Эмоция және ғажайып
Эмоция және ғажайып
463
оқылды
Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты аяқталуға жақын. Жартылай финалға шыққан төрт құраманың алдында екі асу бар. Бірақ жеңіс тұғырынан кім көрінетінін дөп басып айту қиын. Өйткені осы мундиальда күтпеген нәтиже тіркеліп, жаңа есімдер жарқырап жатыр. Осыған қарағанда біршама ойыншыға Еуропа есігін айқара ашатын сыңайлы. Бір күлдіріп, бір жылатқан Иә, ширек финалда Бразилия мен Хорватияның жолы түйісті. Сонда жұрт басымдықты латынамерикалықтарға берген-ді. Десе де, хорваттар мінезді команда екенін дәлелдеді. Экстра-таймда Неймар соққан голға әдемі жауап беріп, пенальти сериясын «ашық» деп жариялады. Пенальти теуіп үйреніп қалған құрама сыр берген жоқ. Жік шығармай орындап, Тьяго Сильва бастаған жігіттерді отанына кері қайтарды. Осыдан кейін Хорватияның мінезі мен шыдамына таңданғандар жетерлік. Өйткені пенальти сериясында «Бэйкер, бармысың?» дегендей, қақпаға тура соққы бағыттағанынан-ақ қарсылас тіксініп қалды. Осылайша, Хорватия құрамасы екі әлем чемпионаты қатарынан жартылай финалға жолдама алды. Неймар Ал көпшілік Ниндерланд–Аргентина матчында мүмкіндік тең деп баға берген-ді. Тіпті, кейбір сарапшылар Луи Ван Гал командасы қарсыласын қапы қалдырарын болжаған. Алайда ойын басқаша өрбіді. Бір қарағанда Аргентина еркін көсіліп жүргендей әсер қалдырса, тағы бірде Нидерланд доп бермейтіндей көрінді. Сөйтіп жүргенде, альбиселесте екі доп айырмасымен алға шыққан-ды. Алайда Ван Дейк бастаған жігіттер жұлып алғандай матч соңында гол соғып, ойын экстра-таймға жалғасты. Жалпы, ойын бас-аяғы екі жарым сағатқа созылып, пенальти сериясы нүктесін қойды. 3:4 есебімен Аргентина басты жүлдеге екі қадам жақындады. Осылайша, Аргентина мен Хорватия финал жолдамасын сарапқа салады. Спорт комментаторы Жандос Байділдәнің айтуынша, хорваттар мен экстра-тайм үйреншікті ұғымға айналғандай. Аргентинада да басымдық жоқ емес. Сондықтан ол матчқа екі түрлі болжам жасады. Месси «Аргентина – Хорватия жұбына келсек, альбиселесте жартылай финалға экстра-тайм арқылы шықты. Хорватия болса бұған дейін екі пенальти сериясын еңсерді. Олар соңына дейін шыдап, күресе алатын команда екенін дәлелдеді. Оған қоса, өткен әлем чемпионатында финалда доп тепті. Яғни, финалдың дәмін біледі. Аргентинаға қарағанда тәжірибе басым. Ал ақ-көк жейдедегі жігіттер де аянып қалмасы анық. Менің ойымша, Месси бастаған команда ойын бойынша басымдыққа ие болады. Себебі Мессидің мундиальдағы ойыны жүріп тұр. Осы тұста хорваттардың қорғанысы мен орталық шебі мықты екенін ұмытпаған жөн. Байқасаңыз, Хорватияның негізгі құрамында сегіз ойыншы үнемі алаңға шығады. Атап айтсақ, төрт қорғаушы, үш жартылай қорғаушы және қақпашы. Өз кезегінде бұлар позициясында барынша қателік жібермеуге тырысады. Сондықтан Аргентинаға аздаған басымдық беремін. Бірақ оңай ойын болмайды, тіпті экстра-таймға дейін жалғасуы мүмкін. Ал матч тағдырын пенальти шешетін болса, басымдық хорваттар жағына өтеді. Өйткені олар бұл көрсеткіш бойынша мықты», – дейді спорт комментаторы. Әдемі ертегі аяқтала ма? Қызығы, ширек финалда бір топтан шыққан екі құрама доп депті. Соның бірі – Марокко. Әлем чемпионатына дейін бұл команданың жартылай финалға дейін баратынына тек Это’о ғана сенген-ді. Футболды эмоция мен ғажайып деп алсақ, Мароккода осының екеуі де бар. Әуелде Хорватия мен Бельгиясы бар топтан қара құрлық өкілдерінің шығатынын ешкім болжамады, білем. Сарапшылар мұның өзін баққа балады. Плей-офф кезеңінде Испаниямен жұп атанарда «жігіттер осы жерден қайтады-ау» десті. Бірақ қара маржандар аладопта сенсация әлі өлмегенін еске түсіріп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Энрикенің жас саңлақтарын жолда қалдырып, ширек финал қайдасыңға басты. Осыдан-ақ әлем назары Марокко құрамасына түсіп, олар жайында аңызға бергісіз ақпарат ел ішін кезіп кетті. Бұл аз дегенде ширек финалда португалдарға жұп болып, оларды да айналып өтті. Қорғаныста сақ қимылдап, Португалия қырандарын жартылай финалда ойнап жүрген қиялынан бір сәтте жерге түсірді. Түсірді де, тарихта Африка құрлығынан мундиальдың жартылай финалында доп тебетін алғашқы команда атанды. Ендігі сұрақ: әдемі ертегі аяқтала ма? фудболшы мен анасы Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, Марокконың жартылай финалдағы қарсыласы Франция жайын қозғасақ. Айта кетерлігі, әлем чемпионатында тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатқанның бірі – француздар. Топтық кезеңде Туниске жол берді демесеңіз, әуелгі қарқыннан тайған жоқ. Плей-оффта Польшаны бұйым көрмеген олар ширек финалда Англиямен де абдырамай ойнады. Саутгейттің жігіттері қорғаныста сәтті өнер көрсетіп, Мбаппенің аяғын тұсағанымен, командада Жиру барын естен шығарса керек. Өз кезегінде Кейн де есепті теңестірер (1:2) шақта пенальтиден мүлт кетті. Сонымен, «Францияны бір тоқтатса, Англия тоқтатар» деген болжамның күлі көкке ұшты. Ал ертегіге келсек, әуесқой спорт шолушысы Қанат Байұзақтың ойынша, Марокконың жартылай финалға жетуіне орналасқан жері мен климат ерекшелігі жәрдемдескен. Оның айтуынша, Хорватия мен Марокконың бір келген мүмкіндікті голға айналдыруы – психология мен шеберліктің керемет үйлесімі. «Бастапқыда мамандар Бензема, Нкуку, Канте секілді мықты ойыншысынан айырылған Францияның болашағын бұлыңғыр дескен. Алайда осы қарқынынан таймаса, екі мәрте қатарынан чемпион атанған Бразилия, Италияның жолын қайталауы әбден мүмкін», – дейді ол. Катар 2022 «Жартылай финалда «не бел кетеді, не белбеу кетеді». Менің пікірімше, төрт команда да барын салады. «Мынау фаворит, мынау аутсайдер» деу қателік. Өйткені бәрінде мотивация басым. Сондықтан төрт команданы да финалда елестетуге толық негіз бар. Мысалы, Марокко тарихында тұңғыш рет жартылай финалға шықты. Олардың финалда өнер көрсеткісі келері хақ. Бірақ Марокко қанша қорғаныста мықты ойнайды дегенмен, Франция саңылау тауып алатын секілді. Мұны Англиямен ойында көрдік. Сондықтан Марокко құрамасын қиын матч күтіп тұр. Оның үстіне, Франция бұл құраманың осал тұсын, басымдығын барынша зерттейді. 2018 жылғы әлем чемпиондары финалға біртабан жақын деп ойлаймын», – деді комментатор Жандос Байділдә. Дегенмен Марокко ел жүрегінен орын алды. Себебі ширек финалға жолдама алғандағы Хакимиді анасының емірене сүйгені, жартылай финалға өткендегі Боуфалдың жеңісті алаңда анасымен бірге тойлауы жан толқытады. Расымен, Африка құрлығында халықтың жағдайы мәз емес. Ашраф өз сөзінде әкесінің көше сыпыратынын, анасының үй тазалайтынын айтқан-ды. Өмір сүру үшін аянбаған отбасына жеңісімен жігер бергісі келетінін жасырмады. Ал «Челси» сапындағы Зиеш болса, 2015 жылдан бері ұлттық құрамадан алатын бонус өлшеміндегі табысын тұрмысы төмен марокколықтарға таратып береді. Құрамадағы қайсыбірінің хикаясын алып қарасаңыз да ертегі дерсіз. Сондықтан әлем жанкүйерлері ертегінің жалғасқанын қалағанымен, Франция бұған мүмкіндік бере ме екен?

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ