев биылғы жылы жұмыссыздықпен күреске баса мән берілгенін айтады. Оның мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында Қазақстанда жалпы саны 764,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мәселен, Президент Қ.Тоқаев 10 мың халыққа шаққанда 100 жұмыс орнынан құру жөнінде бастама көтерген болатын. Қазақстанда 19,7 миллионнан астам адам бар десек, бұл бастама аясында жалпы саны 197 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. Осы орайда биылғы қаңтар-қазан айларында 261,3 мың адам жұмысқа орналастырылыпты. Мұның сыртында, жергілікті әкімдіктердің дерегінше, 10 ұлттық жобаны іске асыру арқасында тағы 230 мың, оның ішінде жаңадан құрылған жұмыс орындарына – 47,1 мың, субсидияланатын жұмыс орындарына – 161,5 мың адам жұмысқа тұрыпты. 21,4 мың адам кәсібін ашуға грант алған. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындарына – 273,5 мың адам өз бетінше немесе жұмыспен қамту орталықтары арқылы қол жеткізіпті. Вице-министр келесі жылы салаға серпін берілетініне назар аудартты: Президент тапсырмасымен, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытудың жаңа құралы, яғни 2,5% арзан микрокредит беріле бастайды. 2023 жылы 5,8 мың жасқа микрокредит беру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібі одағының басқарма төрағасы, Алматы желдеткіш зауытының қожайыны Марат Баққұлов әсіресе, инженер мамандар жетіспейтінін әңгімеледі. Ол керекті мамандарды университеттер қабырғасынан іздейді екен.
«Диплом қорғау рәсімдерінде байқағаным, инженер кәсібін игерушілер саны еселеп өсті. Алдыңғы жылдары 30-40 маман бітірсе, биыл 120-ға жетті. Білім, зердесіне қарай жастарымыздың деңгейі әртүрлі. Бұрынғы жылдары инженер мамандығын көбіне өзгесіне түсе алмағандар таңдайтын, осы жылы түлектердің білімі жоғары екенін сездім. Бәсекенің күшеюіне 2000-жылдарда басталған демографиялық дүмпу ықпал етсе керек. Демек, алда еңбек нарығына мыңдаған жігерлі, жұмысқа құштар жас мамандар тасқындайды. Бірақ оларға тәжірибе жинау керек. Нағыз проблема да осында жатыр», – деді М.Баққұлов.Тәжірибе жиған соң жалындаған жастар егде тартқан мамандарды ығыстыра бастауы мүмкін. Сондай-ақ зауыт иесі биыл мобилизациядан бас сауғалаған ресейлік мамандар арасынан үш инженерді жұмысқа алғанын хабарлады: қазақстандық мамандардың орнына емес, соларға қосымша алыпты. Өйткені алда олар шетелге кетіп қалуы мүмкін дейді. Оның бірі желдеткіштер өндіретін ресейлік белгілі зауыттың бас технологы. Ал енді бірі – ғарыш аппараттарын жасайтын атақты «Энергия» компаниясының технологы екен. Олардың осында жерсініп, зауыттағы жас мамандармен білім, тәжірибе бөліскені маңызды. Сондықтан М.Баққұлов елімізді паналаған шетелдіктерді қажетке жаратып, пайдаланып қалуға кеңес береді. Қорыта айтқанда, еңбек нарығында бәсеке күшейіп келеді. Әр маман қапы қалмаудың қамын жасағаны абзал.