«Қыз Жібек» пен Меруерт Өтекешова есімі қазақ үшін егіз ұғымға айналып кеткен. Сұлулық пен іңкәрліктің, адалдық пен парасаттылықтың нышаны. Тіпті, жылдар өтсе де, мөлдір махаббат символына айналған фильмнің көрермендері азайған жоқ. Себебі тарихи картинаның бас кейіпкерлерінің өмірі халықтың алдында өтті. Жақында еліміздің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешовамен әңгімелестік.
– Қазақ классикасына айналған «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына 50 жылдан асты. Әлі күнге дейін қанша рет көрсе де, көрермен жалықпайды. Дегенмен қазір дәл «Қыз Жібектей» бірегей фильмдер неге аз?
– Қазір тарихи кинолар көп түсіріліп жатыр. Бірегей фильм жоқ деп айтуға болмайды. Себебі заман да, қоғам да басқаша. Қазақ хандығы жайлы түсіріліп жүрген кинолар маған ұнайды. Әсіресе, режиссерлердің ізденістері байқалды. Мұндай фильмдерді көптеп түсіруіміз керек. Жастар фильмдер арқылы халқымыздың тарихымен танысады. Қазір барлық адам бірдей кітап оқиды деп айта алмаймын. Олар кітап оқығаннан гөрі, кино қарағанды жақсы көреді. Ендеше біз салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды тек кино арқылы таныта аламыз. «Қыз Жібекті» Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша мықты режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов түсірді. Сондықтан да «Қыз Жібек» фильмі жайлы әңгіме болғанда, кинокартинаның режиссері Сұлтан аға жайлы, ал жалпы өнерге, қазақ өнеріне еңбек сіңірген Қожықовтар туралы айтпай кетуге болмас. Сонау тарихы тереңде жатқан сәулет өнерінің, бейнелеу өнерінің насихаттаушысы, аса жетік меңгерген әрі осы әулеттен шыққан Сұлтан ағаның соғыста жараланып, елге оралуы «Мосфильмнің» Алматыға қоныс аударуымен тұспа-тұс келеді. «Абай әні» фильміндегі «Толағай» әнінің эскизін жасаған үлкен ағасы Құлахметтің ақылымен киноға бет бұрса керек. «Мәскеудегі С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік ұлттық кинематография институтының режиссерлік бөліміне оқуға түс, кең көлемді фильм түсірейік», – деп ақыл айтып, жол көрсетеді. Ол заман ұлттық нақыштағы кинофильм жоқтың қасы. Тіпті, ұлттық өнер деген терминнің өзі де айтыла бермейді. Ал халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа негізделген аңыз жыр-дастандар жеткілікті. Не істеу керек? Осы идеямен сол кездегі мәдениет министрі Ілияс Омаровқа ұсыныс жасап, халықтық мұраның алтын жәдігері – «Қыз Жібек» эпосының желісімен кино түсіру де осы азаматтардан бастау алғанын біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. «Қыз Жібек» тек махаббат жайлы кино емес. Фильмнің астарында терең философия мен халқымыздың бай тарихы жатыр. «Қыз Жібекке» сол кездегі ең мықты актерлер мен өнер иелері атсалысты. Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли ағаларымыздың да фильмге үлес қосқаны – киноны классикаға айналдырды. Осылайша, фильм қаншама өнер иелерінің жолын ашты. «Қыз Жібек» тек Қазақстанға танымал болған жоқ. Фильмді шетелдер де сатып алып жатты. Осы арқылы әлем елдері қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысты. Өзім де «Қыз Жібекті» қайталап жүз рет көрдім. Фильм жайлы әлі де ұзақ айтуға болады. Кинотанушылар да «Қыз Жібекті» елу жыл өтсе де, неге халық жалықпай көреді?» деп айтып жүр. Зерттеп жатқандар да баршылық. Менің ойымша, оның бір ғана сыры – киноның тәрбиелік мәнінің жоғарылығында.
– Сонда фильм басқа елдерде де көрсетілген бе? Шетелдіктер «Қыз Жібекті» қалай бағалады?
– БАМ-да (Байкал Амур Магистралі) болдық. Шығыс Сібірді араладық. Амурдағы Комсомолда, тағы басқа жерлерде болдық. Тблисидегі бүкілодақтық кинофестивальде біздің фильм жүлде алды. Осы қалада фильмнің үздік суретшісі ретінде Гүлфайруз Ысмайылова апамыз марапатталды. Димаш Ахметұлының бір баяндамасында «Қыз Жібек» фильмінен 100 миллион сомнан артық табыс түскені айтылады. Қазақ халқы бұл фильмді үлкен махаббатпен көрді, әлі күнге дейін көріп жатыр. Одаққа тарады. Комсомол пойызымен БАМ-ға кездесуге барғанымда, орыс ұлтының өкілі маған бір банкі қара уылдырық сыйға тартты. «Қазақ деген халықтың бар екеніне таңғалып тұрмын», – деді ол. Фильм шетелдерге көп сатылды. Оның қысқарған себебі де сол. Талап бойынша екі сериялы фильм 2 сағат 20 минуттай болуы керек. «Қыз Жібектің» толық нұсқасы 2 сағат 35 минут еді. Режиссер Сұлтан Қожықов жылап отырып, 20 минутқа жуық лентаны қиды ғой. Содан инфарк та алды. Қиылғаннан кейін, фильмнің аяғы бітпей қалғандай болды. Ең қиыны, бірінші сериядан соң басталғаны. Екіншісіне қаржы жоқ деген. Не істеу керек? Сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында түсіру тобымен баспасөз мәслихаты өткені есімде. Біз тілшілерге өз мәселемізді жеткіздік. Арада бірсыпыра уақыт өте келе толассыз хаттар келе бастады. Жұртшылық «Егер мемлекет ақша бермесе, біз өзіміз жинаймыз» деп үн қосты. Сол кездегі басшымыз Дінмұхаммед Қонаевқа алғысымыз шексіз. Мәскеумен хабарласып, алдағы фильмнің жалғасы үшін қаржы бөлуге рұқсат алды. Сол кезде басшылықтағылардың көбі «Тоқтатыңдар, бір серия жетеді!» деп байбалам салған. Жатқан жері жайлы болсын, Ілияс Омаров та «Тек, осы актерлер ғана түсуі тиіс» деп табандылық танытты.
Өмір сүрген сайын үйренесің...
– Қыз Жібек жарыққа шыққан кезде сіз небәрі 17 жаста едіңіз. Кинодан кейінгі өміріңіз қалай өзгерді? Жас қызға бүкіл Кеңес Одағына танымал болу қиын соқпады ма?
– Жоқ. Танымал болдым деген сенім ойыма да кірмепті. Ол кезде оныншы класты бітірген кезім еді. Кинодан кейін бір жылдан соң Құрманғазы атындағы Өнер институтына түстім. Сол кезде комиссия «Сен Қыз Жібекті ойнадың ғой» деп қараған жоқ. Барлық студенттер емтиханды қалай тапсырса, мен де солай тапсырдым. Кейбірі «Ой, оған жеңілдік жасаған шығар» деп ойласа ойлаған шығар. Бірақ шындық – осы. Хадиша Бөкеева – менің ұстазым. Құман ағаңыз екеуміз де сол кісінің шәкірттеріміз. Ал «Қыз Жібекті» ойнаған кезде менде актерлік білім болған жоқ. Құдайдың берген болмысымен ойнап шықтым. Режиссерлер мен жанымдағы серіктестеріммен дайындалдық. Фильм үшін бірнеше кітап та оқыдым. Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын, актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып барсам, толған қыздар… Шеттерінен бәрі әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?..» деп ойлап қоямын. Бір қызығы, олардың бірен-саранын есептемегенде, көпшілігі іріктеудің екінші кезеңіне де өткен жоқ. Кейін режиссерден білгенімдей, келген 400-ге жуық қыздың жүзі көрікті болғанымен, жүректерінде өнерге деген сүйіспеншілік аз екен. Оның үстіне, тапсырылған рөлді өз деңгейінде ойнап шығуға біразының қабілет-қарымы жетпеген деседі. Содан болар, шығармашылық топтағы өнер иелерінің көпшілігі менің қабылданғанымды қалап, сабақты ине сәтімен демекші, көп ұзамай Жібектің рөліне бекітілдім. Көркемдік кеңес алғашында мені жас деп екіұдай ойда болғаны рас. Ал Сұлтан Қожықов ағамыз жас болсам да маған сенді. Бұл сенімнің астарын мен кейіннен түсіндім. «Қыз Жібек пен Төлегенді тәжірибелі актерлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалындаған жастар ойнауы керек» деген Сұлтан ағамыздың сөзі есімде. Артылған сенімнің жүгі ауыр, әлбетте. Сондықтан кино барысында бар қарым-қабілетімізді көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөлендік.